Елордада жас мамандарға арналған «Jas Kenes Siylygy» байқауының жүлдегерлері анықталды. Үздік деп танылғандар қатарында Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасының аға фельдшері Дархан Бақыткелді де бар. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған байқау елімізде биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Жеті аталым бойынша өткен конкурсқа 700-ден аса азамат қатысуға ниет білдірген. Нәтижесінде әр номинациядан екі жеңімпаз марапатталған. Іле ауданы Боралдай ауылының фельдшері Дархан Бақыткелді «Алтын жүрек» аталымына лайық деп танылған. Дәрігер алты жылдық фельдшерлік тәжірибесінде «Жедел жәрдем» көлігінде аяғы ауыр әйелдерді жолда аман-есен босандырып, жеті бірдей нәрестенің дүние есігін ашуға септігін тигізген. Бүгінде Дархан – сол балалардың кіндік әкесі. Сонымен қатар жол апатынан зардап шеккен, хал үстінде жатқан талай жанды ажалдың тырнағынан аман алып қалған. Көпшілік Дарханды ісіне адал білікті маман, өз ортасында абыройлы деп таниды.
Айта кету керек, сыйлықтың өзі мен жүлде қорын Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері құрып, ұйымдастырған. Шара бастамашыларының айтуынша, жобаның мақсаты – қоғамның маңызды салаларында жұмыс істейтін, өңірлердегі кіші және орта буын жас мамандарды көтермелеу. Сондай-ақ бұл сыйлық әлеуметтік маңызы бар және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға ықпал ету үшін өткізілген еді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ