Қазақстанда жыл сайын көру қабілеті нашар азаматтар қатары көбейіп келеді. Статистикалық дерек бойынша елде 80 мың зағип жан бар. Оның 4 мыңы – балалар.
Қонаевтық офтальмолог – дәрігер Жанар Картекова қазір көруі қабілеті бұзылған балалардың көп екенін айтады. Ғұмырының 40 жылын медицинаға арнаған дәрігер мыңдаған адамның емделуіне себепкер болған.
Дәрігердің айтуынша, қазірде тұрғындар арасында жиі жолығатын ауру түрі – көз бұршағының бұлыңғырлануы, көздің үдемелі ауруы катаракта. Суқараңғы да айтарлықтай көбейген. Бұл – көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуінен болатын созылмалы көз ауруы. Алғашқы үштік қатарына астигматизм, яғни көз рефракциясының бұзылуы кіреді. Бұл дегеніміз көздің анық көрмеуі. Жеңіл түрде көрудің қиындауы немесе бас ауруынан байқауға болады. Жалпы айтқанда, мұндай аурулар туа біте немесе жүре келе пайда болады.
«Ең бастысы, көз ауруларынан сақтанудың жолы – қозғалыс. Мен әрдайым науқастарға көз мәдениетін сақтауды ескертемін. Қазірде гаджеттердің дамыған заманында экранның алдында уақыт өткізуді тежеу керек. Таймерді қолдануға кеңес беремін. Белгілі бір уақыттан кейін үзіліс жасау өте маңызды. Көзді демалтып, денеге, көзге физикалық жаттығу, гимнастика, массаж жасау қажет. Бастысы, мидың қанайналымын жақсарту керек», – дейді дәрігер.
Офтальмолог-дәрігер көз жанарының нашарлауын күтпеу керек деп дабыл қағады. Әр 6 ай сайын дәрігер қабылдауына жазылып, қажетті тексеруден өту маңызды. Әсіресе, мұндай кеңес 40 жастан асқан тұрғындарға беріледі. Өйткені, бұл – жасқа байланысты белең алатын ауру. Демек, адам қартайған сайын көру қабілеті нашарлайды. Қант диабеті, ревматизм, жүйелік және қабыну сынды дерттері бар науқастарда жиі кездеседі. Бастысы науқаста МӘМС-те сақтандыру мәртебесі болуы керек.
«Бізде ем бойынша ешқандай қиындық жоқ. Ота қажет болған кезде көз институты, облыстық ауруханаға, мұнымен қоса өзге де жеке клиникаларда жолдамамен жіберіледі. Онда барлық қажетті қосымша зерттеулердің барлығы отамен бірге тегін МӘМС есебінен жүргізіледі», – дейді Жанар Канушковна.
Қонаевта көзді диагностика және емдеудің заманауи әдістері қарастырылған. Жыл сайын жаңа құрылғылар сатып алынады. Көз өткірлігін анықтауға арналған визометрия, көзішілік қысымды өлшейтін тонометрия бар. Мұнымен қоса, торлы қабықтың талдау нәтижесі, көру проблемаларын өлшеуде қолданылатын рефрактометрия аппараты бар. Балалар үшін синоптофор да алынды. Емдеуші дәрігерлер бұл құрылғылар ауруханада көз ауруларын диагностикалау кезінде тиімді емдеу курсын құру және әртүрлі процедураларды тағайындауда үлкен көмек екенін айтады.
ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі