Алматы облысында 15 мыңнан аса жасөспірім қызға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады. Жатыр мойнының обыры әйел адамдарда кездесетін онкологиялық аурулардың үштігіне кіреді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Айдана Мұқатқызы баяндады.
Маманның айтуынша, дерттің негізгі себебі – жыныстық жолмен берілетін-папиллома вирусы. Вирустың 100-ден аса түрі бар, соның ішінде 14-і онкогенді саналады. Әсіресе, ең қауіптілері 16-шы және 18-ші түрі.
Айдана Мұқатқызының айтуынша, ісіктің белгілері көп жағдайда байқалмайды. Сол себепті 25 жастан асқан қыздар жыл сайын скринингтен өтіп тұру қажет. Ал, егу – аталмыш дертке шалдықпаудың кепілі. Өйткені, егуден кейін жатыр мойны обырына тұрақты иммунитет қалыптасады.
“Жалпы, облыста биыл 11 жастан бастап 15 645 қыз балаға екпе салу жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, егу тек ата-аналардың келісімімен жүзеге асырылады. АПВ-ға қарсы екпе жатыр мойны обыры көрсеткішін 90 пайызға азайтуы мүмкін”, – дейді Айдана Мұқатқызы.
Айта кетейік, облыста АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» екпесі салынады. Алғашқы кезең қыз бала 11 жасқа толғанда, екінші кезең бір жылдан кейін жасалады.