Жылдағы игі дәстүр бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел экономикасының басым бағыттарын жікке бөліп, нақты тапсырмалармен болашағымызға жоспарымызды айқындап берген Мемлекет басшысы заң мен тәртіп саласын да ұмыт қалдырмады.
Әсіресе, бүгінгі қоғамда белең алған алаяқтық мәселесін тілге тиек еткен ел Президенті «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр», – дей келе осы өзекті проблеманың шешу жолдарын да ұсынды. «Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс», – деген Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасының әзірленіп жатқанын, ол заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы қажеттігін, сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызды айтып өтті.
Иә, елімізде алаяқтық мәселесі өте өзекті болып тұр. Қаржылық сауатының төмендігінен алаяқтардың құрығына ілінген тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, Ұйғыр ауданында алаяқтарға алданып, миллиондаған қаржысынан қағылғандар саны биылғы жылдың сегіз айында 56 адамға жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 39 болған еді. Оның ішінде интернет алаяқтық та артқан. Былтыр 25 тұрғын интернет арқылы алданса, биыл 34 азамат алаяқтардың құрбаны болды. Табан ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын қас-қағым сәтте біреудің алақанына салып бере салу оңай емес. Ең өкініштісі – алаяқтарды құрықтауға қазіргі таңда қауқардың жоқтығы. Азаматтар алданғанын түсініп, арыз жазғанға дейін-ақ олар ізін суытып үлгереді. Биыл ауданымыздың бір тұрғыны 8 миллион теңгеге несие рәсімдеп, алаяқтарға жем болды. Бұл кез келген азамат үшін аз қаражат емес. Бұдан да басқа талай жан жылдар бойы жанын жалдап еңбек етіп, тапқан қаражатынан айырылып, бармақ тістеді. Қоғамның дертін дөп басқан Мемлекет басшысы азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндеттердің қатарына жатқызды. Біз де құқық қорғау саласы қызметкерлері осы мақсатта еңбек етіп, Жолдауда айтылған әр тапсырманы бұлжытпай орындауға міндеттіміз.
Сырым Серікболұлы,
Ұйғыр АПБ бастығының бірінші орынбасары,
полиция майоры