Қазақ – қашаннан бауырмал халық. Қай дәуірде де елімізден пана іздеп келген ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеген. Қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпэтносты мемлекет болып қалыптасты. Бүгінде елімізде 136 ұлт пен ұлыс өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Тәуелсіз мемлекетіміздің дамып, өркендеуі жолында өзара келісім, ұлт татулығын сақтау, бейбітшілік, ынтымақ пен бірлікте өмір сүру басты қағидаға айналған. Тәуелсіз Қазақстанда барлық ұлттың өз салтын, тілін сақтауға мүмкіндік бар. Немен айналысамын десе де, ешқандай кедергі жоқ. Қоғамда еркін өмір сүріп келеді. Солардың ішінде қазақ мектептерімен етене жақын жұмыс істеп жатқан аралас білім ордаларын ерекшелеп айтуға болады. Тарихы терең білім ошағының бірі – Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл Ту елдімекенінде орналасқан №24 жалпы орта білім беретін мектеп. Тарихына үңілсек, өз бастауын 1988 жылдан бастаған қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде ілім үйрететін мектепте қазір 2074 оқушы білім алуда. Ғылымның қыр-сырын меңгеріп, бойындағы бар білімін оқушыларына сіңіріп отырған жалпы ұстаздар саны – 155, соның ішінде, ұйғыр ұлты өкілдерінен 19 ұстаз еңбек етуде. Жаңа заман талабына сай, ақыл-парасаты мол өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ұйғыр сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер де қажырлы еңбек етуде. Солардың бірі, ұлағатты ұстаз – Айнурам Амутова. Еңбек өтілі – 30 жыл. Ол Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының «Қамқор» медалін және Құрмет грамотасын иелген. Дәл осындай ұстазымыз Надиям Ақберованың да еңбек өтілі отыз жылдан асқан білікті маман. Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы жанындағы әйелдер кеңесінің «Меһриван ана» медалінің иегері. Шәкірттеріне адал еңбек етіп жүрген білікті маман.
– Қазақстанда ұйғыр ағайын Панфилов, Ұйғыр, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алматы қаласында шоғырланған.Ұйғыр халқы мәдениеті мен тілін сақтап, Қазақстан азаматы ретінде елімізді өркендетіп, адал еңбек етуде. Қызыл Ту ауылында тұратын азаматтардың қайсысын қарасаңыз да, бәрі жарасымды өмір сүріп жатыр. Мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап отыр.Ұлттық дәстүріміз бен қағидаларымызды ұстануға, сақтауға барлық мүмкіншілік бар. Оқу орталықтары да жетерлік. Ассамблея жұмыстары, барлық бағдарлама сәтті жүзеге асырылып жатыр, – дейді білікті ұстаз Надиям Ақберова.
Тұрғылықты халықпен бүгінде туыс болған жағдай өте көп. Ұйғырлардың көбі қазақтармен құдаласқан. Былай айтсақ, әрбір ұйғырдың отбасында бір адам қазақ ұлтымен туыс болып шығады. Яғни қазақтар мен ұйғырлар мың жылдық құда болып отыр. Ондай отбасылар өте көп. Пайызбен алсақ, ұйғыр-қазақ болып араласқан құдалар елу пайыздан асады.
Аралас отбасылардың саны өте көп. Бірі қыз алса, енді бір отбасы қазақтарға қыз берген. Біз туыспыз, осы туыстықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше, облыстағы этностардың, ұлттардың ынтымағын арттырудағы орны айырықша.
Ұлтаралық татулық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Аралас мектеп арасында балаларды ұлтқа бөлмей, ауызбіршілікке тәрбиелесек, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Тәуелсіздік тұғырын әрқашан биік ұстайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз одан әрі жараса берсін демекпіз!
Айнұр Нұржақып