Мұғалімдік қызмет атқарып, талай шәкірт тәрбиелеп, көпке үлгі болған Айман ұстазды Нарынқол, Кеген өңірінде танымайтындар кемде-кем. Әкесі Мұқыраман Әшімұлы Нарынқол өңірі Мұқыры тауының етегінде, Талас деген жерде дүниеге келіпті. «Әкем өте момын, тау қозғалса қозғалмайтын сабырлы адам еді. Ат әбзелдерін жасайтын. Ер-тоқым, қамшы, ноқта, шылбыр тағы басқа жасаған заттары ауыл адамдарының сұранысына ие, қажеттеріне жарайтын. Қамшының сегіз өрім, он алты өрім, балаларға арналған еліктің сирағынан өрнектеліп жасалған түрі дейсің бе-ау, тіпті көп. Тері илеп, қайыс тілетін. Балаларға арнап жас малдың майда сүйектерінен дойбы тастарын жасап, оны бояп, тақтасын жұқа фанерден даярлап беретін. Анама жасап берген ұршығы менде әлі сақтаулы», – деп сыр шертеді кейіпкеріміз.
Айман ұстаз өз ата-анасы туралы айтқанда ақтарылып түседі. Оларға деген құрмет-сағынышы бет-жүзінен менмұндалап шығып тұрады. «Бірде өзім ұнатпайтын адамның хал-жағдайын сұрады әкем. «Ол адам туралы менен сұрамаңызшы, ұнатпаймын», – дедім. Сонда әкем: «Балам, өзіңді жақсымын десең, жаман деген адамның бойынан да жақсылық ізде», – дегені. Мен содан бастап адамдар туралы жаман пікір айтпайтын болдым. Әкем ешкімге дауыс көтерген емес. Бізді айғай-шусыз, ұрыс-керіссіз еңбекқорлыққа, татулыққа, қанағатшылдыққа тәрбиеледі. Әкемнің қолы ешқашан босамайтын. Сондайда Абайдың өлеңдерін, М. Әуезовтің әңгімелерін, басқа да қазақ әдебиеті жазушыларының шығармаларын маған немесе Бейсембек деген ініме оқытып, тыңдап отырып қолөнерімен айналыса беретін. Сөйтіп, уақыттың да қадірін бізге ұқтырғандай еді. Бес уақыт намазын да қаза етпейтін. Анам Айхан Теңілбайқызы әнді жақсы салатын. Даусы қазақтың шалқар даласындай кең әрі биік еді. Өлең де шығаратын. Жас кезінде қыз бен жігіт айтысына қатысыпты. Мақалдатып сөйлейтін. Бізге ұрыспайды. Артық қылығымыз болса, мақалмен-ақ жөнге салатын. Үйдің бар тіршілігі анамның мойнында болса да, ол ешқашан қабақ шытпайтын. Анам өте ісмер еді. Киім тігетін, ұршық иіріп, тоқыма тоқитын. Алаша да тоқитын. Үй шаруасын атқара жүріп, әндетіп жүретін. Анамның дауысы қызықтыратын», – дейді Айман келместің кемесіне мініп кеткен ата-анасын сағынышпен еске алып.
Әкесі отбасында жалғыз өскен. Төрт ұл, үш қыздың әкесі атанғанына қуанышын жасыра алмай, тәубасын аузынан тастамайтын. Ұлдары – Әлиакбар, Бейсенбек, Әлібек, Сәбитті, қыздары – Күмісхан, Панархан, Аймандарды жақсы көретін. Олардан әкелік махаббатын аяған емес. Айман үлкен әпкесі Күмісханның жанына жатады. Тамақты да әпкесімен бірге ішеді. Қайда барса қасынан қалмайды. Сол әпкесі он жеті жасында Жамбыл ауылына ұзатылып кете барады. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін әпкесін сағынған кішкентай Айман әпке-жездесінің қолына келіп алады. Жамбыл ауылындағы қазіргі Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультеті химия-биология бөліміне оқуға түседі. Оқуын бітіріп, Қуанышбек Жұмабекұлы есімді жігітпен көңіл қосып, Кегенге келін болып түседі. Айманмен сөйлесе қалсаң, оның жарқыраған ішкі жан әлемінің тазалығын, рухани байлығын сезінгендей боласың. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде өзіне сабақ берген жас мұғалім сияқты ұстаз болуды армандаған. Сол арманы оқуға бас қойғызды. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген қанатты сөзін мықтап ұстаным етті. Бірден институтқа түсіп кеткені де сол көп оқығаннан еді. Мұғалім болғаннан кейін де ізденуден жалықпады. К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» дегенін есінен шығарған емес. Сондай-ақ академик Е.Патонның «Басқаларды оқытып-үйретуі нәтижелі болсын десе, ең әуелі, педагогтың өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы керек» дегені де мұғалімге ой салғаны анық.
Айман өмірлік серігі Қуанышбекті қатты құрметтеді. Оның бойында қулық-сұмдық, арамдық сияқты жаман әдеттер жоқ еді. «Қуанышбек ақкөңіл, көпшілікпен жақсы араласатын, ортасына сыйлы болатын. Аңқаулығы да бар еді», – дейді Айман. Олар үйленгеннен кейін Қуанышбек Семейдегі қаржы-экономикалық колледжді бітіріп, аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесінде инспекторлық қызмет атқарды.
«Ата-енеммен бірге тұрдық. Қайын атамды «папа», енемді «мама» деп атадым. Қуанышбек солай айтады екен. Папамның адамгершілігі мол еді. Әркез өзгеге көмектесуге дайын тұратын. Тергеуші болғандықтан алдына адамдар көп келетін. Әртүрлі келеңсіз жағдайға тап болған адамдар әділдік іздеп, көмек сұрайтын. Келгендерді мұқият тыңдап: «Шағымдануыңа болады, ол мынандай сұрақ қойса, сен былай деп жауап бер. Тек айтқаның шын болсын», – деп кеңес беретін. Алдына келген адамдар: «Жүке, рақмет, дәл сіз айтқандай болды», – деп ризашылығын білдіріп жататын. Бірде қайын атамның алдына бір ер адам келді. Аман-саулықтан кейін шағымын айта бастап еді: «Бар, киіміңді ауыстырып, үсті-басыңды ретке келтіріп кел», – деп шығарып жіберді. Төрт-бес сағаттан соң әлгі кісі қайта келді. Әлгіндегідей емес, таза киініпті, жинақы. Папам әбден тыңдап болған соң кеңес берді. «Бұдан былай осылай таза жүр. Өзіңді-өзің қолға ал. Әйелі өлген сен ғана емессің. Өзіңді жоғалтпа», – деп көп ақыл айтты. Ана кісінің намысын жанып, қайраттандырып жіберді. Бұл нағыз жанашырлық еді. Әділдік, адалдық қайда десе, мен қайын атамды көрсетер едім. Ол кісі ауырмай-сырқамай, 56 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Енемнің мінезі – тұйықтау. Көп шешіліп сөйлей бермейтін. Көп ауырды. Сөйтіп жүріп алпыс жеті жасында дүниеден озды. Өмірге Рыскүл, Қуанышбек, Күләш, Ғалым, Клара, Ерлан, Еркін, Гүлсара деген төрт ұл, төрт қызды әкелген ата-енем жақындарына да сыйлы жандар болды», – деп сыр ақтарған Айман өзі сүйіп таңдаған ұстаздық мамандығын абыроймен атқарды. Шәкірттеріне терең білім беруді мақсат етті.
Айман Мұқыраманқызының жолын қуған, сынақта биологиядан жоғары көрсеткішке жеткен шәкірттері баршылық. Мәселен, Әйгерім Ибрагимова Кеңес Нұрпейісов орта мектебінде биологиядан сабақ береді. Айгүл Досымханова Есік қаласында бір мектепте биологиядан дәріс береді. Әсел Ғазизқызы – О.Жаңабаев орта мектебінде биология пәні мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі.
Өткен ғасырдың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында мектеп бірнеше жаңашыл жобамен жұмыс атқарды. Көпсалалы «Дәстүр» ұлттық лицей-мектебі танымал болып, онда сымбат, әдеп, шешендік өнері пәндері оқытылды. Айман биологиямен қатар әдеп пәнін жүргізді. Жаратылыстану пәндері тереңдетіп оқытылған жылдары Айман тынымсыз еңбектің нәтижесінде мақсатына жетті. Он екі жылдық білім жүйесіне көшу эксперименті кезінде жай сыныппен қатар эксперименттік сыныпқа да сабақ берді. Әріптестерімен өз тәжірибесін бөлісіп, тәлімгер атанды. Көпжылдық ұстаздық қызметінде аудандық, облыстық білім мекемелерінен және Оқу-ағарту министрлігінен мақтаулар алды. «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мектептің тәрбие ісін басқарған кезде де өз міндетін абыроймен орындады.
Тоқсаныншы жылдары Айманның аяғы сынып, балдақпен жүріп қалды. Қуанышбектің де жұмысы жабылып, Қазақстан халқының басындағы жоқшылық, жетіспеушілік бұларды да айналып өтпеді. Бауырлары мықты сынықшыларға қаратса да, ақыры болмады. Алматыдағы №12 аурухананың ортапедия бөлімінде күрделі ота жасатып, балдағын тастайды.
Қуанышбек пен Айман бес баланы дүниеге келтіріп, тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Айгүл медколледжді қызыл дипломмен бітіріп, Кеген аудандық ауруханасында медбике болып істейді. Айгүл Медет есімді жігітке тұрмысқа шықты. Медеттің ата-анасы Өтепберген мен Қуаныш – адамгершілігі мол жақсы жандар. Екеуі ата-анасымен бірге тұрады. Қара шаңырақтың иесі. Медет пен Айгүл – алты баланы өмірге әкелген ата-ана. Ұлдары Асқар кәсіптік-техникалық колледжінде оқыды. Қазір мал дәрілеумен айналысады. Асхат мектепте жақсы оқыса да, жоғары оқуға түспей, еңбекке араласты. Әскерлік міндетін өтеп келіп, Алматыда автобус жүргізді. Үйленіп ауылға келді. Жары Ұлдана – Жамбыл облысы Жуалы ауданының тумасы. Асхат пен Ұлданадан алтындай төрт немере көріп отыр. Қыздары Аяулы ҚазҰПУ-ды бітірді. Мамандығы – физик. Күйеуі Думан Күлетов ҚазМУ-дың физика-математика факультетінің бакалавриаты және магистратурасын бітірген. Қазір Алматы қаласында №107 физика-математика лицейінде физика пәнінің мұғалімі. Кәусар, Айкөркем есімді қыздары бар. Құдасы Батырбек – жеміс-жидек, көкөніс өсірудің шебері. Құдағиы Шолпан үй шаруасында. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі, тату-тәтті отбасы.
Дидар орта мектепті аяқтап, әскерлік міндетін өтеп келді. Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы колледжді құқықтану мамандығы бойынша бітірді. Мойнақ су электр стансасының күзет бөлімінде жұмыс істейді. Отбасын құрған. Келіні Айым Ермұратқызы ҚазМУ-ды аяқтаған. Дидар мен Айымның Нарбек атты ұлы бар. Айымның әкесі Ермұрат көп жыл ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Ауған соғысы ардагері. Өкінішке қарай, зейнеткерлікке шыққан соң жол апатынан қайтыс болады. Әріптестері мақтанышпен еске алатын абыройлы азамат. Анасы Клара Ілиясқызы – жеке кәсіпкер. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ана. Мінезі ашық, адамға жұғымды, ақкөңіл жан.
Бүгінде Айман ұстаздың өмірлік серігі, қосағы Қуанышбектің ана дүниелік болғанына да 15 жыл өтіпті. Айман немерелерін өзі қарап өсіріп жатыр. Балаларды тәрбиелеудегі ұстанымы – адал еңбекке баулу. Су әкелу, отын жару, бақшаға қарауға жастайынан үйренген. Жоғары сыныптарда айлық алатын жұмыстар да істеді. Қанмен келген қасиеті бар. Ата-анадан алған өсиеті бар. Балалары ешкімнің ала жібін аттамаған, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін адал болып өсті. Қазіргі таңда Айман ана – ұрпақ қызығына кенеліп, немерелер ортасында өзін бақытты сезініп отырған ұлағатты әже.
Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі