-13 °c
Qonaev
Thursday, June 5, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Әлем назарындағы аламан

    V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталады

    23.08.2024
    in Әлеумет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият, Спорт
    Әлем назарындағы аламан
    0
    SHARES
    28
    VIEWS

    Санаулы күндерден кейін Астанада күллі түркі жұртының басын қосқан спорт додасы өтеді. Еліміздің бас шаһарында жалауын желбірететін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 85-тен аса елден келген 2000-ға жуық спортшы қатысады. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас халықтар – Ұлы дала көшпелі өркениетінің мұрагерлері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды», – деп атап өтті. Демек, бұл жарыс еліміздегі ұлттық спорттың жаңа парағын ашатыны айдан анық.

    Дүниежүзілік көшпенділер ойыны адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуды мақсат етеді. Кіл мықтыларды анықтайтын бұл дода биыл бесінші мәрте Астана қаласында ұйымдастырылмақ. Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болды. Кейіннен Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен оған қатысатын елдердің тізімі де кеңейді.
    Осыдан тура он жыл бұрын Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өткен ойынға 19 мемлекеттен келген 583 спортшы бақ сынаған болатын. Ал 2016 жылы тағы осы қалаға 62 елден 1200 атлет келді. Спорттың 26 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Араға тағы екі жыл салып Шолпан-ата меймандарға үшінші мәрте құшағын жайды. Бұл жолы барлығы 82 мемлекеттен 2000 спортшы жиналған. Төрткүл дүниені жайлаған пандемия салдарынан біраз үзіліс алған көшпенділер жарысы 2022 жылы ­Түркияның Изник қаласында жалауын көтерді. Төртінші мәрте ұйымдастырылған додада спорттың 13 түрі бойынша дүниежүзінің 102 елінен келген 3 мың спортшы қатысты.
    Биылғы халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланып отыр. Мәселен, этноауылда көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ­ғылыми-­практикалық конференция ұйымдастырылады. Негізгі жарыстар «Астана арена» стадионы, ­«Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақүй-спорт кешені сияқты үлкен кешендерде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған. Аталған дүбірлі додаға Алматы облысынан 12 спортшы ҚР ұлттық құрама сапында бақ сынайды. Сонымен қоса қолөнер шеберлеріміз де төл мәдениетімізді жарты әлемнің жұртшылығына жария етпек.


    Алматы облысынан 3 көкпаршы мен 9 шабандоз ҚР ұлттық құрама сапында сынға түседі. Казіргі таңда көкпардан ҚР ұлттық құрама командасы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылында арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. «Оқу-жаттығу жігіттерге оңай болып жатқан жоқ. Себебі бұл жай ғана жаттығу емес, іріктеу болып есептеледі. Еліміздің әр аймағынан келген спортшылардың арасынан дүниежүзілік көшпенділер ойынына ел намысын сәтті қорғау үшін ең үздіктерін таңдауға бар күшімізді саламыз», – дейді көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев. Оның сөзінше, спортшылардың техникалық, психологиялық дайындықтары жоғары деңгейде. Қысқасы, олар Сарыарқаны дүбірге бөлейтін аламанға сақадай-сай.
    Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, ат бәйгесінің 2 іріктеу жарысынан оза шыққан 9 шабандозымыз үздіктер қатарынан көрініп, көшпенділер ойындарында ҚР ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Бүгінде Аңсар ­Арыстанбек, Абзал Тұрғанбек, Абзал Тұрмыс, Ділнұр Нұрмұқаш, Санжан Иринатұлы, Мәді Жолшыбек, Әлішер Тілек сынды шабандоздарымыз Жамбыл ауданындағы Көкбастау атшабарында дайындалып жатыр. Олар құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, аламан бәйге бойынша бәске таласады. Спортшыларға Алматы облысының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан көмек көрсетілуде.
    V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Алматы облысы қолөнер көрмесін өткізеді. Көрмеге Дәулет Шоқпаров бастаған зергерлер мен ұсталар қатысады. Шеберлеріміз ер шабу, ағаш өңдеу, металл өңдеу, ұлттық киім тігу, құрақ құрау өнерін паш етеді. Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері Елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
    Жақында Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының дайындық барысымен танысты. Президент алдымен «Астана арена» стадионын аралады. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу рәсімі өтеді. Отыз мың көрермен еркін отыратын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір онда абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылған. Одан кейін Президент Аккредиттеу орталығы орналасқан «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешеніне барды. Мұнда
    Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Жалпы халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылмақ.
    Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін ұлттық құрама спортшылары халықа­ралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Айтулы аламанда спорттың 21 түрі қамтылады. Оның ішінде, асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, ашыртмалы аба гүреши, кореш (белбеу татар күресі), көкборуу, алыш, мас-рестлинг, рowerful nomad (алыптар сайысы), тоғызқұмалақ, мангала, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, құраш (өзбек күресі) сынды спорт түрлері бар. Міне, солай Астана әлем асыға күткен тағы бір аламанға айқара құшақ ашпақ. Ат құлағында ойнаған қазақ баласы бар бәйгеде оза шауып, қатысушыларымыз көшпенділер ойынында төбемізді көкке жеткізеді деген үміттеміз.

    Ерзат Асыл

    Ұсынымдар

    Көкбастауда той-думан – Жамбыл ауданындағы Наурыз мерекесі

    Көкбастауда той-думан – Жамбыл ауданындағы Наурыз мерекесі

    2 years ago
    Алматы облысында «iAlmobl.kz» ақпараттық жүйесі іске қосылды

    Алматы облысында «iAlmobl.kz» ақпараттық жүйесі іске қосылды

    3 months ago
    Аудан орталығына автобуспен барады

    Аудан орталығына автобуспен барады

    1 year ago
    Су тарифі тұрақталады

    Су тарифі тұрақталады

    2 years ago
    Облыс әкімі ардагерлерді Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады

    Облыс әкімі ардагерлерді Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады

    4 weeks ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>