ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік секторға таланттарды іздеу және тарту міндеттемесіне сәйкес Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі құрылғаны белгілі. Талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тартуға, олардың біліктілік қабілеті мен кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған жаңа жоба Алматы облысында жүйелі іске асырылуда. Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – жастар мен мемлекеттік аппарат арасындағы алтын көпір.
Мемлекеттік қызмет мектебі – таланттар пулын қалыптастырудың әдіснамалық нұсқаулықтары негізінде жоғары оқу орындарының түлектерін даярлау және мемлекеттік қызметке тарту жобасы аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалынан оқыту курсы арқылы жүзеге асыратын жоба. Мұның мақсаты – мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді жоспарлап жүрген жоғары оқу орындарының, оқыту бағдарламасынан өткен студенттерін мемлекеттік қызмет жұмысымен таныстыру және даярлау. Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің түлектері 40 сағат даярлықтан өтеді. Даярлау бағдарламасын аяқтаған қатысушылар Алматы облысының таланттар пулына қабылданады. Аталған жоба Алматы және Алматы облысы, басқа да өңірлерде білім алушы студенттерді қамту арқылы мемлекеттік қызмет қағидаттарын түсіндіру, ары қарай өз ісін жетік меңгерген маман болу концепциясы ретінде ұсынылған.
Мемлекеттік қызметшілер мектебі оқыту және дамыту бағдарламасын негізге ала отырып, тыңдаушыларға оқыту аяқталғаннан кейін жұмысқа қабылдануға мол мүмкіндік туғызуды көздейді. Бұл курс әлеуметтік баспалдақ ретінде сипатталады. Болашақта осы бағытта жұмыс күшейтіледі. Яғни таланттар пулына кіруге мүмкіндік алған студенттер өзінің талғамы мен ұсынылған бағыттарға сай жұмысқа орналасуына, ел өңірлерінде орналасқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мекемелерінде, оның ішінде, Алматы облыстық департаментімен жүйелі жұмыс істеуге жол ашылады.
Осы бағытта атқарылып жатқан әртүрлі іс-шаралардың қатарында биылғы және алдағы уақыттарда SDU-мен бірлесіп «Job Fair» атты бос жұмыс жәрмеңкесін өткізу де бар. Қонаев қаласының, Алматыда орналасқан «Мансап» орталықтарымен, жоғары оқу орындарымен тиісті жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар бітіруші студенттерге өздері қызығушылық танытқан мемлекеттік органдардың негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырылып, әрі қарай жұмысқа орналасу үшін оларға тиісті түрде кеңес беріледі. Осылайша, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде түрлі бағыттар бойынша оқыту Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалында өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – тарихы терең оқу орындарының бірі. Академиялық ұтқырлық және бостандық негіздерінде құрылған оқыту бағдарламасы жас түлектер үшін кәсіби маман болуға, орта қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Түйіндей келе, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі әлеуеті жоғары, нақты айтқанда, болашаққа бағдар бере алатын оқыту курстарының жиынтығы және бітіруші түлектерге арналған жоба ретінде жұмыс істеп келеді.
Абай Әкімбай,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет
басқармасының бас маманы