Алматы облысында білім беруді жақсартуға бағытталған кең ауқымды жоба аясында бүгін 3200 оқушыға арналған 3 жаңа мектеп пен бір қосымша ғимарат салтанатты түрде ашылды.
Осы оқу жылының басталуымен облыстың 468 мектебінде 365 404 оқушы білім алуға кірісті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 173 оқушыға көп. Сонымен қатар, бірінші сыныпқа 35 631 бала барады.
Мектептердің ашылуына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біз жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін заманауи, жайлы мектептер салуды жалғастырамыз. Бүгін ашылған төрт жаңа мектеп – осы мақсатқа жетуге бағытталған кең ауқымды жоспарымыздың бір бөлігі ғана», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
«Жайлы мектеп» жобасының нәтижесінде Қарасай ауданында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1200 оқушыға арналған Қошмамет мектебі ашылуы балалардың қуанышына бөленді. Сонымен қатар, Қонаев қаласының Арна ауылында 200 орындық қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді.
“Beeline Kazakhstan”, «Верный Капитал» және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Шелек пен Есікте әрқайсысы 900 орындық жаңа мектептер салынды. Бұл жобалар балаларымыздың болашағына инвестиция болады. Біз оларға жаңа, жарқын мүмкіндіктер бере отырып, олардың қызығушылықтарын дамытып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік жасаймыз. Бұл жобадағы барлық қатысушыларға рахмет айтқым келеді. Бірлескен күш-жігер арқылы біз Алматы облысының әр оқушысының болашағына сенімді қадам жасаймыз”, – деп атап өтті өңір басшысы.
Еске сала кетейік, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 54 600 орындық 53 мектеп салу жоспарланған. Бұл өңірде үш ауысымды оқуды толықтай жоюға және әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.