Ұйғыр ауданына қарасты Ават ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Жылдар бойы ауызсудың азабын тартқан халық енді ел қатарлы таза су тұтынбақ. Кеңес одағы кезінде, яғни 50-60 жыл бұрын тартылған су құбыры жүйесі бұл күнде тозығы жетіп, тамтығы қалмаған. Ауызсу ауылда бар деп айтудың өзі ұят-тұғын. Аваттықтар әр жерде қылтиған ескі колонкалардан сыздықтап аққан суға сағаттап кезекке тұратын.
2022 жылы Ават ауылындағы су құбыры жүйесін жөндеу жұмыстары 788 миллион 557 мың теңгеге бағаланып, тамыз айында «СМУ Шығыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Сол жылы 50 млн теңге бөлініп, құбыр тарту қолға алынған еді. Үш жылға жоспарланған жобаға 2023 жылы 711 млн теңге қарастырылған. Қалған қаражат биыл бөлініп отыр. Бүгінде 550 тұрғын үйі бар Ават ауылында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері ауыл көшелеріне толықтай құбырлар тартылып, тау өзенінің суы 500 текше метр су жинауға арналған екі резервуарға жинақталды.
Техникалық қадағалушы – «Қоблан эксперт» мекемесі де өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарағаны байқалады. Қолға алынған іс мерзімінен бұрын аяқталатын сияқты. Бүгінде жұмыстың 90 пайыздан астамы орындалған. Ауылдағы 550 үйге су құбыры тартылды. Тіпті ауызсуды пайдаланып жатқан отбасылар да бар. Өкініштісі сол, қолда бардың қадірін білмейтіндер әзірге су есептегіш құралы орнатылмай, тегін жатқан суды барынша ағызып, ысырап жасауда. Ауылдың төменгі жағындағы тұрғындар суды бейберекет пайдалануынан жоғары жақта орналасқан үйлерге жетпей жатыр. Бұл ауыл түрғындарының алаңдаушылығын тудыруда. Себебі ертеңгі күні дәл осылай су шықпай, әбігерге салып, мемлекеттің қоржынынан жырып алған қаражат желге ұша ма деп қорқады. Ал мамандар суды үнемдесе, ондай олқылық орын алмайды деп сендіруде.
Бүгінгі күні әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінуде. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Жыл сайын таза судың жоқтығынан, антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Өкініштісі, оның көбі – балалар. Ал ғалымдардың пікірінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тапшылығы дағдарысы шын мәнінде әлемдік сипат алмақ.
Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауызсу мәселесі бар. Ал бұл мәселе жыл өткен сайын өршімесе, азаймақ емес. Осыған орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мүсілім Амангелді: «Әр тұрғын суды барынша үнемдеп пайдаланып, су тапшылығының болмауына өз үлесімізді қоссақ, бұл біздің азаматтығымыз ғана емес, болашақ ұрпақ үшін жасаған қамқорлығымыз болар еді», – деді. Расымен, судың да сұрауы бар. Табиғаттың берген тамаша сыйын сарқа пайдаланбай, болашаққа да аманат етсек, абзал болады.
Сонымен, аваттықтар ауызсуға қол жеткізіп, таза судан таршылық көрмейтін күн де алыс емес. Бұл – мемлекетіміздің өз азаматтарына жасап жатқан қамқорлығының көрінісі.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы