Спорт – салауатты өмір салтын насихаттап, қоғам дамуына ерекше серпін беріп, әлемдік аренада абыройымызды асқақтататын айрықша сала. Халықаралық додада рухымызды жанып, намыс отын жағып, Көк Туымызды желбіретіп жүрген саңлақтардың еңбегі ерен. Жыл өткен сайын спорт ғимараттарының саны көбейіп, спортшыларға деген құрметтің ауаны да кеңейіп келеді. Тамылжыған тамыздың үшінші жексенбісінде спортсүйер қауым кәсіби мерекелерін тойлап, сый-сияпатқа бөленеді.
Қонаев қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегі бағаланып, дара саланың саңлақтары марапатталды. Өңіріміздегі спорт инфрақұрылымының жетілгені айтылып, техникалық базасының нығайғаны әңгімеленді. Алғашқы құттықтау сөзді алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков сала мамандарына алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мықты мемлекеттің негізі – салауатты ұлт. Бұқаралық спортты дамытудың басты құндылығы да осында. Қазақстан Республикасының Спорт күні – еліміздегі спорт қауымдастығының барлық өкілдері үшін ерекше мереке. Спорт адам бойында төзімділікті, табанды мінезді, бәсекеге қабілеттілікті, стратегиялық ойлау қабілетін дамытады, – деп биыл өңір спортшылары үшін жемісті жыл болғанын жеткізді.
Облыс спортшылары халықаралық жарыстарда топ жарып, әлемдік бәсекелерде жеңіске жеткен. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олар 1344 медаль (482 алтын, 384 күміс, 478 қола) иеленген. Сондай-ақ Ерболат Сарабекұлы грек-рим күресі бойынша өңіріміздің мақтанышы Демеу Жадыраевтың Парижде өткен Олимпиада ойындарында 77 келі салмақта тұңғыш рет күміс медаль жеңіп алғаны тарихи сәт екендігін айтып өтті. 2024 жылғы жазғы Олимпиадаға облысымыздың атынан қатысқан халықаралық дәрежедегі саңлақтар өңір спортының дамып жатқанына дәлел екенін тілге тиек етті.
Басқарма басшысы бұқаралық спорттың да жанданып келе жатқанын кеңінен сөз етіп, қазіргі таңда 602 193 адам дене шынықтырумен және спортпен айналысатынын жеткізді. Бұл көрсеткіш облыс халқының жалпы санының 39,5 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін 627 300 адамды қамту, яғни 41 пайызға жеткізу жоспарлануда. Облыста ұлттық спорт түрлері бойынша 776 секция жұмыс істейді, онда 42 829 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады, бұл облыс халқының 7,1 пайызын құрайды. Ерболат Сарабекұлы:
– Өңірімізде 1000 адамға шаққандағы халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 49 пайызды құрайды. 2024 жылдың соңына қарай 50,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын 1821 спорт нысаны бар. Биыл Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында және Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында спорт кешендері пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында, Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында және Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында спорт кешендерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы ең заманауи жабдықтармен жабдықталған және халықаралық стандарттарға сай. Ең бастысы, олар тұрғындардың спорт залдары мен құрал-жабдықтарына тегін қол жеткізуін қамтамасыз етеді, – деп аймақтағы спорт саласындағы жетістіктерді алға тартты.
Дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, спортшыларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары үздіксіз жалғасатынын жеткізген басқарма басшысы Спорт күніне орай үздік сала мамандарын марапаттады. Еңбегі елеулі спортшыларға, спорт ардагерлеріне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хатын табыстап, қаржылай сыйлық тарту етті. Сондай-ақ басқарма тарапынан үздік спортшыларға Алғыс хаттар ұсынылып, кеуделеріне «Спорт саласының үздігі», «Құрметті спорт ардагері» төсбелгілері тағылды. Спорт ардагерлері, үздік жаттықтырушылар, сондай-ақ спорт ұйымдарының белсенді қызметкерлері ҚР Туризм және спорт министрлігінің марапатына ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласып, жиналғандардың көңілі көкке өрледі.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы