Бесағаш ауылдық округі – Талғар ауданындағы ең ірі әрі экономикалық дамыған өңірлердің бірі. Алматыға жақын орналасқан елдімекенде соңғы бірнеше жылда халық саны еселеп өсті. Агломерация аумағында қаралатын Бесағаш ауылының тұрғындары облыста да, мегаполисте де белсенді жұмыс істейді. Алып шаһар түбіндегі қарқынды динамика мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерді де шешуге қосымша күш талап етеді. Әсіресе, мұнда мектеп жетіспеушілігі, балабақшаның аздығы, инфрақұрылым, ауызсу, электр энергиясы сияқты шешімін күткен өзекті мәселелер баршылық. Өңірдегі проблемалардың Жол картасына сәйкес, облыстағы түйінді мәселелердің төрттен бір бөлігі осы Талғар ауданына, Алматы түбіндегі ауылдарға тиесілі. Осындай шешімін күткен әлеуметтік тақырыптар аясында біз Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісовпен әңгімелескен едік.
– Ернар Ниетбайұлы, жазғы уақыттағы ең өзекті мәселенің бірі – ауызсу тапшылығы екені баршамызға мәлім. Тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымның негізгі бөлігі осы ауызсуға қатысты болады. Бұл мәселені халық көп жылдан бері көтеріп келеді. Жергілікті әкімдік өкілдері жағдайды түзеп, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін не істеп жатыр?
– Сөзіңіздің жаны бар. Рас айтасыз, ауыл ғана емес, жалпы Талғар ауданы тұрғындарының 90 пайызы су тапшылығына байланысты шағымданады. Тұрғындар саны өсіп, шаруашылық көбейген сайын су тапшылығы тіптен қатты сезіле бастады. Бұл мәселе, әсіресе, жаз мезгілінде, суару маусымы қызған шақта білінеді. Суға сұраныс Бесағаш ауылының оңтүстік жағында көп байқалады. Онда қазіргі таңда «Бауэр ЛТД» ЖШС сумен қамтамасыз етуге жауапты. Бұл жерге жауапты бұрынғы компания банкрот болды. Оның да кері әсері тиді. Мұнда су құбырлары ескірген, тұтынушылар саны бірнеше есеге артқан. Жазда су қысымы төмендеп кетеді. Осы уақыт аралығында жергілікті атқарушы орган су қоймасын толтыру жылдамдығын арттыру мақсатында «Орынтай», «Луч Востока» ықшамаудандары мен кейбір көшелерде, 9-шақырым тұрғындарына суды үзіліспен беру кестесін құрды. Бұл туралы барлық тұрғындар хабардар. Сондай-ақ, Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Талғар су» қоймасы жанындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынмен бірлесе отырып, қосымша құбыр тарту, бір сөзбен айтқанда, суды үздіксіз беру үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде. Жуырда аудан әкімі депутаттармен бірлесіп, су мәселесі бойынша тұрғындармен жиын өткізді. Бүгінде су тапшылығына байланысты Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде «Су құбырларын тарту» жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ, «Талғар су» қоймасындағы су құбыры желісінің деректерін жекеменшіктен коммуналдық-мемлекеттік мекемеге беру бойынша процесс басталып, жауапты орган өкілдері талқылап жатыр. Бұл қадам жүзеге асса, көп мәселенің түйіні тарқатылады.
– Ауыл тұрғындарымен кездесуде мемлекет тарапынан әзірленген «Бесағаш-Оңтүстік» деп аталатын су құбырының жобасын таныстырдыңыз. Бұл қандай жоба? Егер аталмыш жоба қолға алынса, суға мұқтаж халықтың қажетін толық өтей ме?
– Сіз айтып отырған «Ауылдағы су құбырының құрылысы. Бесағаш (оңтүстік бөлігі)» деп аталатын жаңа жоба Талғар ауданы әкімдігінің қаулысымен әзірленген. Жоба бойынша 31,3 шақырымдық су құбыры желісі тартылады. Құрылыстың стандартты ұзақтығы 12 айды құрайды. Бұл құрылым су үзілісін болдырмайтын екі секцияда су қабылдағыштары бар жерүсті көзі болып саналады. Жоба 2023 жылы әзірленді, мемлекеттік ведомство қарап, одан тыс арнайы сараптамадан оң қорытынды беріліп, сол жылдың қазан айында мақұлданды. 2023 жылдың желтоқсан айында «Аскади» ЖШС-мен құрылысқа келісімшарт жасалды. Оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Құрылыс мерзімі екі жылды қамтиды. Аяқталу мерзімі – 2025 жылдың шілдесі. Жоба аяқталған соң ауданның бүкіл оңтүстік бөлігін сумен қамту мәселесі шешілетін болады.
– Талғар өңірінде су тапшылығы қашанға дейін жалғаса береді? Түпкілікті шешімін таппаса, бұл мәселенің ушыққаны-ушыққан сияқты. Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесіне нүкте қойылар күн жақын ба?
– Баршаға белгілі, былтыр өңірді сумен қамтуға жауапты «Тас-Құм Су» ЖШС-ында күрделі қаржылық жағдай туындады. Олардың банкротқа ұшырау үдерісіне байланысты тұрғындарды сумен қамтуды жергілікті әкімдік өз мойнына алды. Сөйтіп, су тасымалын бір ретке келтірдік. «Бауэр ЛТД» ЖШС-ның келуімен жергілікті атқарушы органның, сондай-ақ Талғар ауданы әкімдігі басшылығының қатысуымен аталған мекеме сумен қамту мәселесін оңтайлы шешіп беріп отыр.
2024 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша, қоймада су беру деңгейі айтарлықтай жақсарды. Су кесте бойынша беріледі. Түнде 5 сағат, күндіз 5 сағат тұрғындар үшін су қолжетімді. Әрине, бұл – қазіргі күрделі жағдайдан шығудың уақытша шешімі. Осы ретте өңір тұрғындарына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Күз басталысымен бұл мәселе шешілуі керек деп күтіп отырмыз. Қыркүйек айынан бастап ауызсуды үздіксіз беру жоспарланған.
– Бүгінгі таңда бесағаштықтарды тағы қандай мәселе толғандырады? Тұрғындар көтерген мәселелер, сын-ескертпе, ұсыныс-тілектер дер кезінде орындала ма?
– Біз қатты назар аударатын мәселенің бірі – көшкіннен келетін қатер, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу қаупі. Талғар өңірі таулы болғандықтан, мұндай жағдайға сақадай-сай тұруымыз керек. Биыл «Бурабай» саяжай қалашығында төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бойынша елеулі жұмыс атқардық. Төтенше жағдай қайталанбас үшін қауіптің алдын алатын тірек қабырғалары мен суару арықтары орнатылып, кәріз жүйесі жүргізілді, каскадтық әдіспен тау сілемдері кесілді. Біз, сондай-ақ, құрғақ және зақымдалған ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын үнемі жүргіземіз. Күнделікті санитарлық қоқыстарды жинау, шөп шабу жұмыстары күнделікті кестемізге кірді. Әсіресе, қыс мезгілінде ауыл көшелерін күтіп ұстауға көп көңіл бөлеміз.
Біз электр және газ желілеріндегі апаттарды, су деңгейінің көтерілуін және өрттің алдын аламыз. Өңір бюджеті 273 млн теңге көлемін құрайды. Әрине, біз азаматтарды күнде қабылдап, өтініштерін тыңдап, мүмкіндігінше туындаған мәселелер бойынша тиісті шаралар қолданамыз. Ауылдағы жолдарды жөндеуге тұрғындардан арыз-шағым көп. Жолдарды күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 18 миллион теңге бөлініп, барлығы толықтай игерілген. Ю.Гагарин, Райымбек көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 млн 556 мың теңгеге шұңқырлар жабылды. Ш.Уәлиханов және Жерұйық көшелерінің бойындағы 4 шақырым жол жөнделді.
Көшелерді жарықтандыруға келсек, оларға 43 млн 457 мың теңге бөлінген. Осы қаражаттың арқасында 22 көшеге 460 дана шам орнатылды. Биыл жыл соңына дейін 29 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Оларды «Hayat Apartmens» компаниясы салып жатыр.
Бесағаш ауылдық округінде жүйелі жүріп жатқан жұмыс реті осындай. Әрине, проблемалар жетерлік. Тұрғындар өтініші, талап-арызы, ескертпелері назардан тыс қалмайды. Оны аудан басшылығы да, халық та жиі айтуда. Тұрғындар өздерінің пікірлерін, ұсыныстарын бірінші кезекте ауылдық округ әкіміне айтады. Егер осы кезеңде олар нақты және сауатты түсініктеме, жауап алса, бұл үлкен сенім сыйлайды. Адамдар дауысымыз жауапты өкілдерге жетіп жатыр екен ғой деп ойлайды. Расымен солай. Біз ешкімнің сөзін сырт қалдырмай, мәселесін шешіп беруге бар күшімізді саламыз. Ауылдық округ әкімі өтініш-тілектерге жедел жауап берсе, тұрғындар өз аймағын дамытуға атсалысатынын, өздерін ел патриоты сезіне бастайды. Әрине, дін мәселенің барлығы бірден шешілмейді, бірақ әкімдік пен тұрғындар арасында диалогтың жолға қойылғаны маңызды. Адамдар шешім қабылдау кезінде олардың пікірлері ескерілетінін көреді, бұл азаматтар мен Үкімет арасындағы сенім мен өзара әрекеттесуді қалыптастыруға көмектеседі.
Мұндай өзара іс-қимыл ағымдағы мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар аудан өмірін жақсартуға бағытталған бастамаларды дамытуға да оң ықпалын тигізеді. Әрбір тұрғын өзін осы кезеңнің қатысушысы ретінде сезінгенде, жалпы адамға ортақ игілікке ұмтылу деген жауапкершілік сезімі қалыптасады. Бұл, сайып келгенде, бүкіл ауылдық округтің өміріне оң өзгеріс әкеледі. Бұқара үні билік назарында!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Фатима ЕРЖАНОВА
Талғар ауданы