Ұйғыр ауданында шекарашылар арасында халықаралық «Қызметтік биатлон» турнирі өтті. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әскери қызметшілерімен қатар Ресей, Беларусь және Қырғызстаннан келген шекарашылар қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметінің өкілі, генерал-майор Владимир Моисеенко, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова сөз сөйлеп, сарбаздарға сәттілік тіледі.
Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған турнир екі күнге созылды. Командалар өзара шын мықтыны анықтауға бар күш-жігерін салды. «Сен тұр, мен атайын» деген мергендер Макаров пистолетінен және Калашников автоматынан нысанаға көздеуден бақ сынады. Әрине, жарыста сыннан сүрінгендер де, бірден дөп тигізіп, мергендігін дәлелдегендер де болды. Ер-азаматтармен қатар командалар арасында нәзік жандылар да шеберлік көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан командасы үшінді орынды місе тұтты. Ал Беларусь елінің шекарашылары екінші орынға табан тіреді. Ресейлік сарбаздар бірінші орынды иеленді.
Аудан орталығы Шонжы ауылындағы алаңда турнир жеңімпаздары марапатталды. Генерал-майор Владимир Моисеенко бұл жарыс тек шекарашылар үшін сынақ емес, олардың өзара достастығын арттыру, бірлігін нығайту екендігін айтты. Ал полковник Әлібек Каюпов болса, бұған дейін Ресей мемлекетінде, Беларусь елінде өткен дәл осындай жарыстарда біздің шекарашылар жоғары орындарға ие болғандығын сөз етті. Жиналғандар халықаралық турнирдің Конституция күніне тұспа-тұс келгендігін жақсы ырымға балады.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы