Қазіргі таңда адамзат үшін электр энергиясы өмір сүрудің маңызды факторлерінің біріне айналғалы біршама уақыт өтті. Бүгінгі жастар электр энергиясынсыз өмірді елестете де алмайтын шығар. Елімізде электр энергиясын пайдалану жылына 5-7 пайызға ұлғайып келеді дегенді естіп жатырмыз. Содан болар, энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өңірлерде электр энергиясымен қамтамасыз етуде тапшылық байқалады. Еліміз бойынша электр энергиясының тапшылығы 1,3 ГВт. құрап отыр. Өйткені, соңғы 30-40 жылда Қазақстанда бірде-бір электр станциясы салынған жоқ. Жұмыс істеп тұрған станциялардың құрылғылары әбден ескірген. Осы орайда, үкімет атом электр станциясының құрылысын салуды жоспарлап, бүкілхалықтық референдум өткізбекші, яғни халықтың рұқсатын алмақшы екен. Минэнергоның мәлімдеуінше, атом электр станциясын салу – еліміздің экономикасын дамыту, электр энергиясын тұтынуға байланысты өсіп келе жатқан қажеттіліктерді толықтыру және де электр станцияларында көмір отынын пайдалануды азайтуға байланысты туындайтын энергетикалық тұрақтылықты сақтап қалу үшін қажет болып отыр. Мен де осы мәселеге өз пікірімді білдірмекшімін.
Қазіргі пайдаланып жатқандай неге көмір жағатын электр станция салмаймыз? Менің ойымша, көмір пайдаланатын станциялар салу бүгінгі таңда тиімсіз, ескірген технология. Атом электр станциясына қарағанда қуаты аз. Екіншіден, қоршаған ортаға өте зиянды. Мысалы, мен жұмыс істеген 3-жылу электр орталығында жылу маусымында тәулігіне 3600 тонна немесе 60 вагон көмір жағылады. Көмір Екібастұз көмір кенішінен 1500 шақырым қашықтан тасымалданады. Көмірдің 40 пайызынан астамы күлге айналып, оны орналастыру үшін жыл сайын ондаған гектар жер жарамсыз болады. Көмірдің құрамындағы улы газдар ауаға тарап, экологияның бұзылуына себепші болады, адамға, жан-жануарлар мен қоршаған ортаға зияны бары дәлелденген.
Ал, газ күшін пайдаланатын электр станциясын салу – сол газдың тапшылығына байланысты іске аспайды. Сондықтан, мен атом электр станциясын салу тығырықтан шығудың жолы деп есептеймін, әрі, Қазақстанда атом энергиясын игеріп, пайдаланатын энергетик кадрлар даярланады деп сенемін.
Десек те, осы АЭС-ке қарсы пікірлер бар екенін білеміз. Чернобыль, Фукусима атом электростанцияларындағы болған апатты жағдайды алға тартып, қауіпті екенін алға тартады. Чернобыльде техникалық қызметкерлер қателесіп, апатты өздері жасап алды. Жапонияда станция жер сілкінісінен зардап шекті.
Әлемде бүгінгі таңда 32 мемлекетте жалпы қуаты 391 ГВт құрайтын 439 реактор жұмыс істеп тұр. 19 елде жалпы қуаты 55 ГВт 52 реактор салынып жатыр. Мысалы, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Түркия алғашқы атом электр станцияларын салуда. Көршілеріміз Өзбекістан да сондай шешім қабылдаған сияқты. Жоғарыдағы аталған елдердің халқы тарапынан қарсылық білдіру байқалмайды.
«Самұрық -Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом станциялары» ЖШС-ның таратқан ақпаратына сүйенсек, АЭС құрылысын несие алу арқылы немесе коммерциялық жоба аясында 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды пайдалану қарастырылуда. Өйткені, олардың қауіпсіздігі жоғары деңгейде көрінеді. Бұл талаптарға Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары сай келіп отыр.
Дана бабаларымыздың: «Көз қорқақ – қол батыр» – дегеніндей, көш соңында қалып қоймас үшін, елімізде озық технология игерген кадрлар пайда болсын десек, референдумда АЭС салуды жақтап дауыс беруіміз керек деп ойлаймын. Ал, қандай реакторға басымдық беру, қай жерде орналастыру мәселелерін мамандарға тапсырсақ. Бұл менің өз пайымдауым.
Ғ.Б. Сүйіндіков,
Іле ауданының Құрметті энергетигі