Халқымызда «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деген қуақылау мәтел бар. Бұл өзі, үңіле қарасақ, шатқаяқтанған шаруасын енді реттедім-ау дегенде тағы бір күрмеулі мәселе көлденеңдеген жанның шарасыздығын аңғартатын түймесөз.
Елімізде мопед, скутер және солармен «туыстас» тырылдақтардың әлегін, қыршынынан қиылған жастар өлімін немесе мертігуін тоқтату үшін арнайы заң қабылданғаны баршаға мәлім. Енді, міне, таяуда ғана аталған заң аясында электрлі велосипедтерді де құқығы бар адамның ғана тізгіндеуіне рұқсат ететін әрі мектеп жасындағы балалардың электросипед руліне отыруына тыйым салатын өзгертулер күшіне енді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген «Жол жүрісі қағидаларында» «шайтанарбаға» қатысты ережелер мен анықтамалар берілген. Осы баршамызға ежелден таныс велосипедке қатысты нұсқамаларға кейінгі енгізілген өзгертулерге сәйкес, ендігі жерде ол электрлі бола ма, қарапайым бола ма, осы тәртіпке бағынуға тиіспіз.
Жарайды, бұл мәселеге сәлден кейін бұрыламыз. Қазір біз сөз басындағы келтірген мысалымыздың мәнісіне келейік. Біз мопед, скутер, сигвей, самокат деп жүргенде Қытайыңызда жалпыбұқаралық қолданысқа чемодан түріндегі самокаттың қолданысқа еніп кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қуануымыз керек пе, қызығуымыз керек пе? Оларда тіпті мұндай жеке көлік түрінің ересектерге және балаларға арналған делінетін түрлеріне дейін бар көрінеді. Елімізге бұл жеке көлік түрі келіп үлгерді ме, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлімдеу. Саяхаттай келген біреулерден, оның өзі саусақпен санарлықтай шетелдіктерден болмаса, кезіктіру қиын-ақ. Ал солтүстіктегі көршіміздің көшелерінде бұл құрал ойқастай бастағалы олардың да бас ауруының біріне айналып үлгерген. Өйткені Ресей қалаларының тұрғындары электрлі самокатқа, ал самокатшылар көше қозғалысының күйбеңіне бой үйретіп үлгермей жатып, күн тәртібіне жеке мобильділік құралының жаңа түрі – чемокаттар пайда болған. Бұл – электрлі самокатпен біріктірілген чемодан немесе, егер сіздерге осылай атау қолайлы болса, доңғалақты чемодан түріндегі самокат.
Осы тұста чемокаттың кәдімгі электрлі самокаттан нендей айырмашылығы және одан жүргіншіге төнер қандай қауіп барын бағамдап көрелік. Аталып отырған жап-жаңа «ойыншық» әжептәуір қымбат – 450 мыңнан кемі жоқ әрі көбінесе 550 мың теңгеден қымбат болып кездеседі. Сонымен қатар сатылымда небәрі бірнеше үлгісі ғана бар. Бұл жерде барлығының да Қытайда жасалғандығын түсіндіріп жату артық болар? Бес қадам жерден қай жерін қарау керектігін білмесең, чемокатты әдеттегі чемоданнан айыру қиын, корпусы қатты пластиктен, тұтқасы, құлпы, дөңгелектері бар. Алайда қажет болған жағдайда бос кездегі салмағы 10-18 келі тартатын бұл «багаждық зат» шағын, аса қуатты емес, бірақ толық, онда да кәдімгі отыратын орындығы бар самокатқа айналып шыға келеді. Чемокаттың негізгі құрамдас бөліктері стандартты, бірақ өте жоғары санаттағы самокаттікі. Өйткені аса жинақы етіп жасалғандықтан, салыстырмалы түрде қуаттылығы айта қаларлықтай жоғары. Мұның ішінде, әрине, тартым күшін беретін әжептәуір салмағы бар аккумулятор болады. Бірақ мұның аккумуляторы самокаттікіне қарағанда шағындау, әйтпесе құрылғы кәдеге аспай қалар еді. Сол көлеміне қарай жүріс қоры да аз, шамамен жиырма шақырымдай ғана. Әуел баста бұл бұйым бекеттер мен әуежайларға арналған көлік ретінде танымал болған. Осы заманғы авиахабтарда мініс қақпаларының арасы бірнеше шақырымдарға созылатындықтан, өздігінен жүретін жүк арбасы жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие. Тұтастай алғанда, параметрлеріне қарап бағамдар болсақ, ең жоғары жылдамдығы 10 шақырым/сағатқа жетеді, ал жүріс қоры әуежай ішінде қолдануға есептелген. Ал мәселе неден басталды дегенге келсек, сол Қытайдың өзінде адамдар чемокатты жинауға ерініп, жүргінші жолағымен, тіпті, көлік ағынына қосыла зымырау ойларына келген кезден басталды. «Чемодандық бұзақылар» – осы құрылғыдан шамасы келген, кейде одан да жоғары жылдамдықты сығып шығаруға қиялдары жеткен жастардың арқасында пайда болған термин.
Ресейде әзірге тюнинг жасалған чемокаттар назарға түсе қоймаған. Бірақ Қытай бейнежазбаларына қарағанда, құралды жетілдірудің шегі жоқ. Құрылғыға сыйымдылығы анағұрлым ауқымды батареяны қояды. Ол аздық етсе, багаж кеңістігі есебінен қуаттырақ мотор-дөңгелек орнатылады. Қолжетімді, қалыпты қосалқы бөлшектерден осындай техника құрастырылады. Мұның артықшылығы – самокат тебуге тыйым салынған аймақтардан өзге барлық жерде, мысалы, әуежайларда және басқа да жерлерде жүре беруге болады.
Апаттық деңгейі жоғары болғандықтан, Мәскеудің бірқатар саябағында электрлі самокаттар «заңнан тыс» деп танылған болатын. Қазіргі таңда Санкт-Петербургтің бірқатар ауданында жеке мобильділік құралдарының қозғалысына тыйым салса, Мәскеуде осындай шешім қабылдану мүмкіндігі туралы сөз қозғала бастады. Электрлі самокатқа көзіміз үйреніп қалғандықтан, оны алыстан аңғара қоятын болсақ, чемокат мінген адам жаяу жүргіншілер арасында елеусіз болып қалады. Өйткені жинақталған күйдегі «көлік құралы» әдеттегі багаж затына қатты ұқсайды әрі көліктің жүксалғышына да, қоғамдық көліктің салонына да емін-еркін сыйып кетеді.
Қауіптілік жағына келсек, чемокат деген – бұл үлкен батарея. Оның өртену және жарылу қаупі бар. Ал мұндай затты әдеттегі жүксалғышта тасымалдаудың қаншалықты қауіпті яки қауіпсіз екендігін уақыт көрсетеді. Бірақ, қалай десек те, әдеттегі чемоданға қарағанда, белгілі бір дәрежеде бұл – үлкен тәуекел.
Әлемнің бірқатар елінде чемокаттарға заңдық шектеулер қойылған. Мысалы, Жапонияда олармен көше түгілі, әуежайда жүруге тыйым салынған. Жалпыға ортақ жолдарда оны электрлі велосипед, яғни жеке мобильділік құралы ретінде пайдалануға болады. Басқаша айтқанда, жолда белгі беретін жарық техникасы, шлем киген жүргізушісі және оның мопед басқаруға құқық беретін куәлігі болса, онда – мархабат! Бұған қоса «ОСАГО» полисі болса ғана, ал бұл полисті алуды Жапонияда тіпті бұқаралық ақпарат құралдарына да міндетті етіп қойған.
Ал енді біздің еліміздегі чемокаттардың ахуалы қалай шешілмек? Әзірше беймәлім. Бір жағынан, Жол жүру ережесі жеке мобильділік құралдарын реттеп жатыр, екінші жағынан, оларды монодөңгелек, гироскутер және классикалық электрлі самокаттарға қарағанда, жаяу жүргіншілер ағынынан іс жүзінде ажыратып алу анағұрлым күрделірек болмақ. Бірақ қалай болғанда да бұл техниканың соңғы буыны «Чемодандағы көлік құралы» тұжырымдамасын жүзеге асырудың алғашқы әрекеті емес.
Кішкене тарихқа көз салып өтейік. 1950-жылдардың ортасында зерттеуші Виктор Буффорт ойлап тапқан «Valmobile» скутер-чемоданы біршама танымал болды. Оның мақсаты көлік жүксалғышына, қайыққа немесе шағын ұшаққа оңай сыйып кететін скутер жасау болған еді.
«Valmobile» трубалы рамадан жасалды, темір корпусты және салмағы мен көлемі жағынан әдеттегі чемоданнан ауырлау және көлемдірек болды. Бұл кезде әлі «пароходтық сандықтар» деген ұғым, яғни басқаша айтқанда, бірнеше жүкшіні қажет ететін орасан чемодан-гардеробтар адамдардың жадынан өше қоймаған болатын. Олар ХХ ғасырдың алғашқы жартысында әуе және теңіз айлақтарында жақсы танымал еді. 1957-58 жылдары көрсетіліп отырған үлгі Францияда шығарылды да, екі жылдан кейін оларды шығаруды жапондар жалғастырады. Бірақ бұл жерде де аталған жобаны қолдау ісі жылдан аспады.
Дегенмен, осынау аз ғана уақыт жарқ еткен дақпырт инженерлер кеудесінде өшпес арман алауын жағып кеткенін көріп отырмыз. Шағын көлемдегі электрлі мотор-доңғалақтардың пайда болуы анағұрлым шынайы болып шықты. Көрейік, олар жерсіне қоя ма немесе шынайы өмір үшін тым даулы бола ма екен?
Еліміздің қолданыстағы Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, электрлі велосипедтер классикалық велосипедтерге немесе электрлі самокаттарға теңестірілген. Бұл жерде назар аударатын маңызды ньюанс – мұндай көлік құралының жылдамдық шегі 25 шақырым/сағаттан аспауға тиіс әрі оларды жасы 14-ке толған жасөспірімдерге ғана басқаруға рұқсат.
Ұлттық стандарттау жүйесінің СТ РК 3769-2022 жаңа қалыптарында электросамокаттар қатарына «максималды жылдамдығы 25 шақырым/сағаттан аспайтын, орындығы жоқ, электр қозғалтқышты пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, екі немесе үш дөңгелегі бар жеке мобильділіктегі электрлі көлік құралдары жатқызылады» деп көрсетілген. Жаңа стандарт бойынша көрсетілген жылдамдықтан шапшаң жүре алатын самокаттар ендігі жерде Кедендік одақтың «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне бағынады және «L» санатына жатқызылады. Сонымен қатар, 50 шақырым/сағаттан шапшаң жүретін самокаттарды басқару үшін мопедтікі сияқты, «А1» санатты жүргізуші куәлігі қажет.
Мұның барлығы туралы айтсақ, биылғы көктемде ҚР Парламенті Мәжілісіндегі басқосуға дейін салмағы мен мотор қуатының теңгерімі сәйкес келмейтін мопед, электр самокат, скутер дегендер біраз миды ашытқаны белгілі. Сонда қабылданған ұйғарымға сәйкес, мамыр айының 15-нен бастап елімізде мопед жүргізушілеріне аталған қозғалыс құралдарын заңдастыруға жарты жыл уақыт берілді. Көлікке ие болған 6 айдың ішінде мопед иелері оны есепке қойып, «А1» санаты бар жүргізуші куәлігін алуы тиіс екендігін газетіміздің 25 мамыр күнгі №60 (221) санында «Мопед мінген осы деп» атты мақаламызда айтып кеткен едік. Биылғы сәуір айында Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Сол ереже бойынша мопед мінгендерге «жол қозғалысының толық қатысушысы» деген анықтама берілген болатын. Оған қоса осындай тырылдақ мінгендерге қатысты заңдық-құқықтық талаптарды күшейтетін аталған заң да қабылданғаны белгілі. Бұл заң талаптары мопед, электр самокаты, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың да құқықтары мен міндеттерін айқындап беріп отыр.
Сөйтіп, ҚР «Жолда жүру ережесіне» енгізілетін түзетулер жобасында 24-тарауды «Мопедтердің, электрлі самокаттардың, велосипедтердің, шағын электрлі көлік құралдарының, көлік-ат арбаларының қозғалысына, сондай-ақ жануарларды айдап өтуге қосымша талаптар» деп атау ұсынылды. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина: «Егер бұған дейін қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аз мотокөлік құралын басқаруға жүргізуші куәлігі талап етілмеген болса, ендігі жерде аталған санаттағы көліктің қозғалтқыш көлемінің төменгі шегі белгіленбеген. Басқаша айтқанда, егер сіздің мотокөлік құралыңыз қозғалтқыш көлемінің мөлшеріне қарамастан, жылдамдықты 50 шақырым/сағаттан асыра алатын болса, онда сізде жүргізуші куәлігі болуға тиісті», – деп түсіндірді. Қолданыстағы заңға сәйкес, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін 16 жасқа, ал «А» санатындағы куәлікті 18 жасқа толған тұлғалар ала алады. Тұрмыстың күйбеңін жайлы ету мақсатында түрлі техникалар ойлап табылып жатыр. Алайда жайлылық іздейміз деп жанымыздан айырылмауды да естен шығармайық, ағайын!
Бейбіт Мекеев