Осыдан біраз жыл бұрын еліміздің түкпір-түкпірінен халыққа қызмет көрсету орындары ашылған тұста көп адамның сенімсіздік танытып, ол орталықтың жұмысының дами қоятынына күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ мемлекетті даму сатысы жоғарылаған сайын құжат мәселесін реттеуде орталықтардың ашылуы заңдылық еді. Бір анықтама соңынан сарылып, күндер өткізетін тұрғындар бүгінде бірден «Халыққа қызмет көрсету орталығына» бас сұғатын болған. Яғни еліміздегі құжат мәселесін реттеу бір жолға қойылып қалды.
Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсете білу қай кезде болсын ең маңызды мәселе. Сондықтан да халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) құру және оларға мемлекеттік органдардың қызметтерін ХҚКО арқылы жүзеге асыруға болатын – белгілі бір қызметті алу үшін жүгінген азаматтарға «бір терезе» арқылы қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік берді. Ұйғыр ауданының орталығында да осындай орталық ашылғалы халық «бір терехе» арқылы қызмет алуға үйренген. Бірақ осы орталық орналасқан ғимараттың ескірген, апатты жағдайда екендігі көптің көңілін күпті етіп жүрген болатын. Күніге жүздеген адамды қабылдап, мұқтаждықтан шығып отырған орталыққа ғимарат салу жайы жылдар бойы көтеріліп те келе жатыр.
Аудандағы ХҚКО заманауи талаптарға сай келмейді. Ғимарат көне. Тіпті апатты жағдайда деуге болады. Осыны ескере отырып, облыс әкімдігінің қолдауымен, 2019 жылдан бастап аудан орталығына салу жоспарланған ХҚКО құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. Нәтижесінде Шонжы ауылында халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізу үшінҰйғыр ауданының құрылыс бөлім тарапынан 2023 жылдың 1 наурызында «Альтайр» ӨК-мен №1 келісімшарт жасалынды. Келісім шарттың жалпы сомасы – 1 млрд. 168,8 млн.теңге. Өткен жылдың аяғында бастамасы ретінде қаржы қарастырылып, құрылыс материалдары алынып, құрылыс жүргізу орны даярланды. Ал биыл күн жылына салысымен қарқынды жұмыс қолға алынды. Дәл бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталығының құрылыс жұмыстары 40% аяқталды. 2024 жылы бұл құрылыс нысанына 345,5 млн.теңге қарастырылған еді. Бүгінгі күнге қаржы толығымен игерілді. Ал жобаны аяқтау мерзімі 2024 жылдың соңына жоспарланған болатын. Дегенмен еліміздің батысындағы ауыр жағдайға байланысты құрылыс жұмыстары 2025 жылға шегеріледі деген де ақпар бар. Сол себепті бүгінгі күнге жұмыс аяқталуға қажетті қосымша 707,7 млн теңге бюджеттен бөлінбей тұр.
Жылдар бойы тұрғындарға жайлы қызмет көрсетіп, заманауи үлгідегі орталықтан қызмет алуға ниетті халықтың арманы орындалар күн де алыс емес. Жаңа ХҚКО салынады дегелі аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Күн өткен сайын сапалы сервиске сұраныс артып келе жатқанда жаңа орталықтың қажеттілігі бір ауданға ауадай қажет-ақ.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы