Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалында өткен брифингте айтылды. Өңір тұрғындарын қаржылық сауаттылыққа үйрететін, табысты орынды жұмсауға жол көрсететін «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында тегін оқыту курстары жалғасын табуда.
Аманаттықтар бағдарлама аясында облыста 7 мыңға тарта тұрғынға қаражатты тиімді жұмсауды үйретті. Олардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды.
«7 айда 6 887 азамат қаржылық сауаттылықты арттыратын курстарды тегін оқып, сертификаттарын алды. Оның 80%-ы – әйелдер. Кәсібін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолдарын көрсететін пайдалы мәліметтермен бөлістік. Сарапшылар кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды үйретті. Шоттың бұғатталуынан бастап, берешекті қайта құрылымдау, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта ақыл-кеңес берілді. Жыл соңына дейін өңірде 12 мың адамға білім беру жоспарланып отыр. Курсқа қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алады», – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірдегі жетекшісі, ментор Айгүл Жайлыбаева.
Сондай-ақ қаржы сарапшысы Мейірман Сауранбеков бағдарлама аясында білімін жетілдірген адамдардың шынайы оқиғасы мен оларға көрсетілген көмек туралы баяндады.
Мәселен, Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылының тұрғыны бірнеше жыл бұрын бес несие алып, қаржылық қиындықтарға тап болған. Қарызын өтей алмағандықтан, барлық есепшоттарына бұғат қойылып, ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылды. Заңгерлердің қолдауымен төрт несие бойынша карточкалық шоттары бұғаттан шешіліп, ыңғайлы төлем кестелері жасалды.
«Сонымен қатар 69 азаматқа «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие мен грант алу үшін қажетті құжаттарды жинауға және бағдарламаға қатысуға көмек көрсетілді. Алаяқтарға тап болған 11 тұрғынға кеңес берілді. Мемлекеттен жеңілдетілген несие мен грант алу үшін 43 адамға бизнес-жоспарларды әзірлеуге көмектестік», – деп атап өтті Мейірман Сауранбеков.
Айта кету керек, қазіргі таңда «Қарызсыз қоғам» аясында өңірдегі 9 ауданның тұрғындары арнайы оқу бағдарламасынан өтіп жатыр. Бағдарлама жыл соңына дейін жалғасады. Оған қатысу үшін партияның аудандық филиалдарына хабарласу қажет.
Алматы облыстық AMANAT
партиясының баспасөз қызметі