Қонаев қаласындағы орталық алаңда облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен индустриалдық және инновациялық даму басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Мақсаты – экономикамыздың негізгі күші саналатын агроөнеркәсіптік кешендегі бәсекеге қабілетті, сапалы әрі бірегей өнімдерді нарыққа шығару, шет елдерге экспорттау арқылы ауылдық аймақтардың дамуына үлес қосу.
Жәрмеңке форматындағы көрмені облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев ашып, 10 жылдан астам уақыт бойы жыл сайын өткізіліп келе жатқан осы байқау арқылы халық арасында сапа идеясы кеңінен танылып, ел нарығы бәсекеге қабілетті өніммен толығатынын атап өтті.
– Былтыр облыс көлеміндегі 319 елдімекенде 32 млд теңгеге 1266 кәсіпкерлік нысаны ашылды. Аталған жобалар 3,5 мың ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бір мыңнан астам ауыл тұрғыны 8 млд теңгенің несиесін алды. Жастарға шағын несие беру бойынша 387 азамат 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды, – деген облыс әкімінің орынбасары барлық қатысушыларға өңір экономикасының дамуына лайықты үлес қосып, халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салғандары үшін алғыс білдірді. Одан кейін сөз кезегі облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевке берілді.
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Әрдайым кәсіпкерлерді қолдау жолында аянбай еңбек етеміз. «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі облыстың жаңа орталығында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бизнеспен айналысуға қызығушылық танытып, өз ісін бастап жатқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Бүгінде облыста 140,6 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайызға артық. Бірінші тоқсанда осы салада 241,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға артық. Кәсіпорындар саны бойынша жетекші орындардың бірін ауыл шаруашылығы алады. Бұл – мемлекет үшін де аса маңызды көрсеткіш. Жергілікті шикізат өнімдерінен құралған көрмедегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпіліс береді. Сондай-ақ маркетингтік қолдау, сертификаттандыру сынды артықшылықтарға ие болу мүмкіндігі бар.
70-тен астам кәсіпкер бүгінгі көрмеде өз өнімін ұсынды. Қыз-келіншектер мен әйелдердің іскерлік ортада белсенділігін арттыруға бағытталған іскер әйелдер кеңесінің де атқарған жұмыстарының нәтижесіне куә болып отырсыздар. Көрмедегі киім-кешектер, тағам түрлері, көрпе-жастықтар және тағы басқа өнімдердің барлығы – әйелдердің кәсіпкерлік әлеуеті елімізде қарқынды дамып келе жатқандығының бір көрінісі. Бүгінгі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры.
Бұл көрме бұған дейін барлық ауданда өткізілген. Солардың арасынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмыс тобы талапқа сай келетін 70-ке жуық қатысушыны таңдап алған. Іріктеуден іркілмеген кәсіпкерлер облыс орталығындағы көрмеде өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Қала тұрғындары мен қонақтары аудандардан әкелінген ұлттық сүт өнімдерінің дәмін татып көріп, сапасының жоғары екенін жарыса айтып, нарыққа кеңінен шығарылуына сәттілік тіледі. Сонымен бірге облыс орталығының жұртшылығы көлөнершілердің қолынан шыққан бұйымдар мен бал өнімдерін қызыға тамашалады. 100 пайыз табиғи өнімді сатып алушылар да табылды.
Орталық алаңда орнатылған еңселі сахнада облыстық Сүйінбай атындағы филармония ұжымы концерт қойды. Белсенді қатысушыларға облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ бренд-комитетінің шешімімен әділ түрде 3 кәсіпкер анықталады. Олар 5 млн теңгеге дейін грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Өткен ғасырдың соңында Жапонияда пайда болған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ел экономикасын жақсартудың тиімді құралы. Мұның бір ерекшелігі, өнімге қажет шикізат сол ауылдан болуы керек. Бұл қағида құны жоғары тауарларды іріктеп шығаруға негізделген. Аталған жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру, кірісті арттыру, бәсеке қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Осылайша, олар жергілікті құндылықты баса көрсетіп, жаһандық нарықта отандық өнімдерді дамытуға ұмтылатын болады.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы