Талғар ауданында, дәлірек айтқанда, «Oi-Qaragai» аумағында туризм саласын дамытудағы аймақаралық ынтымақтастық жөнінде кеңес өтті. Оған Алматы қаласының, Ақмола облысының әкімдері және Алматы облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ туризм басқармаларының басшылары қатысты.
Кездесуге Мемлекет басшысының Алматы аумағы мен Ақмола облысындағы Шортанды-Бурабай курорттық аймағындағы туристік нысандарды дамыту қажеттігі туралы тапсырмасы себеп болды. Әрине, туризмді дамыту керектігі бүгін ғана қозғалып отырған мәселе емес. Өйткені жыл өткен сайын саланы дамыту қажеттілігінің астарында тек экономика ғана емес, сонымен қатар елдің имиджін қалыптастыру мақсатындағы тұтас стратегия жатқаны айқындалып отыр.
Әуелде кеңеске қатысушы елдің үш өңірінің өкілдері Алматы қаласында тоқайласып, «Аюсайдағы» атақты визит-орталықта бас қосты. Сол жерде қала әкімі Ерболат Досаев өткен 2023 жылы Алматының ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы деп мойындалғанын, ал оның өз кезегінде елімізге туристер ағынын арттыруға ықпал еткенін жеткізді. Белгілі болғанындай, соңғы жартыжылдықта туризмнен түскен салықтық түсімдер 32,4%-ға артып, 40,6 млрд теңгені құраған.
Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский туристік саладағы Алматы қаласы мен Алматы облысының көшбасшылығын ерекше бөлектеп көрсетті. Ол: «Біз тәжірибе алмасу және бұдан арғы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін бас қосып отырмыз. Мақсат біреу – еліміздің туризм саласындағы тартымдылығын арттыру. Ақмола туралы айтсақ, біздің өңірде де Шортанды-Бурабай, Зеренді курорттық аймақтары, «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық паркі және Қорғалжын қорығы сияқты сияқты табиғи нысандар бар. Десек те, Алматы өңірінің әйгілі табиғи нысандарымен таласуға болмас. Еліміздің көрікті жерлерінің әрқайсысының өзіндік орны мен салмағы бар», – деп атап көрсетті.
Сондай-ақ бүгінгі таңда Ақмола облысының емдеу-сауықтыру, рекреациялық, экологиялық және аграрлық туризм деп аталатын бағыттарды белсенді дамытып отырғаны белгілі болды. жиын барысында бірқатар сандық көрсеткіштер жұрт назарына ұсынылды. Оған қарағанда, 2023 жылы және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы туристік ағын 6 пайызға артып, келушілер саны 1,3 миллионнан асқан, соның ішінде 18,2 мың шетелдік турист бар. Көрсетілген туристік қызмет көлемі 23%-ға артып, ал салаға құйылған инвестиция соңғы үш жылда екі есе артып, 27,8 млрд теңгеге жеткен.
Жиында туризм саласын дамыту аталған үш өңірдің де басымдыққа ие бағыты екендігі атап көрсетілді. Атап айтқанда, Алматы облысы экотуризмді, таң шаңғысы спорты мен белсенді демалысты дамытуға қажетті орасан потенциалға ие.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Қазақстанның туристік картасына енгізілген 33 аумақтың 9-ның осы өңірге шоғырланғанына баса назар аударды. Әкім орынбасары: «Бізде «Көлсай көлдері», «Шарын» және «Іле Алатауы» сияқты мемлекеттік ұлттық табиғи парктер бар. Біз туристерге арналған инфрақұрылымды дамыту бағытында, жаңа нысандар құру жолында белсенді жұмыс істеудеміз. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысына келген шетелдік қонақтар саны 73 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп», – деп баян етті.
Басқосу аясында Алматы қаласының, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдіктері туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – Қазақстандағы туризмді дамыту. Алматы қаласы, Ақмола және Алматы облыстары туризмді дамыту үшін күш біріктіріп, Қазақстан туризмін жаңа деңгейге көтермек. Үш аймақ бір туристік маршрут қалыптастырмақ.
Келісімшарт аталған аймақтардың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бірнеше бірлескен іс-қимылды қамтиды. Атап айтқанда, осы келісімшартта жаһандық деңгейдегі Қазақстанның визит картасы болуға тиісті тартымды туристік өнімдерді құру, барлық үш өңірдің көрнекті жерлерін біріктіретін, бірлескен туристік бағыттарын жасау мен ілгерілету, сондай-ақ туристерге арналған туристік нысандар, қызметтер мен шаралар туралы ақпарат беретін бірыңғай ақпараттық қорды құру көзделген. Сонымен қатар тараптар әуе бағыттары мен халықаралық қонақүй желілеріндегі әріптестікті жүргізуге, туристік нарыққа қатысушыларды жеңілдікпен қаржыландыру саласындағы тәжірибе алмасуға, бірлескен семинарлар, конференциялар және нарықты зерттеуді өткізуге, аймақтардағы саланы дамытуға арналған халықаралық туристік көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуға келісті.
Алматы облысының әкімшілігі өз кезегінде бұл меморандумға қол қою – Қазақстанның туристік потенциалын дамыту жолындағы маңызды қадам екенін әрі үш аймақтың күшін біріктіру бүкіл әлемнен туристер тартуға ықпалын тигізетін ерекше туристік өнімдер құруға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Бейбіт Мекеев