Андрей Шин негізін қалаған «Шин-Лайн» компаниясы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорынға айналды. Дәмі тіл үйіретін балмұздақ өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын арта түсуде. Жуырда облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жаңашылдыққа бет бұрған зауыттың жұмыс барысымен жан-жақты танысып қайтты.
Компанияның негізгі өндіріс орны Іле ауданы Байсерке ауылдық округінде орналасқан. Мемлекеттік салыққа төленетін 2,5 млрд теңге де осы ауданға тиесілі. Аталған кәсіпорын Қазақстан нарығының 49 пайызын иеленуде. Өнімдері Қытай, Моңғолия және ТМД елдеріне экспортталады. Кездесуде тұтынушылардың тарапынан қойылатын талаптар, шикізат жеткізудің логистикалық сын-қатерлерін шешу, жаңа кадрлар даярлау, салалық мәселелері сөз болды. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға «Шин-лайн» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин жауап берді.
Зауыт толығымен автоматтандырылған және компьютерленген. Балмұздақ өндірісіндегі маңызды ингредиенттің бірі – сиыр сүті. Мұнда Алматы облысы фермерлерінен алынған сүтті арнайы көлікпен тасымалдайды. Олар сұйық күйінде аппараттарға құйылады немесе ұнтақ ретінде қолданысқа беріледі.
«Шин-Лайн» компаниясында 2000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Мысалы, бір балмұздақты шығару үшін азық-түлік технологы, физика, химия маманы, экономист, зертханашылар, кондитерлер, маркетологтар, инженерлер, тағы басқа техникалық мамандар атсалысады.
Заманауи технологиялар мен жоғары сапа стандарттарына бағытталған «Шин-Лайн» компаниясы өндіріс пен экспорттық әлеуетті едәуір кеңейтуге қол жеткізді. 2024 жылы компания жаңа фабрика құрылысына 35 млрд теңге инвестиция салған. Өндіріс орны күніне 350 тонна балмұздақ шығаратын заманауи өндірістік желілермен жабдықталған. Кәсіпорын ішінде алдағы уақытта іске асырылатын жобалар аз емес. Атап айтқанда, балмұздақтың сыртындағы «Қазақстанда жасалған» жазуын үлкейту, өнімдерге қазақы атаулар беру, сыртқы дизайнын ұлттық нақышта безендіру сияқты жұмыстар атқарылады.
– Өндіріс көлемі мен экспорт жыл сайын өсіп келеді. Біз азық-түлік пен балмұздақ шығаруға арналған жаңа инвестициялық жобаны бастадық. Ішкі инвестор ретінде мемлекет тарапынан қолдаудың болатынына сенеміз. Негізгі шикізатымыз – сүт, ал балмұздақ – қайта өңделген сүт өнімі десек те болады. Дегенмен, бүгінгі таңда балмұздақ өндірісінде АӨК дамыту шеңберінде басқа сүт өңдеушілер алатын жеңілдіктер жоқ. Осы мәселеге назар баса аударылып, оң өзгерістер енгізілгенін қалаймын, – дейді Дмитрий Докин
«Euromonitor International» халықаралық зерттеу компаниясының мәліметінше, «Шин-Лайн» бір жыл ішінде нарықтағы үлесін 49 пайыздан асырған. Компания бүгінде Қазақстан мен Орта Азия елдерінде тәулігіне 250 тонна көлемінде 120-дан астам балмұздақ түрін өндіретін іргелі кәсіпорын саналады. Ең танымал түрлері – «Бомба», «Полюстегі аю», «Bahroma», сондай-ақ «Золотая коллекция» «Гулливер», «Лесная Белочка», «Ключик Буратино», «Птичка» және «Красный мак» атты өнімдері де сұранысқа ие.
Компания серіктестері – балмұздақ нарығының әлемдік көшбасшылары Mars, Froneri, Danisco, Ferminich және Barry Callebaut фирмалары. Олар зауытты өнеркәсіптік шоколадпен, табиғи хош иістендіргішпен және тағы басқа қажетті шикізаттармен қамтамасыз етеді.
«Шин-Лайн» балмұздағын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанмен қатар Ресей, Беларусь елдерінің дүкендерінен кездестіруге болады. Сондай-ақ өндірілген тауар Қытай мен Моңғолияға жөнелтіледі. Бұл тізімге енді Грузия да қосылды.
2027 жылы компания тәулігіне 350 тонна балмұздақ өндіруді көздесе, 2033 жылы жұмыскерлер саны 5000-ға жетеді деп жоспарлап отыр. Міне, осындай қарқынды жұмыстың, жүйелі жоспардың, адал еңбектің арқасында «Шин-Лайн» компаниясы алға жылжып келеді.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы