2024-2025 оқу жылында өңірде 1747 білім беру мекемесі жұмыс істейді, олардың ішінде 473 жалпы білім беретін мектеп, 1161 мектепке дейінгі мекеме, 40 колледж және 33 қосымша білім беру ұйымы бар. Жаңа оқу жылында 351 796 оқушы білім алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Бұл мәліметтерді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысының Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы тарқатты.
Алматы облысының Білім басқармасы басшысы Салтанат Дауыспекқызының
айтуынша, оқу сапасын арттыру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл 73 мектеп жаңа модификациядағы пән кабинеттерімен жабдықталды. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, 22 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Алматы облысының Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ержан Сапарұлының айтуынша, оқу нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы 6 талап бойынша тексерілген. Атап айтсақ, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының аяқталуы, білім ордаларының қауіпсіздігі, санитарлық тораптардың болуы, спорт залдары мен асханалардың, жаңа модификациядағы пәндік кабинеттердің және робототехника кабинеттерінің болуы, білім беру ұйымдарында интернет желісінің қолжетімділігі тексерілді.
«Біз білім сапасын арттыру мақсатында биыл 430 мектепке бірқатар мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Бұл мониторинг нәтижелері бізге аймақтағы білім беру деңгейін жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Ержан Сапарұлы.
Спикердің айтуынша, өңірде мектептердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Барлық мектептерде бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және турникеттер орнатылып, 117 мектеп полицияның жедел диспетчерлік пункттеріне қосылған.