Қонаев қалалық Мәдениет үйінде ұстаздар қауымының бас қосып, өткенді саралап, алға жоспар құратын дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Басқосуға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры, Алматы облысы бойынша «Өрлеу» ҰБАО филиалы, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өкілдері, мәслихат төрағасы мен депутаттар, басқарма және департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, кәсіподақ комитеті, ардагер-ұстаздар, аудандық, қалалық білім бөлімдері, әдістемелік орталық әдіскерлері және облыс педагогтері шақырылды. Конференция пленарлық сессиясына 200 адам қатысса, Есік қаласындағы панельдік сессияға 460 адам, ал Online режимінде youtube каналы арқылы тікелей трансляцияға 20 мыңға жуық педагог тартылды. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жүргізіп отырды.
Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасады. «Өздеріңізге белгілі, білім саласы – бүкіл бір елдің тағдырына әсер ететін, мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына кепіл болатын маңызды сала. Осы ұлы жолда еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімді жаңа міндеттер жүктейтін оқу жылының басталуымен құттықтаймын.
Бүгінгі күнге дейін білім беру саласының барлық бағыты бойынша панельдік сессиялар өтіп, 2024-2025 оқу жылының ерекшеліктері таныстырылды және білім берудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сіздердің секция отырыстарында көтерген маңызды мәселелеріңіз бен білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріліп, бірлесе табысты жұмыс жасайтынымызға сенімдімін.
Ұстаз – қашанда жаңалықтың жаршысы. Ол заманмен бірге дамып, адам баласын өз заманындағы ең қажетті біліммен, білікпен қаруландырады. Ал қазіргі қарқынды дамып жатқан заманда жастарымызға сандық технологияларды жете пайдалануды үйрету – білім қызметкерлері алдындағы маңызды міндет.
Республика бойынша тамыз кеңесінің «Сандық Қазақстан: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өтуі де бұл міндеттің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Сандық технологияларды қолдана білу – болашақта адам өміріндегі ең басты дағды болмақ. Тіпті бүгінгі күннің өзінде сандық технологияларды, автоматтандырылған жүйелерді қолдана алмау адамның өмір сүру сапасын төмендетіп, мүмкіндіктерін шектейтінін көріп отырмыз. Сондықтан әр маман өз құзыры шегінде шәкірттер бойында сандық дағдыларды қалыптастыру жұмыстарын үзбей жүргізуі тиіс. Ол үшін қазіргі заманда ұстаз барлық сандық технология саласындағы жаңашылдықтарды бірінші болып тез үйреніп, балаға жеткізетіндей болуы керек және сабақтар мен сабақтан тыс шараларда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға деген талпыныс қажет.
Қазіргі күннен-күнге қарқынды дамып жатқан заманда технологияны өзіміз игермей, баланы білім мен ғылымға қызықтыру мүмкін емес. Сонымен қатар Абай атамыз көрегендікпен айтқандай, ғылымның, ақыл мен қайраттың да екінші жағы барын бала тәрбиесінде әсте есте ұстауымыз қажет. Біз балаларға білім берумен қатар, ақпараттық кеңістікте абай болуды, жақсы мен жаманды айыра алуды да үйретуіміз керек.
Облыста білім саласында жыл бойы ауқымды шаралар өткізіліп, бірқатар көрсеткішке қол жеткіздік. Әрине, шешілмеген мәселелер де бар, бірақ қазіргі уақытта тиісті шаралар қабылдануда. Бүгін осы проблемалық сұрақтарға, атқарылған жұмыстарға, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер», – деді облыстың бас ұстазы. Ары қарай баяндама өңірдің білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер, саланың кейбір қызметкерлері тарапынан кеткен кемшіліктер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, білім сапасы, тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттер жайында мәліметтер келтірді. Біліммен қатар тәрбиені де ұмытпау керектігі ескертіліп, заман ағымы мен талабына сәйкес сандық технологияны игеру қажеттігі де тілге тиек етілді.
Алматы облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Е.Жиренбай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академияның вице-президенті Р.Қаратабанов, облысымыздағы бала құқығы жөніндегі уәкіл, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры А.Есімбекова, Іле ауданындағы №38 мектеп-гимназияның директоры Г.Асқарбаева, «BILIM INVEST» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті, Талғар ауданы «Еркем-Ай Алматы» бөбекжай-балабақшасының құрылтайшысы К.Батырбековалар өз салалары бойынша баяндама жасады.
Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, облыстық әкімдік тарапынан білім саласында атқарылып жатқан нақты істерге тоқталып, жіберілген кемшіліктерді де тізіп өтті. Сондай-ақ бизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мониторингті пайдаланып, бас пайдасын күйттеп кеткендерге қатысты да заңсыз істерді атап өтті.
Облыс әкімі: «Биылғы тамыз кеңесі қазіргі білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлық технологияларды қолдануды дамыту тақырыбын арқау етуде. Аталған мәселе өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен педагогтер съезінде кең көлемде көтерілген еді. Президент: «Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет», – деп елімізді дамытудың негізгі жолын айқындады.
Еліміздің дамуы үшін балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазірде еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп келеді. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз.
Сандық технологияларды игерудің бірден-бір басты құралы – компьютерлік техника. Сандық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар басқармасы арқылы аталған жайттардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүргізіліп отырады.
Бүгінде біздің үлгіде Түркістан облысы жұмысын бастады және жалпы Қазақстан бойынша көшу қарастырылуда. Бұл мәселенің маңыздылығын педагогтер, әсіресе, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері жете түсінуі тиіс.
Биометрия әдісін енгізуді мемлекет алдында өз ісін адал, таза атқарып жүрген жекеменшік балабақшалар бірден қолдады. Аталған кәсіпкерлер бүгін осы залда отыр деп ойлаймын. Сіздерге алғысымды білдіремін.
Алайда бұл іске көп жекеменшік балабақшалар қарсылық танытты. Менің айтарым, бұл – заман талабы, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, жекеменшік балабақшалар толық тексеріледі және заң алдында жауап беретін болады. Бүгін осы залда отырған құқық қорғау органдары тарапынан осы мәселе барлық кәсіпкерлік нысандарына жеткізілуі тиіс.
Жекеменшік балабақшалардағы келесі проблема – тәрбиеші-педагогтердің білімі мен біліктілігінің төмендігі. Қазіргі кезде жалпы республика бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамауы, психологиялық тұрақсыздығы салдарынан балаларға қатысты түрлі жағдай орын алуда. Сондықтан жекеменшік балабақшаларға педагогтердің білімі мен жауапкершілігін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырамын», – деп баса көрсетті.
Марат Сұлтанғазиев білім беру саласындағы жөндеуден өтіп немесе жаңадан салынып жатқан нысандар жұмысына да тоқталып өтті. Аймақ басшысы: «Қазіргі кезде тұрғындар осы нысандардың жөндеу жұмыстарының жүру барысына наразы. Себебі, мұның артында біріншіден, баланың білім алуының, екіншіден, ата-ананың бала үшін алаңдауы мен ұстаздар қызметінің қолайсыздығы мәселесі тұр.
Бүгінде біз аталған мәселені шешудің барлық мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Дегенмен, ол заң аясында шешілетінін жеткізгім келеді.
Сол себепті, прокуратура, құқық қорғау органдары өз ісіне салғырттық танытып, міндеттемелерін орындамай отырған мердігерлердің әрекеттерін толық бақылауға алып, заң аясында жауапқа тартуды қарастыру қажет.
Білім, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Жайлы мектептер» құрылысының барысын тұрақты түрде қадағалауды тапсырамын.
Білім беру нысандарының күрделі жөндеуі сапалы орындалуы үшін аталған жұмыс осы саланың нағыз мамандарына – құрылыс басқармасына өткізілді», – деп атап көрсетті.
Конференция жұмысы аяқталған соң, басқосуда айтылған жайттар мен көтерілген мәселелер және ортаға тасталған ұсыныстар негізінде тамыз кеңесінің қарары қабылданды.
Шара барысында үздік еңбегімен танылған білім саласының қызметкерлері марапатталды. Бірқатар ұстазға «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» медальдары, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің бастамасымен «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында кәсіподақ ұйымдары және облыс ұстаздарының қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушісі Марина Кудашоваға баспана алу үшін 30 млн теңгелік сертификат табысталды.
Бейбіт МЕКЕЕВ