Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында кәсіптік білім беруді жетілдіру үшін барлық жағдай жасау керектігін атап көрсетті.
Білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, экономикалық инвестициялар ретінде түсіну қажет. Президент: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам», – деп кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа міндеттемелер жүктеді. Осыған дейін елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласында жаңа жүйе басталған еді. Енді соны тіптен жетілдіре түсу керек екендігін Мемлекет басшысы айқындап берді.
Әрине, мен болашақ жас маманның оқу орны мен өндірісте қатар оқуы – түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарылатады деп ойлаймын. Кәсіптік білім беруде теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлауға болады. Ел Президентінің бастамасы еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады деп сенемін.
Гүлнар ЖОШЫБАЕВА,
облыстық аналар кеңесінің төрағасы,
ҚР білім беру ісінің үздігі