Ақ пен қарасы қатар жалғанда жер басып жүрген жандардың да түр-түрі бар. Мен оны қилы көріністерден, тоқсан қабат тіршіліктің қым-қуытынан көрдім. Иә, білгенім – замананың бүгінгі бейнесі. Адамдардың сан алуан мінезі. Жаратушымыздың пейілімен жұмыр жерге түскен пенделердің бірі айналасына шуағын шашқан ақкөңіл болса, екіншісі қара басының қамын ойлайтын адам болуы заңдылық. Бірақ арам пиғылдылардың кесірі көпке тиеді. Бүгінде алдыңа күліп тұрып, артыңнан сөз айтатын, көзіңе мақтап, өзгеге даттайтын екіжүзділердің еселенгені өкінішті-ақ.
Самат бүгін үйінде. Тіршіліктің тауқыметі әбден тоздырып жіберген. Ол –өзінің ойы. Әйтпесе, киер киімі, ішер асы әрдайым табылады. Зайыбы Жанар да жұбайының тапқанын екі балаға жеткізіп, артылғанын жинап та қояды. Жұрттың алды болмаса, соңына түскені байқалмайды. Бірақ қымбат көлік мініп, зәулім үй тұрғызған достарын қызғанатын Самат тез арада сол жағдайға жетуді мақсат тұтады. Соны ойлап-ақ азаннан кешке дейін тозып отырады. Бүгін тағы көңілі суық, басы салбыраңқы. «Барынша беріліп істесең қызметіңді көтеремін» деген бастығының сөзі орындалмағанына күйініп отырған түрі бар. Ренжіп қана қоймай, бастығын жерден алып жерге салып, ышқынып отыр. «Айтқанын істемеген адам емес» – деп те айқайлап қояды. Алғаш арба сүйреуші ретінде жұмысқа қабылданып, жауапты адам лауазымына дейін көтерілгені де көкейінен шығып кеткен. Бастығы сол айтқандай жаман болса, жігіттің жағдайын жасамас еді-ау. Самат ақшаның артынан еріп, қуысын бітеймін деп жүріп қанағатты жоғалтқанын әйелі жақсы біледі. Бірақ оның қолынан келері – тек сабырға шақыру. Жанында отырған досы Арман да бастығы жайлы өтірік-шыны аралас әңгімелерді судай сапырды. Екеуі жабылып біреуді жамандаған түн де өтті. Таң атысымен күрсінген келбетін өзгертіп, басын суық суға салып, жуынып-шайынып алған жігіт жұмысқа беттеді. Есіктен кіргеннен бастығымен ентелеп амандасқан ол тапсырған жұмыстарын да бұлжытпай орындауда. «Аға осы күніміз сіздің арқаңыз, сіздей жақсы адамдар көп болса ғой, шіркін!» деп арасында көлгірсіп те үлгереді. Бастығының сыртынан айтқан кешегі ауыр сөздер бір сәтте ұмытылғандай. Міне, бұл Саматтың нағыз бейнесі емес, киіп алған бетпердесі еді. Арам пиғылын жасырып, бастығына жақсы болып көрініп, жағдайын жасамаққа көшкен. Әйелінің «Неге адамдарды алдайсың?» деген сұрағына, «Тоғайына қарай торғайы, заманына қарай адамы», заман сондай, бұл өмір, байлыққа солай ғана қол жеткізесің» деп жауап берген жігіттің беті де бүлк етпеген еді. Бүгін міне, осы ісі арқылы екіжүзді атанғанын өзі де сезбей қалды. Доспын деп қасынан қалмайтын Арманның да Саматқа деген сырттай өкпесі бар еді. Саматтың тез көтеріліп, жұмыста абыройлы болғанын көре алмайтын. Кешегі әңгімеден соң соның есесін қайтарар кез де келді. Досым деп бетперде киген жігіт, күні кеше болған келеңсіз әңгімені бастығына барып жайып салды. Олардың мұндай әрекеттерін бұрыннан байқаса да көрмегендей болып, кешіріммен қараған бастық бір-біріне жасаған сатқындықтарына ашынып, екеуін де жұмыстан шығарып жіберді. Бетперде киіп бақытқа жетем деп, былыққа батқан жігіттердің енді бір-біріне қарауға беттері жоқ. Мүмкін ұялатын шығар, бірақ тіршілік үшін біреудің сыртынан сөз сөйлейтіндер қысылудың не екенін білмейтін де болар. Заман сондай, заманына қарай адамы дейміз, сонда шынайылықтың бейнесі қайда? Заманды өзгертетін адам емес пе? Бәрі адамның қолында. Өзің қандай болсаң, айналаңдағы адамдар да сондай болады. Оған осы бір мысал дәлел болса керек.
Құйрығы – шаян, беті – адам
Байқамай сенбе құрбыға.
Жылмыңы сыртта, іші – арам
Кез келер қайда сорлыға, –
деп Абай атамыз айтпақшы, екіжүзді адамдар тірлік үшін, өз бас пайдасын ойлап, қулық-сұмдықтың небір сиқырын меңгерген. Иә, бұл жандар жағымсыз қасиеттерге ие. Олар өтірік көлгірсіп, өз бойындағы жаман қасиеттерді бүркемелеп, өзін өнегелі, көргенді етіп көрсеткісі келеді. Өзгелерге жалған мақтаумен жағынып, өсек тасып жамандап, елді шағыстырып, соңынан ұрыстырып жүреді. Екіжүзділердің ең бір сорақылығы – өз ісін тындырып алғаннан кейін, бұрынғы таныстары мен қызметтестерін танымай кетуі. Сіздер де осындай пенделерге тап болған шығарсыздар. Оларды алыстан танып, аулақ жүргеннен артығы жоқ.
«Бүгінгі таңда адамдардың бәрі неге екіжүзді болып кетті?» деген сауал төңірегінде көп ойландым. Мүмкін бесікте жатқанында қалыптасатын мінез шығар. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелейді. Ақ сүтімен адалдықты дарытқан ана мен кеңпейілімен адамдықты үйреткен әкенің кінәсі болуы мүмкін емес. Ендеше не? Екіжүзділік жүре келе пайда болатын шығар, бәлкім? Ойларым осында келіп тоқтады. Расымен адамды оның ортасы, тіршіліктегі қызыл-жасылға деген қызығушылық өзгертсе керек. Ортаң дұрыс, тәрбиең түзу болмаса, өтірік айтып, өсек тасу түк те қиын емес. Содан барып, екіжүзділік басталады. Бірақ адамның қай-қайсысы болмасын өзінің бетперде кигенін байқамайтын болса керек. Білсе ұялып, қысылып, қисық әрекетін қояр ма еді? Бүгінгі қоғамның да сыздауығы сол. Солқылдағанда есіңді шығарады.
Ауылдан аңғалдық пен адалдықтан өзгені көрмеген мен үлкен қалаға келіп жұрт алдында жақсы болып көрінгісі келетін сұм ниеттілерді байқап, басымды шайқағаным әлі есімде. Жоғары оқу орнына түсіп, студент атандық, сол кезде үлкен қаладан неше түрлі адамды кездестірдім. Көзіммен көрген келеңсіз көріністер де жетерлік. «Мен мынандай мықты жерде жұмыс істеймін» деп, небір керемет көлікті жалға алып, досының не туысының сеніміне кіріп, кейіннен қыруар ақшаны қарызға алып, қашып кеткендер де кездесті. Қазіргі махаббат та байлыққа құрылған. Жігітке қымбат көлігі үшін қызығып, опық жеп жүргендер қаншама? Қызды қайткен күнде де құрығыма түсірсем дегендер шынайы тұрмысын жасырып, өтірік бай болып көрініп, жүрегін жаулап алады. Үйленген соң ол былықтың беті ашылып, ажырасып кетіп жатады.
Бетперденің ең жаманы – достықта көрініс тапқаны. Тай құлындай тебісіп, бала шақтан бірге өскендер де ақшаға келгенде өз басын күйттеп кететіні өкінішті. Сондайда «Итіңнің дос болғаны жақсы ғой, ал досыңның ит болғаны қандай жаман» деген аталы сөз ауызға оралады. Ата-бабаларымыз «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп те тауып айтқан.
Шариғатта да «Мұнафих», яғни бетперделілер бұл өмірден біреуді алдап-арбап орын тапқанымен, мәңгілік өмірде тозақтың ең түбіне түсетіні жазылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Екіжүзділіктің белгісі үшеу: сөйлесе – жалған сөйлейді, уәде берсе – орындамайды, аманат етілсе – қиянат етеді», – деген.
Бүгінде жалған сөзбен ел ішіне іріткі салатын екіжүзділер мен жағымпаздардың көбеюі ойланарлық жайт. Сол үшін тәлім-тәрбиені күшейтіп, жаман мінез-қылықты тыйып отыруымыз керек-ақ. Ал адамның жақсы қасиеттерінен өнеге алып, оны өз бойымызға дарытуға тиіспіз.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады,
Таза, мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
Асанқайғы
Әйнектің екі жағы болады. Соның бір жағын жуып, екінші жағын жумасаң, ол толықтай кір болып көрінеді. Сол сияқты адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті де таза болуы керек. Сонда ғана бетперделі емес, шынайы адамды көреміз.
Құралбек Сәбитов