Астанада үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда АЭС салудан үмітті төрт вендордың бірі «Росатомның» санкция құрсауында қалу ықтималдығы туралы пікір білдірді.
«АҚШ сенатында жатқан заң жобасы мақұлданып, «Росатоммен» әріптестік орнатқан тараптарға санкция салу туралы шешім қабылданса, бұл кәсіпорын Қазақстанда АЭС салудан үмітті вендорлардың қатарынан шығарыла ма?» – деп сұрады БАҚ өкілі.
«Біріншіден, әзірге нақты вендор туралы айту ерте. Ал санкция мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасы бүкіл халықаралық санкцияларды ұстанушы ел екенін үнемі айтып жүрміз. Яғни, біз бір де бір санкциялық режимнен ауытқымаймыз және оны орындаймыз. Ішкі саясатта да, халықаралық саясатта да халықаралық құқық нормаларын ұстанамыз. Қазіргі таңда «Росатом» корпорациясы санкциядағы кәсіпорын болып есептелмейді. Бұл жағдайды бақылап отырмыз», – деді Энергетика министрі.
Ведомство басшысы әуелі референдум өткізіп алу маңызды болып тұрғанын айтты.
«Қазақстан бүкіл халықаралық санкциялардың талабын орындайтыны сөзсіз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
ҚазАқпарат