Қайнар – Талғар ауданындағы ең үлкен ауылдық округ. Қазір оның құрамында 10 елдімекен бар. Осы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауызсу, көгілдір отын, балалардың оқушы орнымен қамтылуы жайында ауылдық округ әкімі Нұрбол Есенбаевпен сұхбаттастық.
– Нұрбол Ерікұлы, ең алдымен ауылдық округтің бүгінгі жағдайы, ерекшеліктері жайлы айтсаңыз.
– Қайнар ауылдық округіне биылға дейін 12 елдімекен қарайтын. 9 қаңтарда Президент Жарлығымен Дәулет және Қайрат ауылдары жаңадан құрылған Алатау қаласының құрамына кірді. Нақты тұрып жатқаны 50 мыңға жуықтайды. Өйткені аумақта 25 жаңа құрылыс және 12 саяжай бар. Оның басты себебі ауылдың ел экономикасында өзіндік орны бар алып шаһар Алматы мен облыс орталығы Қонаев қаласының ортасында орналасуынан деп ойлаймын.
Ауылдық округте 11 мемлекеттік және 5 техникалық қызметкерге штат берілген. Бірақ іс жүзінде 4 мемлекеттік қызметкер, атап айтқанда – есепші, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық маманы, кадр бөлімінің инспекторы және іс жүргізушінің орны бос тұр. Яғни 35 пайыз мемлекеттік қызметші жетіспейді. Округ аумағындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өткен аптада әлеуметтік желіде теріс сипаттағы бір пікір анықталып, оған толық жауап берілді. Басқа жарияланымдар болмады.
– Салықтық түсімдердің, бюджеттің орындалуы қалай?
– 2024 жылдың 21 тамызына дейінгі көрсеткіш бойынша салық түсімдерінің орындалуы жаман емес. Нақты айтсақ, көлік салығынан 90789 мың теңге жиналып, жоспар 100 пайыз орындалды. Жеке табыс салығынан 91263,0 мың теңге жиналып, бұл көрсеткіш 111,7 пайызға жетті.
Ал бюджетке келсек, 2024 жылға барлығы 406,3 млн теңге бөлінді, Әкім апппаратын ұстап тұруға – 64,7 млн теңге, елдімекендерді жарықтандыруға – 81,8 млн теңге, соның ішінде Қайнар ауылдық округі бойынша Жаңалық, Жалғамыс, Еламан ауылдарында 16 мың метр қашықтыққа 200 дана көше бағанасын және 200 дана жарық кронштейндерін орнатып, 35 көшеге жарықтандыру жұмыстары басталды. 30 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге – 11,3 млн теңге, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына – 33,7 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы Жаңалық ауылындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш аумағын күтіп ұстауға, ағаштарды санитарлық кесуге, Көктал ауылындағы зират аумағын қоршауға, хабарландыру баннерлерін ілуге жұмсалады.
Жолдарды күтіп ұстауға 87,5 млн теңге, өңірлерді дамыту бағдарламасына 17,8 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, 2024 жылға Жалғамыс ауылындағы 5 көшеге тас-құм төселіп жатыр. Жаңалық ауылында Алтынсарин, Абай, Байғозин, Батыр баян, Кеңесары, Досмұхамед көшелеріне 3,79 шақырым асфальт төсеу жұмыстары басталды. Еркін, Көктал ауылдарында 9 көшеге мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығып, кезекті мәслихат сессиясында қайта қарастырылады. Жаңалық ауылы Нұрай ықшам ауданындағы Б.Саттарханов көшесіне, Сақтан ауылының 2 көшесіне, Көктал ауылындағы Жағалау көшесіне тас-құм, Жалғамыс ауылындағы Қарақұл батыр көшесіне асфальт төсеуге мемлекеттік сатып алуға хабарландыру беріліп, қорытындысы күтілуде.
– Биылғы жылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасымен санитарлық тазалық, ауылдарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Тазалық – денсаулықтың негізі дейді ғой, бұл өте дұрыс және маңызды бастама болды. Біздің округ тұрғындары да одан шет қалған жоқ. Әр ауылда нақты жұмыстар жүргізіліп, қаншама қоқыстар шығарылды. Барлығын айтпағанда, Жаңалық ауылында орналасқан Қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей мен ескерткіш аумағында бірнеше рет сенбілік өткізіліп, оған ауыл тұрғындары мен ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлері саналы түрде қатысты.
Одан бөлек, елдімекендерде тұрғындардың қоқыстарын шығару бойынша 5 кәсіпкер қызмет көрсетеді. Қосымша округ тарапынан 100 шақырым облыстық, аудандық маңыздағы жолдар мен ауылдардағы көше бойындағы қоқыстарды жинастыру үшін 15 жұмыскер тартылған. Олар сондай-ақ табиғи қоқыс үйінділерін шығару жұмыстарын да жүргізеді.
Округ аумағында 2440 көше жарығы бар, олардың жалпы ұзындығы 90 шақырымнан астам. Қазіргі кезде қалпына келтіру, істен шыққан шамдарды реттеу қолға алынып жатыр.
– Қазір ауылдағы өткір мәселенің бірі – тұрғындарды ауызсумен қамту. Округте бұл жағы қалай?
– Бәрі айналып келгенде ауылдардың қарқынды өсуіне байланысты болып отыр. Мысалы, Қайнар ауылында 300-дей үй бар, «Бетбұрыс» деген саяжай бар. Бұл ауылды ауызсумен қамту мәселесі бұрын ешқандай мемлекеттік мекеменің теңгерімінде болмаған. Биыл соны «Талғар судың» балансына өткіземіз. Осы күнге дейін су беру желісінің жұмысына, оны жөндеуге кететін шығындар жеке демеушілер мен халықтан асарлатып жинаған қаржының есебінен жүргізіліп келді. Соңғы рет сәуір айында 400 мың теңгеге су сорғысын ауыстырып, басқа да жөндеу жұмыстарын жасап бердік. Жаңа желі салу үшін жобалық сметалық құжаттарын жасауға 2022 жылы 10 млн теңге бөлінгенімен, бүгінгі күнге дейін оған жер табылмай келді. Биыл ғана бұл мәселе шешімін тапты.
Тағы бір ауызсу мәселесі қиын болып тұрған ауыл – Еламан. Бұл жерде «Дәнекер» деген компания 2019 жылы тендерден ұтып алып, осы ауылды ауызсумен қамту бойынша жұмысты 2021 жылы аяқтауы тиіс болған. Бірақ уәдесінде тұрмады. Жалпы ел көлемінде бұл компания 100-ге жуық осындай құрылыс нысандарын жүргізу құқын жеңіп алған екен. Қазір оның есеп-шоттары бұғатталған. Сондықтан «Талғар су» қазір қандай жұмыстар қалғанын қарастырып жатыр, мүмкін өз балансына алатын шығар. Негізінде онша көп емес, майда-шұйде – қақпақтарын ауыстыру, құбырлардың жалғанатын жерлерін жасау сияқты жұмыстары қалды.
Жаңалық ауылында ресми тіркелген 4900 адам тұрады. Іс жүзінде одан бірнеше есе көп. Онда 2300 аула, 8 шағын аудан бар. 2016 жылы су тартылған, бірақ ол 1000 үйге ғана есептелген. Жаңа құрылыстың көбеюіне және ара қашықтықтың 5 шақырымға дейін ұлғаюына байланысты су бәріне жетпейді. Сондықтан құбыр желілерінің көлемін ұлғайту жөнінде жоба дайындалып жатыр.
Сондай-ақ қазір 5000 адам тұратын Айғаным шағын ауданындағы 80 үйде су жоқ. Оның басты себебі, бұл үйлер жобаға енбей қалған. Олардың бәрі суды өздері құдық қазып, баспа крандарынан алып отыр.
– Халық санының өсіп жатқаны жақсы, бірақ балаларды оқушы орнымен қамту, мектептердегі үш ауысым мәселесін жою қалай шешіліп жатыр?
– Бұрын бізде Дәулет ауылын қосқанда 5 мектеп болған, қазір 4 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында қосымша үш мектептің құрылысы басталды. Атап айтқанда, Айғаным ауылында бір 600 орындық мектеп, Жалғамыс ауылында тағы бір 600 орынды мектеп және Жаңалықта 900 орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Егер осы білім шаңырақтары пайдалануға берілсе, үш ауысымда оқыту толықтай жойылады.
Мектепке қатысты үлкен бір түйткілді мәселе – Көктал ауылында мектеп жоқ. Мұнда 500 үй бар, оларда 2,5 мыңнан аса адам тұрады. 200 бала Еркін ауылындағы №26 мектепке барады, одан бөлек 150 баланы ата-аналары өз қаражаты есебінен Өтеген батыр кентіне тасымалдап оқытады. Мектеп салу үшін жер жоқ, ол ауылды дамытудың бас жоспарында қарастырылмаған. Биыл бұл мәселені бас жоспарға енгізгелі отырмыз, келесі жылы жер сатып алсақ, мектептің құрылысы 2026 жылға қарай басталады. Ал оған дейін халықтың саны тағы анағұрлым өсетіні белгілі.
Қазір ауылдық округ аумағында 327 көше бар, соның 150-іне тас-құм төселіп, ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Оған 2024 жылдың басына 4 млрд теңге қаржы керек болған, бізге тек 400 млн теңге бөлді. Бұл 12-15 көшеге ғана жетеді. Жақында мен «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында тағы 6 көшеге қаржы бөлу жөнінде ұсыным бердім.
– Ауылдарға табиғи газ тарту мәселесі қалай шешіліп жатыр? Қанша ауыл көгілдір отынмен қамтылған?
– Қазір бізде Еламан, Көктал ауылдарында газ жоқ. Жуырда Қайнар ауылындағы 39 үйге табиғи газ берілді, әрі қарай қалған үйлер де қосылады. Ал Көкталға газ тарту жұмыстары шамамен 80-85 пайызға орындалды. Бұйыртса, бұл ауылға қараша айында табиғи газ беріледі. Еркін ауылында тек 60 үйде ғана жоқ, себебі кезінде жоспарға енгізілмеген, ал тұрғындар инвестиция тарту арқылы газ беруге келіспей отыр. Ал Жаңалық ауылына мемлекеттің қатысуынсыз, инвесторлардың көмегімен газ тартылып жатқанымен, ол тым ұзаққа созылуда. Еламан ауылындағы 300-дей үйден 100-ден астамы газ тарту бойынша жобаға енбей қалған. Көбіне осындай жағдайлар.
– Сіздің ойыңызша, ауылдарды дамытудағы ең өзекті мәселе неде?
– Мен өзім ауылдық округ әкімі болып сайланбастан бұрын 10 жылдай Еркін ауылындағы №26, Жаңалық ауылындағы №37 мектепте және 10 жылға жуық осы әкімдіктің өзінде бас есепші болып қызмет атқардым. Ауылдағы бар жағдайды 100 пайызға жуық білем десем болады. Меніңше, ең басты мәселе – қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Мысалы, бізде 327 көше бар дедік, солардың тең жартысына жуығында жолдың негізі де жоқ. Мен жылдың басында ауылдағы жолдарды жөндеп, тас-құм, асфальт төсеуге 4 млрд теңге, ауылдық округтің ағымдағы шығындары үшін 1,2 млрд теңге сұрадым. Бірақ бізге жол үшін тек 400 млн, ағымдағы шығындар үшін де 400 млн теңге ғана бөлінді. Егер қаржы жеткілікті болса, жұмысты уақытылы атқарар едік. Жоба-жоспарлардың көбі жағдайды нақты барып көрмей, кабинеттерде шешіледі. Топографикалық түсірім жасалмайды, өйткені ол қымбат. Соның салдарынан көп нәрселер енбей қалады. Ал тұрғындар саны жылдан-жылға өсе береді, соған сәйкес мәселелер де қордалана түседі. Егер о баста ауылдың келешекте қалай дамитындығы дұрыс жоспарланып, қажетті әлеуметтік нысандардың бәрі енгізілсе, соған сәйкес тиісті қаржы бөлінсе және ол жымқырылмай, мақсатқа сай игерілсе ешқандай түйткіл болмас еді. Әйтпесе, өзімізге қатысты жұмыстарды лайықты атқарып, мәселелердің дер кезінде шешілуіне толық мүмкіндік бар. Меніңше, ауылдарды дамытудың бас жоспары өте жауапты дайындалып, онда барлығы қамтылуы тиіс. Сонда туындайтын түйткілдер аз болады.
– Округтегі өндіріс орындарына да тоқтала кетсеңіз? «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз кәсіптерін ашып жатқандар бар ма?
– Бізде «Қайрат» индустриялық аймағы орналасқан. Ол жерде «Техно-Николь» компаниясы жұмыс істейді. Бұл мекеме 1 млрд теңгеден астам салық төлейді. Одан бөлек Жаңалық ауылында құрғақ құрылыс қоспаларын және контейнер шығаратын кәсіпорындар бар. Округ аумағында сондай-ақ тағам өндіретін «Әлем-Агро» компаниясы, екі көкөніс сақтау қоймасы, «Сұлтан» фармацевтикалық зауыты, бірнеше шағын кірпіш зауыттары да ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр.
Ал кәсіпкерлікке келсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 30 жоба кәсіпкерлік бөліміне өткізіліп, қазіргі таңда 4 жоба әрқайсысы 9 млн теңгеден қаржыландырылды. 15 жобаның иесі қаржыландырудан өз еркімен бас тартты. Қалған 11 жоба қарастырылып жатыр. Жалпы ауыл халқының әлдеуметтік-тұрмыстық жағдайы жаман емес. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, Алматы қаласы және облыс орталығы жақын. Оның үстіне жаңадан Алатау қаласы бой көтеріп жатыр. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының барынша жұмыспен қамтылуына зор ықпалын тигізіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел игілігі жолындағы жауапты қызметіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан – Құтмағағамбет Қонысбай