Ұйғыр ауданына қарасты Бірлік, Сүмбе ауылы әйгілі Алатаудың етегінен тіке төмен қарай созылып жатқан Жаңасайдан басталады. Таудың сағасы, көк орай шалғын бөктер, саф ауа, тасыған мөлдір бұлақ, тау өзені – бәрі адамды таңғажайып ерекше бір сезімге бөлейді. Кезінде бағы жанып, адамдары тіршілігін жасап, ұрпағын өсіріп, арманына жеткізген киелі мекен! Менің де кіндік қаным тамып, туып-өскен ауылым. Осында ер жеттім, оқыдым, дәрігер болып халқыма қызмет етуге де осы ауылда кіріскенмін.
Міне, осы Жаңасай ауылы тоқішекше созылып, тау өзенімен барып, Орта Сүмбе ауылына, ол әрмен қарай Жаңа Сүмбеге жалғасып, үш ауыл бірігіп кетеді. Бұл күнде бұл маң Бірлік-Сүмбе ауылы болып аталады. Халқының ауызбіршілігі мол, тіршілігін жасап, ұрпағын жалғастырып жатқан қарапайым елдімекен. Әлі де солай.
Данышпан бабаларымыз «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – бес саулық» деген екен. Сонау ықылым заманнан-ақ балаларымыз денсаулықтың қадірін біліп, бірінші орынға қойып, бағалай білген! Қазір денсаулық мәселесі мұндай биік орнынан түсіп қалған сияқты.
Кезінде, сонау Кеңес дәуірінде осы Жаңа Сүмбе ауылында қызыл кірпіштен үш қабатты, 50 төсектік типтік аурухана емханасымен салынып, пайдалануға берілген-ді. Хирургия, терапия, туыт үйі, балалар бөлімі, яғни, ауруханада сыйымды бөлімшелердің барлығы болды. Өз жұмысын атқарып тұрды. Ота да жасалып, аналар да босанып, халықтың ризашылығына бөленетін-тұғын.
Кеңес билігі тарады. Аурухана да соның күйін кешті. «Халқының саны нормативке жетпейді» деген желеумен енді сол аты аңызға айналған маңызды аурухананы жабу мәселесі көтерілді. Осындай керемет 50 төсекті ауруханаға 15 науқасқа арналған «күндізгі бөлімше» ашылды. Ал Жаңасай ауылындағы мектеп те, медпункт те жабылыпты. Орталық Сүмбеде медпункт те жоқ. Осы үлкен үш ауылда ауыларалық автобус та жүрмейді. Ауру-сырқау, кәрі-құртаң шал-кемпірлер шамасы келсе өліп-талып табандарынан тозып, сабылып барып, күндізгі бөлімшедегі фельдшерге қаралады. Сонау тау етегінен жаңа ауылдың аяғындағы фельдшерге сау адамдар әрең жетеді. Ал ауру-сырқау, кәрі-кұртаң ел қайтпек?! Амалсыздан, шамасы жетпеген соң Алланың әмірін тосып, дұға жасап, төбеге қарап жатқаннан басқаға жол жоқ.
Өткенде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының денсаулығын түбегейлі жақсарту мәселесін басып айтқан-ды. Онда шалғайдағы, аралары жақын ауылдардағы халыққа медициналық көмекті бір орталықтан көрсете алатын ауыларалық учаскелік ауруханалар ашу керектігі айтылған болатын. Норматив дегенді қайта қарау керектігін де еске салған-ды.
Ендеше, «Іздегенге – сұраған», Сүмбеде дайын типтік 50 орынды аурухана бос тұр. Шошанай ауылы Бірлік-Сүмбенің күнбатысында. Халқы аудан орталығы – Шонжыға 30 шақырымнан барып емделеді. Олар осы Сүмбеден өтеді. Оларға басқа жол жоқ. Сүмбемен арасы – 4-5 шақырым. Сүмбеліктер де Шонжыға Қырғызсай ауылы арқылы қатынайды. Орталыққа барып қаралады. Қырғызсай халқы да солай. Сүмбемен арасы – үш-ақ шақырым. Жол да, бағыт та бір. Қысқасы, Бірлік-Сүмбе, үш ауыл, Шошанай, Қырғызсай – бес ауыл халқына сапалы, білікті дәрігерлік қызмет көрсету үшін Сүмбедегі дап-дайын тұрған жаңа типті 50 төсектік аурухананы тоздырмай, бүлдірмей тұрғанда халық игілігіне пайдалану қажет.
Бес ауылдың тұрғындары түгелдей осындағы дәрігерлерге қаралып, тексеріліп, стационарда емделуіне толық мүмкіндік болар еді. Бірақ бұл мәселеге мән беріп, сыбанып кірісіп, қолдағы бар дүниені халық игілігіне жұмсауды ойластырып жүрген жауапты сала өкілдері көрінбейді. Ешкім басын ауыртқысы келмей ме, қалай? Денсаулық саласында 55 жыл басшы дәрігер болып қызмет істеген менің бұл мәселені осылай шешкен дұрыс деп санаймын. Қалаға барлығын төге бергенше, алыстағы ауыл халқының да денсаулығын қадағалап, жағдай жасау керектігін ойланатын уақыт жетті. Барды ұқсатып пайдалану керек.
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ,
ҚР Еңбек сіңірген дәрігері, «Құрмет»,
«Парасат» ордендерінің иегері,
Райымбек, Ұйғыр аудандарының
Құрметті азаматы