Райымбек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты фестиваль өтті. Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға кітапхана, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы тілдері күніне орай облыста және аудандарда шілденің 15 мен тамыздың 15-і аралығында «Тіл айлығы» жарияланып, маңызды мәселе аясында көптеген игі істер жүзеге асырылғаны анық. Мекемелер мен құзырлы орындарда, қоғамдық ұйымдарда тілге қатысты түрлі тақырыпта мәдени, әдеби, танымдық шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілдің іс қағаздарындағы қолдану аясы, ауызекі сөйлесу арқылы қарым-қатынас орнатудағы маңыздылығы, Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың мемлекеттік тілге деген құрметі дерек-дәйектер арқылы бағаланды. Жетістік-кемшіліктері сараланды. Міне, енді өткізілген айлықтың нәтижесі аталған фестивальде қорытындыланып отыр.
Шара барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Тұңғатарова мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығы туралы әңгіме өрбітті.
– Құрметті көпшілік, еліміздегі тіл мерекесінің Алаш арысы, ұлт ұстазы, ақын, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі – оның дара тұлғасына көрсетілген құрметтің ең биік үлгісі. Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты – толерантты тілдік орта қалыптастыруда аса маңызды қоғамдық-саяси әлеуметтік-мәдени құндылықтардың негізгі бөлігі болып саналады. Сондай-ақ түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешуіне тіл саясаты тікелей ықпал етеді. Халқымызда «Тіл – ұлттың тірегі» деген қанатты сөз бар. Сондықтан тілімізге тіреу, тәуелсіздігімізге сүйеу болайық. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін! – деп сөзін түйіндеген Ботагөз Мәуленбайқызы әр салада еңбек етіп жүрген бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, абыройын асыруға қосып жүрген үлестеріне үшін ризашылық білдірді.
Тіл фестивалі мерекесі аудан өнерпаздарының әуелете салған әсем әнімен ажарланды.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы