Жайнатып, күлдіріп жаз да өте шықты деуге болады. Тамылжыған тамыздың қақ ортасында Қонаев қаласында әдеттегідей ұстаздар қауымының бас қосып, өткенді саралап, алдағыға жоспар құратын конференциясы өтті. Басқосуға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры, Алматы облысы бойынша «Өрлеу» ҰБАО филиалы, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Мәслихат төрағасы мен депутаттар, Басқарма және департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, ата-аналар комитетінің мүшесі, кәсіподақ комитеті, ардагер-ұстаздар, аудандар мен қала бойынша білім бөлімдері басшылары, әдістемелік орталық әдіскерлері және облыс педагогтері шақырылды. Конференция пленарлық сессиясына 200 адам қатысса, Есік қаласындағы панельдік сессияға 460 адам, ал Online режимінде youtube каналы арқылы тікелей трансляцияға 20 мыңға жуық педагог тартылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым басшылық етіп, жүргізіп отырды.
Басқосу облыстық Білім бөлімінің басшысы Салтанат Беспаеваның баяндамасымен ашылды. Салтанат Дауыспекқызы: «Өздеріңізге белгілі, білім саласы – бүкіл бір елдің тағдырына әсер ететін, мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына кепіл болатын маңызды сала. Осы ұлы жолда еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімді жаңа міндеттер жүктейтін оқу жылының басталуымен құттықтаймын.
Бүгінгі күнге дейін білім беру саласының барлық бағыттары бойынша панельдік сессиялар өтіп, 2024-2025 оқу жылының ерекшеліктері таныстырылды және білім берудің өзекті мәселері жан-жақты талқыланды.
Сіздердің секция отырыстарында көтерген маңызды проблемаларыңыз бен білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріліп, бірлесе табысты жұмыс жасайтынымызға сенімдімін.
Ұстаз – қашан да жаңалықтың жаршысы. Ол заманмен бірге дамып, адам баласын өз заманындағы ең қажетті біліммен, білікпен қаруландырады. Ал, қазіргі қарқынды дамып жатқан заманда жастарымызға сандық технологияларды жете пайдалануды үйрету – білім қызметкерлері алдындағы маңызды міндет.
Республика бойынша тамыз кеңесінің «Сандық Қазақстан: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өтуі де бұл міндеттің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Сандық технологияларды қолдана білу – болашақта адам өміріндегі ең басты дағды болмақ. Тіпті бүгінгі күннің өзінде сандық технологияларды, автоматтандырылған жүйелерді қолдана алмау адамның өмір сүру сапасын төмендетіп, мүмкіндіктерін шектеп отырғандығын көріп отырмыз.
Сондықтан, әр маман өз құзыры шегінде шәкірттер бойында сандық дағдыларды қалыптастыру жұмыстарын үзбей жүргізуі тиіс. Ол үшін қазіргі заманда ұстаз барлық сандық технология саласындағы жаңашылдықтарды бірінші болып тез үйреніп, балаға жеткізетіндей болу керек және сабақтар мен сабақтан тыс шараларда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға деген талпыныс қажет.
Қазіргі күннен-күнге қарқынды дамып жатқан заманда баланы бұл технологияларды өзіміз игермей, білім мен ғылымға қызықтыру мүмкін емес. Сонымен қатар, Абай атамыз көрегендікпен айтқандай, ғылымның, ақыл мен қайраттың да екінші жағы барын бала тәрбиесінде әсте есте ұстауымыз қажет. Біз балаларға білім берумен қатар, ақпараттық кеңістікте абай болуды, жақсы мен жаманды айыра алуды да үйретуіміз керек.
Облыста білім саласында жыл бойы ауқымды шаралар өткізіп, бірқатар көрсеткіштерге қол жеткіздік. Әрине, шешілмеген мәселелер де бар, бірақ қазіргі уақытта тиісті шаралар қабылдануда. Бүгін осы проблемалық сұрақтарға, атқарылған жұмыстарға, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер, – деп бір тоқтады. Ары қарай, баяндама барысында, өңірдің білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер, саланың кейбір қызметкерлері тарапынан кеткен кемшіліктер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, білім сапасы, тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттер жайындағы мәліметтер келтірілді. Біліммен қатар тәрбиені де ұмытпау керектігі ескертіліп, замана ағымы мен талабына сәйкес сандық технологияны игеру қажеттігі де тілге тиек етілді.
Сонымен қатар Алматы облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Е.Жиренбай, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академияның вице-президенті Р.Қаратабанов, облыстық Бала құқығы жөніндегі уәкіл, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» ҚҚ директоры А.Есімбекова, Іле ауданындағы №38 мектеп-гимназияның директоры Г.Асқарбаева, «BILIM INVEST» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті, Талғар ауданы «Еркем-Ай Алматы» бөбекжай-балабақшасының құрылтайшысы К.Батырбековалар өзді-өз салалары бойынша баяндамалар жасады.
Баяндамашыларға баяндама барысында бірқатар жетекші сұрақтар қойып отырып, айтылған өтініштерін тыңдап алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, облыстық әкімдік тарапынан білім саласына жасалып жатқан жақсылықтарға тоқталып, көрсетіліп отырған қамқорлықтар мен жіберіліп жатқан кемшіліктерді де тізіп өтті. Сондай-ақ бизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мониторингті пайдаланып, бас пайдасын күйттеп кеткендерге қатысты да көрілген шараларды жиналғандар назарына ұсынды.
Облыс әкімі: «Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы тамыз кеңесі қазіргі білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлық технологияларды қолдануды дамыту тақырыбында өтіп отыр. Аталған мәселе өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен педагогтар съезінде кең көлемде көтерілген еді.
Президент «Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет» деп, елімізді дамытудың негізгі жолын айқындады.
Еліміздің дамуы үшін балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазірде еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде.
Көптеген салаға жасанды интеллект еніп келеді. Бұл үдеріс жылдан жылға қарқын ала беретіні сөзсіз.
Сандық технологияларды игерудің бірден-бір басты құралы – компьютерлік техника.
Сандық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар басқармасы арқылы аталған жағдайлардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаларға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүргізіліп отырады.
Бүгінде біздің үлгіде Түркістан облысы жұмысын бастады және жалпы Қазақстан бойынша көшу қарастырылуда. Бұл мәселенің маңыздылығын педагогтар, әсіресе, мектепке дейінгі ұйым педагогтары жете түсінуі тиіс.
Биометрия әдісін енгізуді мемлекет алдында өз ісін адал, таза атқарып жүрген жекеменшік балабақшалар бірден қолдады. Аталған кәсіпкерлер бүгін осы залда отыр деп ойлаймын. Сіздерге алғысымды білдіремін.
Алайда, бұл іске көп жекеменшік балабақшалар қарсылық танытты.
Менің айтарым, бұл заман талабы, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға ешкімнің құқы жоқ.
Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, жекеменшік балабақшалар толық тексеріледі және заң алдында жауап беретін болады. Бүгін осы залда отырған құқық қорғау органдары тарапынан осы мәселе барлық кәсіпкерлік нысандарына жеткізілуі тиіс.
Жекеменшік балалақшалардағы келесі проблема – тәрбиеші-педагогтардың білімі мен біліктілігінің төмендігі. Қазіргі кезде жалпы республика бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілігінің төмендігі, психологиялық тұрақсыздығы салдарынан балаларға қатысты түрлі жағдайлар орын алуда.
Сондықтан, жекеменшік балабақшаларға педагогтардың білімі мен жауапкершіліктерін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырамын, – деп баса көрсетті.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев білім беру саласындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп немесе жаңадан салынып жатқан нысандар мен жұмыстарға да тоқталып өтті. Өңір басшысы: «Қазіргі кезде тұрғындар осы нысандардың жөндеу жұмыстарының жүру барысына наразы. Себебі, мұның артында біріншіден, баланың білім алуының, екіншіден, ата-ананың бала үшін алаңдауы мен ұстаздар қызметінің қолайсыздығы мәселесі тұр.
Бүгінде біз аталған проблеманы шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз.
Дегенмен, мемлекеттік қызметкер болғандықтан, мәселенің қолданыстағы заң аясында шешілетіндігін жеткізгім келеді.
Сол себепті, прокуратура, құқық қорғау органдары өз ісіне салғырттық танытып, міндеттемелерін орындамай отырған мердігерлердің әрекеттерін толық бақылауға алып, заң аясында жауапқа тартуды қарастыру қажет.
Сонымен қатар, білім, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Жайлы мектептер» құрылыстарының барысын тұрақты түрде қадағалауды тапсырамын.
Білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуы үшін аталған жұмыс осы саланың нағыз мамандарына – құрылыс басқармасына өткізілді, – деп атап көрсетті.
Конференция жұмысы аяқталған соң, басқосуда айтылған жайттар мен көтерілген мәселелер және ортаға тасталған ұсыныстар негізінде «Digital Kazakhstan: замануи білім беру» білім беру саласы қызметкерлерінің бірыңғай республикалық Тамыз кеңесінің қарары қабылданды.
Кеңес жұмысын өңір педагогтарының ішінде үздік еңбектерімен танылған сала қызметкерлерін марапаттау салтанаты аяқтады. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстағы білім саласының өркендеуіне зор үлес қосқан 11 ұстазды облыс Әкімінің Құрмет грамотасымен, 19 мұғалімді Алғыс хатымен және 10 педагогты «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, 20 педагогты «Еңбек ардагері», 18 ұстазды «Білім беру ісінің үздігі» медальдарымен марапаттап, ұстаздар қауымына алғыс білдірді.
Бұдан бөлек облыс әкімінің бастамасымен «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында кәсіподақ ұйымдары және облыс ұстаздарының қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушісі МаринаКудашоваға баспана алу үшін 30,0 млн. теңге сертификаты табысталды.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы