Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаеваның ақпаратына сәйкес, биыл 14 мектепке (ауылдық округтерде 5) барлығы 1300 бала 1-сыныпқа қабылданды. Жалпы биылғы оқу жылында 12 029 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Жоғары сыныптардағы 44 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Сондай-ақ қазір модификацияланған кабинеттердің саны 32 болса, жаңа оқу жылында қосымша 8 кабинет ашу көзделуде. Бұған дейін білім ошақтарында 2 STEM кабинеттері болған, биыл оның саны 4-ке жетеді.
Қала аумағындағы оқу ордаларына 21 жас маман жұмысқа қабылданды. Мектептерле барлығы 1417 ұстаз білім береді.
Бұдан бөлек, білім бөлімінің басшысы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы қалай өткені жайлы айтып берді. Оның сөзінше, 1002 баланың ата-анасының шотына 43 493 теңгеден аударылған.
«Жергілікті демеушілер тарапынан 142 оқушы жалпы сомасы 3 915 000 теңгенің мектеп формасымен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды», – деді бөлім басшысы.
Қаламқас Сәрсенбаева ыстық тамақпен 6151 бала қамтылатынын да атап өтті. Оның 5636-сы бастауыш сыныпта оқиды.
«Оқу жылында балалардың қауіпсіздігі де маңызды мәселе. Қаладағы оқу орындарының барлығында бейнебақылау камералары, прокуратураның QR-коды, турникеттер қойылған», – деді ол.
Бөлім басшысы жұрт көкейінде жүрген сұраққа да жауап берді. Ол Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің күрделі жөндеуі туралы болатын.
«Мектеп 30 тамызда қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда, жұмыс уақытылы жүргізілмей, күрделі жөндеу аяқталмады. Биыл бұл мектептің оқушылары үшін 10-ықшам ауданда орналасқан мектеп-лицейге тасымал ұйымдастырылып, бастауыш, 5 және «Жас полицей» сынып оқушылары екі ауысымда оқытылады. Қалған 6-11 сынып оқушылары орта мектеп-гимназияда екі ауысыммен білім алады», – деді Қаламқас Сәрсенбаева.
2023-2024 оқу жылында білім сапасының деңгейі 64,1 пайыз болды. Биыл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. Қуантарлық тағы бір дерек – 2024 жылы 443 түлек мектеп бітіріп, оның 223-і қазақстандық ЖОО-ның грантын ұтып алды. Сонымен қоса 23 түлек Ресей университеттерінің грантын, 20 түлек алыс-жақын шетелдегі білім ордаларының грантын иеленді.
Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі