Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының кезекті XXVII сессия отырысы салтанатты жағдайда өтті.
1993 жылы 10 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы еліміздегі өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттіктерін бөліп берді. Осылайша, жергілікті мемлекеттік органдардың атауы мен құрылымы да, мәні де түбегейлі өзгерді. Ал 1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасы депутаттарының алғашқы сайлауы болды. Міне, осы уақыттан бастап, ҚР мәслихаттарының өз тарихы қалыптасты.
Иә, үлкен жүйенің жұмысын жолға қойып, жемісті жүргізуі үшін 30 жыл – көп те, аз да уақыт емес. Десе де, сонау 1994 жылдан бастап бүгінге дейін сайлау комиссиялары сегіз шақырылым депутаттарын тіркеп үлгерді. Еңбекшіқазақ ауданында осы сегіз шақырылымда барлығы 200-ден астам азамат ел аманатын арқалап, қоғамдық бастамада халық атынан сөз сөйлеп, депутат ретінде еңбек етті. Алғашқы бес шақырылымда хатшы болып, ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларының дамуына, мәдениет пен спорттың, білім мен ғылымның алға жылжуына әрі жергілікті өкілді органның қалыптасып, бір ізге түсуіне біркісідей атсалысқан Әділбек Айнабекұлының еңбегі аз емес. Ал одан кейінгі жылдары, яғни аудандық мәслихаттың алтыншы, жетінші және қазіргі уақытта өз міндетін атқарып жатқан сегізінші шақырылым депутаттарының басын қосып, мәслихат төрағасы болып отырған Бекет Ахметов те халық қалаулыларының ел мен жер үшін жұмыла жұмыс істеуін жүйелі ұйымдастырып келеді.
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 30 жылдық мерейтойына арналған сессия отырысына аудан әкімі мен орынбасарлары, әр шақырылымда ел аманатын арқалап қызмет атқарған мәслихат депутаттары, басқарма, бөлім басшылары, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың ең бірінші шақырылымының хатшысы Ахет Сейітқазыұлы, әр шақырылымда сенім мандатына ие болып, «халық қалаулысы» атанған Елеусіз Сұлтанғазыұлы, Хайролла Қасымұлы, Руслан Әбдібекұлы, Сейітхан Есембайұлы, Жұман Сембайұлы, Аблеким Садыкович және Адалят Үсенжановна мен Гүлнар Сағатқызы қонақ болды.
Салтанатты сессия отырысын ашқан аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов: «Алғашқы шақырылым депутаттары жұмыс істеген уақыт еліміз есін енді жинап келе жатқан тоқырау кезеңі мен жалпы халық тіршілігінің ауырлап тұрған шағы еді. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығын жаңаша өсу, өрлеу, өркендеу жолымен бастаған аудандық мәслихат депутаттары кезекті сессиялар мен тұрақты комиссиялар отырыстарында заң талабына сәйкес өз құзыретіндегі мәселелерді байыптылықпен қарап, өміршең шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды», – деп тарихқа аз-кем тоқталып өтті.
Өткен жылдың наурыз айында өткен саяси науқанда Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VІІІ шақырылымында әртүрлі жастағы азаматтар мен әр саланың білікті мамандарынан 28 азамат депутат болып сайланып, бүгінде өз өкілеттіктерін жүзеге асырып отыр. Есепті кезеңде аудандық мәслихаттың жалпы 26 сессиясы өткізіліп, онда 130 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданған екен. Сонымен қатар өкілеттілік мерзімге құрылған 4 тұрақты комиссия 22 отырыс өткізіп, онда 40 есеп қаралып, тиісті хаттамалық қаулылар қабылданған. Билік пен қарапайым халық арасын жалғап, көпір болып, халықтың сөзін сөйлеп, тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін билік басындағыларға жеткізу – депутаттық қызметтің негізгі бөлшегі. Осы орайда аудандық мәслихаттың VІІІ шақырылым депутаттары тиісті мекемелерге 300-ден астам мәселе бойынша 55 депутаттық сауал жолдаған. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасын таппақ.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Талғат Байеділов мәслихаттар жұмысын еліміздің демократиялық дамуындағы маңызды белестерінің бірі ретінде атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытта жеткен жетістіктеріне тоқталды. Бұдан бөлек, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов мәслихат жұмысын сырттай бақылаушы емес, Алматы облыстық мәслихатының IV және V шақырылымдарының және аудандық мәслихаттың III шақырылымының депутаты ретінде, яғни аталған жұмысқа тікелей қатысушы ретінде өз бағасын беріп, жиналғандарды құттықтады.
30 жылдық мерейтойға арналған сессия отырысы барысында ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарға «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік медалі мен облыстық, аудандық мәслихаттың және аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен нығаюына, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Амангелді Толқыновқа, Шолпан Қасымбаеваға, Серік Надырбаевқа, Виталий Вальковқа, Бауыржан Жантасовқа Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Елдегі демократиялық өзгерістерді іске асырудың іргетасын қалыптастыруға өз үлесін қосып, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарып жатқан жұмыстарда дамудың өзіндік моделін қалыптастырып, жаңа сипат алып келе жатқан жергілікті өкілді органдардың үлесі үлкен. Қоғаммен біте қайнасып, біріге жұмыс істеп, маңызды оқиғалардың бел ортасында жүретіндіктен де депутаттарды жұрт «халық қалаулысы» дейді. Халық пен депутат арасында екеуара байланыс болғанда ғана жұмыс жүріп, жергілікті жерде тұрғындарды тығырыққа тіреген мәселелер шешімін табады. Ендеше, сайлаушылардың сеніміне селкеу түспесін.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы