ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің учаскесінде заманауи үлгідегі шекара бекетінің тұсауы кесілді. Шекараны нығайтуға арналған жол картасының аясында іске асырылған шара Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Аманжол» шекара бөлімшесі күзететін таулы аумақта өтті.
…Туған жердің шетін күзетіп жүрген шекарашыларға «барлау-із кесу тобы» деген ұғым етене таныс болып кеткені айтпаса да түсінікті. Ал осынау қызметті аталған топтың құрамына кірген шекарашылар қалай атқарады? Әрине, шекараға бір аптаға аттанар алдында керек-жарақтары салынған қапшықтарын бөлімше бастығының алдында тағы да бір түгендеп алатын шекарашылар алдағы сапарға мықтап дайындалады. Өйткені, оларды таудың шамшыл мінезі қарсы алады. Шекара наряды қызметтерін жауын-шашынның астында өткізеді. Күндізгі аптапты аттың үстінде, түнгі суықты далалық шатырдың астында өткереді. Шекара түбінде жылыту бекеттері пайда болғанға дейін жылдар бойы осылай болып келді. Бұл үшін малшы немесе орманшылардың бос тұрған ғимараттары пайдаға асты.
Енді міне, таяу уақытта мұндай ғимараттар тарих қойнауына кетіп, көзден де, көңілден де таса болады. Өйткені, олардың орнын ішінде барлық жағдай жасалған модуль басады.
…Діттеген жерімізге көтеріліп келе жатып, Күнгей Алатауының сұлулығынан көз алмаймыз. Осы сұлулықтың ортасына инженерлік сым тартылған. Сымның арғы бетінде қайнаған өмір ме дерсің? Аппақ киіз үйлер мен көркі көз тартатын ғимараттар «мен мұндалайды». Көліктермен бірге тіпті қанатын қомдаған тікұшаққа дейін тұр. Төменде Шарқұдық өзені көрінеді. Осы су төменге жеткен бойда Қарқара өзені атанып шыға келеді екен. Қызық… Демек, төменде ағып жатқан суға барып қосылатын болғаны ғой. Айтпақшы, тау баурайындағы ауылдың «Мыңжылқы» деп аталуының да өзіне тән терең тарихы бар.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары дәл осы жерде мыңғырған жылқысының саны тура мыңға жеткен бай болған деседі. Сол байдың арғымақтары төмен түсіп, өзенге бастарын қойғанда, таудың биігінен құлап аққан су біраздан кейін тартылып қалып, бір түнде арнасы қайтадан толып шыға келетін көрінеді. Міне, осы кезден бастап, бұл жер «Мыңжылқы» атанып кеткен.
…Белгіленген уақытта келіп жеткен мәртебелі қонақтарды «Аманжол» шекара бөлімшесінің аға лейтенанты Ыдырыс Құрметов бастаған шекара наряды сап түзеп қарсы алды. Әрі қарай, департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, Кеген ауданы әкімінің орынбасары К.Қабылбеков қатысқан шара еліміздің Гимнімен ашылды.
Алғашқы сөз кезегін алған Әлібек Амангелдіұлы:
– Сіздердің алдарыңызда тұрған модульдік кешен шекарашылардың көктем айынан басталып, күз аяқталғанға дейін созылатын қызметтеріне арналған. Бұл бастамасы, алдағы уақытта департаменттің барлық аумағында осындай шекаралық бекеттер іске қосылады, – дей келіп, осындай мүмкіндікті бірінші болып иеленген «Аманжол» шекара бөлімшесінің барлау-із кесу тобын Шекарашылар күнімен құттықтап, қызметтеріне қырағылық пен табыс тіледі.
Сөз кезегінде Кеңес Қабылбеков алқызыл лентасы қиылғалы тұрған модуль – алдағы игі шаралардың бастамасы екенін тілге тиек етті. Әкім орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта шекара шебінде дәл осындай онға тарта шекара бекетінің модулі орнатылады. «Осының барлығы туған жеріміздің шекарасын күн-түн қатып, күзетіп жүрген шекарашылардың алаңсыз қызмет етуі үшін жасалған қамқорлық», – дейді Кеңес Күлесбайұлы.
Иә, кең байтақ жеріміздің қалқаны – шекарашылардың пайдалануына берілген модуль шекара күзетінде жаңа техника мен озық технология толық көрініс тапқанын білдіреді.
Тамара Дәулетбаева,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі