Бүгін редакциямызда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев. Спикер халықты толғандырған жүйе аясындағы өзекті сауалдарға жауап беріп, мәселенің күрмеуін тарқатпақ.
– Тілеухан Шілдебайұлы, студиямызға қош келдіңіз. МӘМС жүйесі іске қосылғалы халық арасында үлкен дау туды. Бірі тиімді десе, екінші тарап оның реформаланғанын қалайды. Жалпы қор өкілі ретінде сізден халық үшін несімен тиімді екенін білгіміз келеді. Сұхбатымызды осы сұрақтан бастасақ.
– Жүйенің ең басындағы миссиясы – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы елдің әрбір азаматын күтпеген жерден жоғары шығыстардан қаржылық қорғауды қамтамасыз ету болатын. Қазірде біз бұл мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Өйткені, Алматы облысында 9 млн, 11 млн теңге тұратын оталарды МӘМС есебінен алып, ота жасатқан талай тұрғынды көрдік. Олардың ризашылықтарына куәміз. Сондықтан бұл жүйені халыққа пайдасы жоқ деп айту негізсіз.
– Сонда сақтандырылудың артықшылықтарын неде?
– МӘМС тізбесінде медициналық көмек «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі бар азаматтарға көрсетіледі. Яғни, сіз «сақтандырылған» мәртебесін алғаннан кейін МӘМС пакетіндегі қажетті медициналық көмектің барлық түріне жүгіне аласыз. Ол сіздің салып жатқан жарнаңыздың мөлшеріне қарамайды. Мәселен, дербес төлеушілер айына 4250 теңгеден төлейді. Ол бір жылда 51 000 теңге болады. Дәл сол адам бірнеше миллион тұратын ота жасатуға мүмкіндігі бар. Қажеттілік болса, әрине. Міне, осылай жарна төлейтін азаматтар тек өзіне ғана емес, өзгеге де үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, Қарасай ауданында бірнеше ай бұрын созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан тұрғынға 9 млн теңгенің отасы жасалды. Жыл басынан жүрекке бұл ауруханада 500-ден астам жоспарлы түрде тегін ота жасалған.
– Жалпы, жарнасын уақытылы төлеп отырған азамат МӘМС шеңберінде шетелде емделе ала ма?
– Бағдарлама шеңберінде пациенттер шетелге емделуге жіберіледі немесе Қазақстан ауруханаларға операциялар жүргізу үшін шетелдік мамандарды шақырады. Шетелде емделуге балалар да ересектер де құқылы. Қазақстан Республикасында жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке айғақтар болған кезде 18 жасқа дейінгі балалар. Ересектер, Қазақстан Республикасының азаматтары шетелге емделуге жіберілетін аурулар тізбесіне сәйкес, миға радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) қажет ететін ісіктер; көздің қатерлі ісіктері (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар); кератопротездеу; көмейдің стенозы; кеңірдек стенозы сияқты ауруларды емдеу кезінде науқас шетелге жіберіледі.
Ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасында жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсетілім болған кезде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметшілері емделеді.
– Емхана деңгейінде қандай оңалту алуға болады?
– Оңалту медициналық қызметтерін алу үшін сіз өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізбен байланысуыңыз керек. Анамнезді жинап, егжей-тегжейлерін нақтылағаннан кейін учаскелік дәрігер оңалтушыға жолдама береді немесе пациенттің құжаттарын көпсалалы топтың (КСТ) қарауына жолдайды.
Емханада тәулік бойы бақылау және емдеу талап етілмейтін жағдайларда амбулаториялық деңгейде оңалтуға болады. Бұл емхананың жабдықталуына, науқастың жағдайына және оның ауруына байланысты.
Амбулаториялық деңгейде оңалтудың үшінші кезеңін ғана жүргізуге болады, егер пациенттің жағдайы мүмкіндік берсе, оны тек дәрігер немесе КСТ анықтай алады.
Медициналық оңалту қызметтерінің негізгі көлемін МӘМС пакетінде алуға болады. ТМККК-ға туберкулезбен ауыратын науқастарды оңалту бойынша медициналық қызметтер кіреді. Мәселен, биыл Қонаев қалалық ауруханасының Неврология бөлімшесінде 100-ден астам адам оңалтудан өткен. Олардың 40-қа жуығы бала. Айта кетерлігі, Жамбыл аудандық ауруханасына қарасты «Қамқорлық» оңалту орталығы бар. Осы жылы нысан 800-балаға МӘМС есебінен тегін ем-шара жүргізген. Жыл соңына дейін «Қамқорлықта» 2 мыңға тарта ерекше жанды қабылдау жоспарланып отыр.
– Мен мысалы, қорға аударылған ақшамды пайдаланбасам, ол сақталып тұрады ма? Сол сияқты науқас медициналық көмекке жүгінбесе, оның жарналары қайда кетеді?
– Қор ол жинақтаушы емес. Ол ортақ. Яғни, түскен қаражат ауруханаға келген азаматтардың игілігіне жұмсалады. Нақтырақ айтсақ, науқас адамдардың қажетті ем алуына басқалар да өз үлесін тигізеді. МӘМС енгізілгеннен кейін аудандық ауруханалардың бюджеті едәуір ұлғайды. Қаражаттардың бөлінуі нәтижесінде аудандық ауруханаларда “жоғары технологияларды қолдану арқылы нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология сынды күрделі оталар қолжетімді бола бастады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Мысалда қарастырайық. Бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам 100 мыңнан аса теңге жинайды деп ойлайық (мысал). Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ, бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады. Яғни, бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін. Бұл жерде МӘМС-тің жинауқтаушы қор емес екенін тағы еске саламын. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді.
– МӘМС жүйесінде Алматы облысының тұрғындарының қаншасы сақтандырылған?
– Алмат облысында 1 млн 500 мыңнан астам тұрғын бар. Бүгінде біздің аймақта сақтандырылған халық саны 1 млн 200 мыңнан асады.
– Әлі қанша адам адам медициналық сақтандырылмады? Оған себеп не?
– Ал, сақтандырылмаған адамдар саны шамамен 300 мыңнан асады. Күн санап МӘМС-тің тиімділігін көріп, сақтандыру мәртебесін алып жатқан азаматтар қатары артып келеді.
– Медициналық сақтандыру қорының пайдасы жайлы бірі білсе, бірі біле бермейді. Халық арасында осы бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізіле ма?
– Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы, соның ішінде күрделі, әрі қымбат оталар мен жоғары медициналық көмек, дәрігерлермен сұхбат, МӘМС мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат әлеуметтік желіде, мерзімді баспасөзде тұрақты түрде жарияланып тұрады. Мысалы, биыл әлеуметтік желіде 1000-ға жуық жазба, электронды БАҚ-та 245 ақпарат, газетте 10-нан аса мақала, телеарнада 73 сюжет жарыққа шықты. Сондай-ақ, біздің филиал қызметкерлері халық көп шоғырланған орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Мәселен, маусым айында Қонаевта такси жүргізушілерімен кездесіп, ақпараттандыру шарасы өткізілді. Мұндай жұмыстар алда қарқынды түрде жалғасады.
– Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағы қалай?
– Тегін дәрі-дәрмек алу үшін Сіз тіркелген жеріңіздегі жергілікті дәрігерге (медбикеге) баруыңыз керек. Учаскелік дәрігер/ медбике дәрі-дәрмектің Халықаралық жалпы атауын көрсететін рецепт береді (сауда атауымен шатастыруға болмайды). Рецепт пен жеке куәлікпен сіз тіркелген емхананың дәріханасына барып, дәрі-дәрмек алуыңыз керек. Дәрі-дәрмектің қолданылуына байланысты оларды 3 айға дейін қабылдауға болады. Кейбір аурулар үшін міндетті шарт – диспансерлік есепте болу.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, жұқпалы және паразиттік аурулар, ас қорыту ауруалары, эндокриндік бұзылулар; жүйке жүйесінің аурулары, көз аурулары, қан айналымы жүйесінің аурулары, тыныс алу органдарының аурулары бар.
Бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 347 атауы бойынша 49 ауру түріне, МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 265 атауы бойынша 79 ауру түрі қамтамасыз етіледі.
– Осы МӘМС жүйесіне, атап айтқанда медициналық ұйымдарға түсетін шағымдарды сарапқа саласыздар ма?
– Әрине, қордың міндеттерінің бірі пациенттермен кері байланысты бақылау болып табылады. СRM (клиенттермен қарым-қатынасты басқару жүйесі) бағдарламасы енгізілген сәттен бастап барлық өтініштер бойынша талдамалық жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан 800-ден өтініш келіп түсті (консультацияның алғысы, сақтандыру мәртебесі). Сондай-ақ, бізде арнайы мониторинг бөлімі бар. Келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері бойынша тоқсан сайын құзыреті шегінде ұйымдастырушылық және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін облыстың денсаулық сақтау басқармасына мониторинг жіберіледі. Барлық өтініштер қаралып, өтініш берушілерге жауаптар берілді.
Айта кету керек, медициналық ұйымдағы бұзушылықтың нақты фактілері мен мән-жайлары бойынша тұрғындар шағымды 1414 Бірыңғай байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы растайтын құжаттар қосымшасы арқылы қалдыра алады.
Шағымды Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында ресімдеу үшін дұрыс санатты таңдау қажет. Бұл жерде тізілімде медициналық ұйымды көрсетуі керек. Әрі қарай, ЖСН, аты-жөнін көрсетіп, нақты өтініш беру күндерімен жағдайды толығырақ сипаттауы тиіс.
– Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыздарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат бар. Бұл қатарда «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Оларға жарна төлеудің қажеті жоқ. Яғни, ай сайын бұл жеңілдік санатындағы азаматтарға мемлекет төлем жасайды. Бұл қатарға балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға, мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар, бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
– Осы орайда, ауылдағы ағайынның жайына ойыссақ. Шалғай аудандар мен ауылдардағы елдің медициналық сақтандырылуы қай деңгейде, шетте қалып жатқан жоқ па?
– Мұнда ауыл, қала тұрғындары деп бөлінбейді. Барлық тұрғынға бірдей медициналық көмек көрсетіледі. Ауылды жерде жоқ қызмет, жолдама арқылы басқа емханадан көрсетіледі. Десе де, атап өткім келеді. Қазірде аудан орталықтарында орналасқан ауруханалар бұрын соңды өзге Алматы, Астана сынды ірі қалалар, тіптен шетелде жасалатын оталар біздің ауылдық жерде орналасқан орталық ауруханаларда қолжетімді. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
-Сұхбатыңызға рахмет!