Өңірлік комуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова басқарманың биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жөнінде брифинг өткізді.
Айгүл Матанқызы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде отбасының цифрлық картасы іске қосылғанын ескертті. Аталған карта азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға мүмкіндік беретін құқықтары туралы және тиісті органдарға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған құралдардың бірі болып саналатынын атап көрсетті. Сонымен қатар қазіргі уақытта отбасылық цифрлық картада Алматы облысы бойынша 1,6 млн адам 493 мың отбасына топтастырылғандығын, онда олардың экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулығы мен білімі туралы қажеттіліктеріне сәйкес ақпарат қалыптасқанын түсіндіріп өтті. Өмір сүру деңгейі бойынша дағдарыс жағдайындағы отбасылар бар екені және олардың Е және Д санаттарына жататыны да тілге тиек етілді. Осыған байланысты, бірінші кезекте осы санаттағы отбасыларға қолдау көрсетіледі. Сондай шаралардың бірі – халықты жұмыспен қамту.
Биылғы жылдың 7 айлық қорытындысы бойынша жұмыспен қамту органдарына 43 мың адам жүгінген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 356 адам қамтылса, enbek.kz платформасындағы дағдыларға оқытудан 2,5 мың азамат және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2,7 мың адам курстан өтті. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 260 адамға гранттар берілді.
Көрсетілген шаралардың нәтижесінде облысымызда статистика деректері бойынша республикада жұмыссыздық деңгейі 4,7%, яғни 35 087 жұмыссыз адам тіркеуде тұр. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі байқалады. Қазіргі таңда 8,3%-тен 6,8%-ке, яғни 27 064 азаматқа дейін азайған.
Бұдан басқа әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 2024 жылдың 7 айлық қортындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 5 531 отбасы, оның ішінде 31 068 адам қамтылған. Бұған қоса 1 жастан 6 жасқа дейінгі АӘК алушылар қатарындағы 9 968 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ретінде бюджеттен 259,3 млн теңге қосымша төлем төленді. Басқа да әлеуметтік төлемдермен, оның ішінде қайырымдылық көмекпен жалпы 41,7 мың адам қамтылған.
Мүгедектігі бар азаматтарға тоқталсақ, облыста 42 236 адам тіркелген болса, соның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны – 6 684. 7 айлықтың қортындысы бойынша 15 337 мүмкіндігі шектеулі жан техникалық оңалту құралдарымен, санаторлық-курорттық еммен, жеке көмекші қызметі және ымдау тілі қызметтерімен қамтылған.
Облыста 1334 орынды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 8 мекеме бар. Оның ішінде 7 мекеме стационарлық жағдайда. Сонымен қатар үйде қызмет көрсету аясында 22 бөлімше жұмыс істейді, барлығы 2160 адам қызметпен қамтылған. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 16 үкіметтік емес ұйымдар арқылы 531 адам қызмет алса, жыл басынан бері 570 адам қамтылған.
Есік қаласында егде жастағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қызмет көрсетеді. Орталықтың негізгі мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдарды әлеуметтендіру, білім беру, психологиялық және спорттық сауықтыру, демалыс шараларының кешені арқылы өзін-өзі күту және егде жастағы адамдардың белсенді өмір салтын қолдау. Бүгінгі таңда аталған орталықтың Қонаев қаласында, Енбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында, Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында филиалдары бар. Қыркүйек айында Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандарында, қазан айында – Талғар, Қарасай, Балқаш аудандарында бөлімшелердің ашылуы жоспарланып отыр.
«Отбасылық жанжалдарды шешу және отбасыларға қолдау көрсету мақсатында аудандарда «Жанұя» орталықтары орналасқан. Онда 4 мыңға жуық адам тіркелсе, 6,1 мың адамға ақпараттық-ресурстық, 1,5 мың адамға құқықтық 1,2 мың адамға психологиялық кеңес берілсе, 519 адам базалық тренингтер мен курстарға қатысты. Сондай-ақ 280 мәдени іс-шара өткізілді. Аталған орталықтар кезең-кезеңмен барлық аудандарда ашылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда», – деп облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова жартыжылдықтың қорытындысы жөніндегі баяндамасын тәмамдады.
Бейбіт Мекеев