Іле ауданында грэпплинг спортынан Қазақстан чемпионаты өтті. Турнирге еліміздің 15 аймағынан 12-13 және 14-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты. 800 спортшы өнер көрсеткен сайыста 80 медаль сарапқа салынды. Бұл жарыс осы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін облыстың жасөспірімдер құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылды.
UWW грэпплингінің құрамына грэпплинг және грэпплинг ги атты екі сайыс енеді. Біріншісінің екіншісінен айырмашылығы – грэпплинг бойынша сайысатындар кәдімгі жейде мен шолақ шалбар киіп күш сынасса, грэпплинг гиде кимоно киіп бақ таластырады. Бүгінгі таңда аталған спорт әлемде кеңінен танымал. Оны бекерден-бекер «партердегі күрес» деп атамайды. Облыстық UWW грэпплингі федерациясының президенті Дәулет Ауданбаевтың айтуынша, жекпе-жектің бұл түрі елімізде 2012 жылдан бастап дамып келеді.
Федерация президенті: «Алматы облысында UWW грэпплинг спортына деген қызығушылық артып келеді. Өткен жылы біздің спортшылар «ASIA OPEN» атты Азияның ашық чемпионатында өз шеберліктерін көрсетті. Олар 4 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Биыл Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында да облыс балуандары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Грэпплинг – еркін, грек-рим, дзюдо, самбо, джиу-джитсу және басқа да күрес техникаларының басын қосқан жекпе-жек түрі. Сондықтан бұл спорт Қазақстанда белсенді түрде дамып келе жатыр. Мемлекет те қаржылай көмек көрсетуде», – деп қуанышын жасырмады.
Екі күндік жарыста Астана қаласының спортшылары жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орында Алматы облысының сайыскерлері тұрақтаса, Маңғыстау облысынан келген сайыпқырандар үшінші орынды иеленді.
Бейбіт МЕКЕЕВ
Іле ауданы