Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, наразылық білдірді.
Олар жаңа оқу жылынан бастап қысқартуға ұшыраймыз ба деп үрейленіп отыр. Ал қарсылыққа мектептегі оқушы санының азаюы себеп болса керек. Өйткені іргелес маңнан жаңа оқу жылынана бері Әбдуәли Қайдар атындағы мектеп ашылғалы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп оқушылары сонда ағыла бастапты. Соның салдарынан сағат қысқарса, Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің бірқатар ұстаздары жұмыссыз қалуы мүмкін. «Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте 89 мұғалім бекітілді. Оның төртеуі бала күтімінде. Биылғы оқу жылында оқушылардың азаюына байланысты ұстаздардың 50%-ы жұмыссыз қалу қауіпінде тұр. Біздің талабымыз мұғалімдеріміздің сағат саны сақталсын. Оқушыларымызды қабылдауына белгілі бір шектеу қойылсын немесе Әбдуәли Қайдар атындағы орта мектепке ұжыммен толық бізді көшірсін»,– дейді Ә. Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдері.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдерінің өтінішімен Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы кездесу өткізіп, мәселе талқылынған. Бүгінге дейін Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептен 279 оқушы мен 12 мұғалімнің жаңа мектепке ауысқан. Алайда мұғалімдердің жұмыс уақыты қысқармаған. Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте 543 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта да, аталған мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысқан жағдайда, мұғалімдер жұмыспен қамтылады.
Өз тілшіміз