Талғар аудандық Мәдениет үйінде «Білімге қадам» республикалық қайырымдылық шарасы өтті. Онда «Respublica» партиясының өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан 1 қыркүйекте алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын 36 бүлдіршінге мектеп сөмкелерін тапсырды.
Биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, аудан тұрғындарының игілігіне тапсырылған Мәдениет үйінің әсем безендірілген фойесіне балалар, олардың ата-аналары, аудандық білім бөлімінің өкілдері жиналды. Шараға «Respublica» партиясының тең төрағасы, «San Tyres» компаниясының президенті Сырымбек Тау, партияның орталық аппаратының жетекшісі Жанат Ысқақов, партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек, жергілікті жұртшылық өкілдері қатысты.
Қайырымдылық шара Мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған «Алаш арыстары» әнімен басталып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл сыйлады. Шара кезінде сөз алған Сырымбек Тау өзінің кәсіпкерлік қызметін алғаш осы Талғар ауданында бастап, мал шаруашылығымен айналысқанын, бұл өңірді, оның тұрғындарын жақсы көретінін, сондықтан қолынан келгенше әрдайым көмек қолын созып, тұрмысы төмен отбасыларға, әсіресе осындай ортада тәрбиеленіп жатқан балаларға жәрдем бергісі келіп тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, «Respublica» партиясының биылғы жылғы қайырымдылық шаралары қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігін аңсаған «Алаш» партиясының тарихи атауы аясында өтіп жатыр.
– Біз бүгін Талғар ауданында тұратын 36 бүлдіршінге «Алаш топтамасы» атауымен мектеп сөмкелерін тапсырамыз. Мұндағы мектепке қажет керек-жарақтарда Алаш арыстарының қанатты сөздері жазылып, олар халқымыздың тарихы мен ұлттық құндылықтарын дәріптейді. Республика бойынша 1600 отбасының балаларына осындай сөмкелер сыйлаймыз деп шештік. Оған 50 миллион теңге жұмсадық. Ол сөмкелердің басым бөлігі немесе 1200-і су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілді. Қалған 200-ін Алматы және Жетісу облысының балаларына беруге ұйғардық. Жас ұрпақ өзгелерге емес, өзіміздің Алаш арыстарына, даңқты ата-бабаларымызға еліктесін, солардың жолын қусын, келешекте еліне, халқына адал қызмет ететін отаншыл азаматтар болып өссін деген ниетпен сөмкелерді «Алаш топтамасы» деп атадық, – деді Сырымбек Тау.
Ал Жанат Ысқақов мұндай шаралар бүкіл ел көлімінде өтіп жатқанын, «Respublica» партиясы да қайырымдылық істен шет қалмай, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше көмек көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
Шараға балаларын ертіп келген ата-аналар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ел тағдырына, халқымыздың жағдайына бейжай қарамайтын елгезек те белсенді, іскер де отаншыл азаматтардың көбейе беруіне тілектес екендіктерін жеткізді.
Қайырымдылық шара аудан өнерпаздарының концертімен аяқталды.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы