Интернеттің қолжетімді болуы – елдің цифрлық дамуындағы стратегиялық маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ең алдымен цифрлық теңсіздікті жою, барлық азаматтардың сапалы интернет байланысымен қамтамасыз ету қажет екенін сан мәрте айтқан болатын. Бүгінде осы мәселе бойынша облыстық цифрлық технологиялар басқармасы ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.
Басқарманың мәліметіне сүйенер болсақ, аймақтағы 373 елдімекеннің 355-і, яғни 95,2 пайызы мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 348 елдімекенде мобильді интернет қолжетімді, сымды интернетті 275 елдімекен тұрғындары пайдалана алады. Сонымен қатар 67 мектеп «Starlink» спутниктік интернетімен жұмыс істейді, алдағы уақытта осындай байланысқа тағы 8 мектеп қосылмақ. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде де ауқымды істер атқарылып жатыр.
– «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2024-2027 жылдар аралығында облыстың 93 ауылдағы әлеуметтік нысандарға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары сымды интернетке қосылады. Республикалық автомобиль жолдарын ғаламтормен қамтамасыз ету мақсатында 17 базалық станса орнату жұмыстары қолға алынды. Бүгінде жаңа буынды 5G байланысын өрістету үшін «Ксеll» АҚ Қонаев қаласында 10 және облыстың Алматы қаласы маңындағы елдімекендерінде 9 базалық станcаны іске қосты. 2025 жылдың соңына дейін олардың санын 64-ке дейін арттыру жоспарланған, – дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Тұран Жанбота.
Қазір «Алматы облысының елді мекендерін сапалы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы» негізінде бірқатар ауылдарда базалық станса орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, облыс әкімдігі мен «Алатау жарық компаниясы» АҚ арасында жасалған меморандум шеңберінде 28 шағын байланыс операторлары 146 елдімекеннде талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясына негізделген жоғары жылдамдықты интернет байланысын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы