Қайталанбас ғажап дауысымен әлемге танылған әйгілі әнші, күллі қазақтың мақтанышы Димаш Құбайберген көркіне көз тоймайтын Алатау жауһарлары – Көлсай мен Шарын шатқалына арнайы барып, жаңа туындысына бейнебаян түсірді. Алдағы уақытта әншінің дүние жүзіндегі миллиондаған жанкүйері еліміздің әсем табиғатына тамсанып, оны бір көруге аңсары ауатыны анық.
Димаштың әні арқылы Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарын жаһанға паш етіп, отандық туризмнің дамуына серпін беретін айтулы жобаны ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы қолға алған. Бейнебаян түсірілімі еліміздегі танымал туристік орындарда өтті. Атап айтқанда, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, Бозжыра шатқалы, Бурабай, Қатонқарағай, Торыш алқабы және тағы басқа тарихы терең, қасиеті ерен, тұмса табиғатқа тұнып тұрған мекендер бар.
«Бұл жоба көрермендерге өнер туындысы арқылы елімізді жаңа қырынан көрсетуге жол ашады. Бейнебаянды тамашалағандар Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Жоба түсірілімі Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстары туризм басқармаларының, сондай-ақ «Visit Alatau» туристік ақпараттық орталығының, «Air Astana» және «FlyArystan» әуе компанияларының, «Karavansaray Turkistan» кешенінің, сондай-ақ «Integra Construction KZ» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
2021 жылы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резервтер желісіне енгізілсе, Қайыңды әлемдегі ғажайып 15 көлдің тізіміне кірген. 2023 жылы Саты ауылы Дүниежүзілік туристік ұйымының шешімімен «Үздік туристік ауыл» атанды.
Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы Алматы облысының тұрғындарына жақсы таныс. Мұнда тіпті жылына бір емес, бірнеше рет сапарлап, табиғат аясында тыныстап қайтатын ағайындар қаншама?! Соңғы жылдары бұл маңға еліміздің өзге аймағындағы ағайындар мен шетелдік туристер де көптеп тартыла бастады. «E-Qonaq» мәліметіне сүйенсек, биыл алты ай ішінде «Шарын» ұлттық паркіне – 54955, «Көлсай көлдеріне» – 161 746 адам келген екен.
Ал енді жоғарыда көрсетілген адамдар саны Димаштың туындысы жарық көргеннен кейін еселеп артуы әбден мүмкін. Сондықтан ортақ іске тек Димаш қана емес, бәріміз де атсалысайық.
Болат Мәжит