-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Азаттық  бастауы

    28.08.2024
    in Барлық жаңалықтар, Идеология, Қоғам, Қуғын-сүргін құрбандары, Саясат, Тарих
    Азаттық  бастауы
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

    Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Азат Қазақстанның бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел  өтті. Шара барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Зұлмат» кітабы таныстырылды.

    Алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысқан шара кезінде тарих ғылымдарының кандидаты, публицист-жазушы Бейбіт Қойшыбаев ҚазАКСР-ның құрылуы  жөнінде көлемді де тарихи тұрғыдан аса маңызды баяндама жасады. Ғалымның пайымдауынша, 26 тамыз – Қазақ мемлекетінің, бүгінгі Қазақстан Респбуликасы атты тәуелсіз мемлекетіміздің туған күні.

    – Бүкілресейлік  Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиялы Кеңес Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарды. Бұл – Ресей патшалығы жой­ған елдігімізді жаңа тұрпатта жаң­ғыртуға тырысқан Алаш-Орданы тұғырдан тайдырып, халқымызға мемлекеттілігін кеңестік негізде қалпына келтіруге мүмкіндік бер­ген большевиктік өкімет шешімі болатын.

    Кеңестік Қазақ Республика­сының шаңырағын көтерген осы тарихи құжаттың қабылданғанына биыл 100 жыл толып отыр. Анығын айтсақ, 26 тамыз – қазақ халқының мемлекеттілік мәрте­бесін қайтаруына  жоғарыдан жол ашқан тарихи күн. Өкініштісі, Кеңес өкіметінің аса мәртебелі басшылары қолымен маңызды биік пәрмен дүниеге келген осы­нау тарихи күн жетпіс жыл дәу­рендеген Кеңес дәуірі кезінің өзінде қазақстандық Қазан туын асқақтатушылар тарапынан аса еленбеді.  Шын­туайтында, бұл мерзімді мемлекеттілігімізді жаңғыртқан күн ре­тінде бірде-бір рет атаған да, тойлаған да емеспіз. Ал қазіргі тәуелсіздік кезеңінде оны мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз, –  деді ғалым.

    Жалпы, қазақтың империя аранына жұтылған мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген аса маңызды оқиғалардың бәрі ХХ ғасырдың алғашқы шире­гінде орын алғаны белгілі. Халқы­ның жер-суымен қоса рухани са­насы отарланып бара жатқанын өткір сезінген діни қызметшілердің ХХ ғасыр басындағы қарсылық әрекеттерінен қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозға­лысы ұшқын алып, артынша бі­рін­ші орыс төңкерісінің  дүм­пуімен кеңірек қанат жайып та­рағаны, мақсатты бағдарламасын қалыптастырғаны мәлім.

    Бүгінде «Алаш қозғалысы» деп аталатын бұл құбылыс жалпы­им­периялық қоз­ға­лыспен, империядағы жалпы­мұсылман қозғалысымен астаса өрістеді. Патшаны тақтан тай­дыр­ған екінші дүмпу – 1917 жылғы ақпаннан кейін қазақ азаттық қозғалысы еркін дамып, жер-жерде өткен жиналыстарында келешек мемлекеттілік тү­рін таң­­дай бастады. Қазақ қайрат­кер­лері құрылтайға  жиналысқа сенді.  Алайда бұрынғы импе­рия ау­мағында орнауға тиіс мемле­кеттік құрылым түрін анықтамақ құрылтайшы жиналыс идеясын 1917 жылғы Қазан жеңімпаздары жоққа шы­ғарған. Сонда да олар құрылтайшы жиналысты күтпей-ақ, ұлттың азаттық қозғалысын межелі шыңына шығаруды батыл қолға алды.

    Орынборда жиналған ІІ жал­пы­қазақ съезі делегаттары 1917 жылғы 12 желтоқсанда жа­ңа Ресей құрамында болатын мем­лекет шаңырағын кө­теріп, Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» халық кеңесін – Қазақ ав­тономиясының Үкіметін сай­лады.  Сөйтіп тарих сахнасына этностық өз атымен шығып, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен ке­йін алпауыт империя аранына жұтылған ұлттық мемлекеттілік әлденеше ондаған жылдан соң, заманауи тұрпатта жаңғыртылды.

    Бірақ ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1917 жылғы 25 қазан төңкерісін жасап, өмірге келуімен дүниені дүр сілкіндірген тапшыл большевиктік билікпен 1918 жылғы сәуірде Алаш-Орда делегациясы келіссөз жүргізген, сонда кеңестік басшылық ІІ жал­пы­қазақ съезінің шешімдерін мойындағандай болған. Алаштық делегация Кіші совнаркомда  авто­номияның басқару құрылымын кеңестік рельске жақындату жо­басын жасаған, делегацияға оны жүзеге асыруға қажет мол қаржы берілген. Алайда кері қайтқан де­легация қазақ шегіне жетер-жет­песте-ақ большевизм көсемдері «ұлтшыл буржуазиямен» ымыраға баруға болмайтынын мәлімдеп, жер-жердегі өкілдеріне тиісті нұс­қауларын жолдаған.

    Баяндамада айтылғандай, 1918 жылдың басында таға­йындалған Дала өлкесінің комис­сары, сол жылғы мамырда құ­рыл­ған Ұлт істері жөніндегі ха­лық комиссариатының қазақ бө­лімі ел ішінде совдептер (депу­таттар кеңесі) насихатын кү­шей­те түсті. Шығыс Алаш-Орда өкілдері Кеңес өкіметі жағына шыға бастады. 1919 жылғы 10 шіл­­­деде предсовнарком (Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы) Ленин өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асы­руға тиіс ең жоғарғы билік ме­ке­месі Қазақ революциялық ко­ми­тетін құру жайындағы дек­ретке қол қойды. Құрамына қа­зақ ұлт-азаттық қозғалысының бұ­рынғы қайраткерлері де кірген Қазревкомның қарамағына Астра­хан губерниясындағы қазақ аумақ­тары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді. Қазақтың өзге террриториялары 1918 жыл­ғы 1 мамырда жарияланған Түркіс­тан Республикасының құзы­рын­да болып, 1917 жылдан бастал­ған ал­ғашқы ашаршылық зардабын ше­гіп жатты.

    – Қазревком қилы келіссөздер­ден кейін Батыс Алаш-Орданы бар­ша құрылымымен кеңеске қа­ратты, содан соң, 1920 жылғы 9 нау­­рызда Алаш автономиясының, оның өкіметінің, бөлімшелерінің таратылғаны жөнінде шешім шы­­­­ғарды. Осылайша, Алаш өкі­ме­ті жеңілді, тарих сахнасынан кетті. Шүкір, бірақ Алаш идея­сы жеңілген жоқ. Ол кеңес платфор­ма­сына шыққан азаматтардың санасында лаулап, онымен рух­тан­ған күрескерлер әрдайым ел­дік мүддені нысана етті. Ұлт қай­раткерлерінің қатысуымен ке­ңестік қазақ автономиясын даяр­лау ісі даңғыл жолға түсті, бұл рет­те Қазревком қыруар жұмыс жүргізді. Қазревком белгілеген өкілдер болашақ автономия аума­ғын нақтылауға байланысты ор­та­лықта өткен мәжілістерге қа­тысты. 1920 жылғы 17 тамызда  сов­нарком Қазақ Республикасы ха­қындағы құжаттың жобасын қарап, мақұлдады.

    Осылардан кейін тарихи декрет дүниеге келді. Бүкілресейлік орта­лық атқару комитеті (ВЦИК) жә­не Халық комиссарлары ке­ңесі 1920 жылғы 26 тамызда совнаркомның 1919 жылдың 10 шілдесіндегі дек­ре­тін дамыта қарап, Қазақ Рес­пуб­ликасын құру жөнінде қаулы алды. Осылай  Қазақ Республикасына одақ құру­шы мемлекет тәжі кигізілді. 1924 жылы барлық талапқа сай бо­лып тұрғанына қарамастан бе­ріл­меген одақтық мәртебе он екі жылдан кейін берілді. Жасанды ашаршылық салдарынан қазағы азшылыққа, бірақ көшпенділіктен кетіп, отырықшыға айналған, биік өнерінің арқасында «қа­раң­­­ғы халық ішіндегі социа­лизм жетістіктерін» айдай әлем­ге әйгілеген салтанаттан соң ғана бе­рілді.  Бұл дәрежені аспаннан түс­кендей етіп, 1936 жылғы 5 жел­­­­тоқсанда қабылданған КСРО Кон­ституциясы сыйға тартты. 1920 жылғы 26 тамыз декретінен бас­талған кеңестік автономиялық қазақ мемлекеті осылай, 1936 жыл­ғы 5 желтоқсандағы сталиндік Конституция бойынша жаңа са­паға көтеріліп, «Республикалар одағын құрушы социалистік тәуелсіз мемлекеттердің біріне» айналды.

    Бұл – кеңестік қазақ мем­лекетінің тарихындағы орасан зор белес, ерекше мәнге ие тарихи оқиға еді. Бұл – мемлекеттік тә­уел­­сіздігіміздің 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда конституциялық заң­мен бекітілуіне жол ашып, сол кезде соғылған берік тұғыр болатын.

    Осы орайда 26 тамыз сырына терең бойлап, мем­ле­кеттілігімізді жаңғырту жо­лын­дағы күресімізді зерттей түс­кеніміз дұрыс болар еді. Жетпіс бір жыл өмір сүрген қазақтың кеңестік республикасының бас­тауына үңіліп, империя жойған ұлттық мемлекеттілігімізді қал­пына келтіру, жер-суын, халқын жиып, шек-шекарасын анықтап белгілеу жолында жанын берген азаматтарымыз бен олардың ең­бектерін саралау һәм әділ баға­лау әлі күнге дейін толық зерт­телген жоқ. Солардың жанқияр­лық қызметтері, мың сан саяси құрбан, миллиондаған ашар­шылық зардабын шеккен халық біздің тәуел­сіздігімізге жол салды, соны келешекте әділ де жан-жақты зерделеуді борышымыз деп ұғайық, – деді Бейбіт Қойшыбаев.

    ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев болған уақытта атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, осы мемлекет және қоғам қайраткерінің комиссия материалдарының негізінде жазған «Зұлмат» кітабы жөнінде әңгімеледі. Осылайша, шараға жиналған жұртқа қуғын-сүргін жылдары халқымыз бастан кешкен қасіретті оқиғалар жайлы жан-жақты баяндайтайтын тағылымды кітаптың мазмұны мен маңызы таныстырылды.

    Жиынға қатысушылар қазақ тарихынан мол мағлұмат алып, тың деректерге қанығып тарқасты.

    Құтмағамбет Қонысбай,

    Талғар ауданы

    Ұсынымдар

    Садақ атудан жасөспірімдер турнирі өтті

    Садақ атудан жасөспірімдер турнирі өтті

    4 months ago
    Ауыл шаруашылығы саласының 2024 жылғы көрсеткіштері қандай

    Ауыл шаруашылығы саласының 2024 жылғы көрсеткіштері қандай

    6 months ago
    Ұлағатты ана – ұрпаққа үлгі

    Ұлағатты ана – ұрпаққа үлгі

    1 year ago
    Өмір барда өнер бар

    Өмір барда өнер бар

    8 months ago
    Қонаевта митинг туралы заңды бұзған азамат жауапқа тартылды

    Қонаевта митинг туралы заңды бұзған азамат жауапқа тартылды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>