Гүлдала – Талғар ауданындағы халқы тығыз орналасқан ауылдық округ. Алып шаһар Алматыға тиіп тұр. Құлжа күре жолы ауылдың оңтүстік шетін бойлай өтеді. Аумағы жағынан да, тұрғындардың саны жағынан да аса үлкен болмағанымен, мұнда да түйткілдер аз емес. Ауыл әкімі Мақсат Махамбетқалимен сол жайында кеңінен әңгімелестік.
– Мақсат мырза, халқымыз «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ» дейді. Оның үстіне кез келген ұлт өзінің болашағын білімді ұрпақпен байланыстырады. Сұхбатымызды ауыл жайлы, оның бюджеті, мектеп мәселесінен бастасақ?
– Біздің округке үш елдімекен – Гүлдала, Кіші Байсерке және Жаңа Қуат ауылдары қарайды. Статистикалық мәлімет бойынша, округте 17 466 адам тіркелген. Ауылдың бюджеті 205 миллион 106 мың теңгені құрайды. Ауылдық округтің бас жоспары әзірленіп жатыр, соған сәйкес Жаңа Қуат ауылының шекарасы анағұрлым кеңейеді. Қазір оның аумағы 174 гектарды құраса, келешекте 400 гектарға жетпек. Жаңа Қуат саяжайлардың есебінен ұлғаятын болады. Сондықтан ауыл аумағының кенеюі, тұрғындардың көбеюі мектептің салынуын талап етеді. Қазір 3796 тұрғыны бар бұл ауыл жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, оқушы орнының жетіспеушілігі өткір сезіледі.
Әрине, әкімдік қол қусырып отырған жоқ, тұрғындардың өтінішіне орай, округті «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясына қосу жөнінде бірнеше рет облысқа өтінім бердік. Шүкір, аумағы 3,7 гектар, тіпті мақсатты белгіленген жер телімі де бар. Бұл өтінім екі рет бағдарламаға енді, бірақ неліктен екені белгісіз, тізімнен шығып қалды. Біз 2,5 гектарды 1200 орынды мектеп салуға, қалған 1,2 гектарды кірме жолдар үшін бөлуді сұрағанбыз.
– Жалпы ауылдық округте қанша мектеп, қанша балабақша бар? Оқушы орны жеткілікті ме?
– Бізде Кіші Байсерке ауылында 930 оқушыға арналған №40 орта мектеп пен Гүлдала ауылында 900 оқушыға арналған №21 жалпы орта мектеп және «Дана» жекеменшік мектебі бар. Оларда 3641 оқушы оқиды. Кіші Байсерке ауылындағы №40 орта мектепте 1006 оқушы білім алса, оның ішінде 189 оқушы Қайнар ауылынан тасымалданады. Ал Гүлдала ауылындағы 900 орынды №21 мектепте іс жүзінде 2 мыңдай бала оқиды. Бұл жерде де жаңа мектеп салу қажет.
Мектеп жасына дейінгі балаларға келсек, Кіші Байсерке ауылындағы бір жекеменшік балабақшада –150 бала, Гүлдала ауылында 7 жекеменшік балабақшада – 580 бала, Жаңа Қуат ауылында 3 жекеменшік балабақшада – 375 бала, барлығы 2-6 жас аралығындағы 1105 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
– Ауылдық округтің бюджеті, салықтық төлемдердің орындалуы қалай?
– Округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі – 255 млн 106 мың теңге. Содан 72 млн 843 мың теңге аппаратты ұстап тұруға, 33 млн 766 мың теңге елдімекендерді жарықтандыруға, 3 млн 989 мың теңге санитарлық қызметке, 12 млн 934 мың теңге абаттандыру мен көгалдандыруға, 19 млн 66 мың теңге жолдарды күтіп ұстауға және 1 млн теңге мемлекеттік мекеменің күрделі шығыстарына бөлінген. Сондай-ақ аудандық бюджетке аударылатын трансферттер 111 млн 508 мың теңгені құрайды.
2024 жылдың 8 айында 247 млн 032,6 мың теңге салық түсіп, жоспар 105 пайызға орындалды. Соның ішінде жеке тұлғалардың мүлік салығынан 2 млн 118, 9 мың, жер салығынан 1 млн 649,9 мың, жеке тұлғалардың көлік салығынан 91 млн 315,1 мың, заңды тұлғалардың көлік салығынан 5 млн 551,9 мың, жеке табыс салығынан 146 млн 147,9 мың, сыртқы жарнамадан 248,9 мың теңге салық түсті.
– Мемлекет басшысының атқарушы билікке жүктеген тапсырмаларының ішіндегі ең маңыздысы – халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру. Мұнда кәсіпкерлікті дамытудың рөлі үлкен. Ауылдағы шағын және орта бизнес туралы не айтар едіңіз?
– Жалпы ауылдық округ аумағында 347 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Соның ішінде 2 акционерлік қоғам, 2 өндірістік кооператив, 103 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 103 шаруа қожалығы, 103 жеке кәсіпкер тіркелген. Оларда барлығы 764 адам еңбек етеді.
Қазіргі уақытта жалпы инвестиция сомасы 600 млн теңгеден асатын мейрамхана құрылысы жүріп жатыр. Бұдан басқа, жеке тұлғаның қаражатына жалпы инвестиция сомасы 360 млн теңгеден астам уақытша сақтау қоймаларының құрылыс жұмыстары да аяқталып қалды. Сонымен қатар «ASBIS Enterprises Pic» ЖШС компаниясы 14 млрд теңге болатын Еуропадағы it-өнімдердің дистрибьютері – «Асбис Қазақстан» ЖШС-нің сауда-логистикалық орталығын салуды жоспарлап отыр, бұл жерде шамамен 120-150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауыл айналасында «Апорт», «Жетісу», «Сұлтан» сияқты ірі сауда орындары мен халықаралық әуежай орналасқандықтан және Алматы қаласы тиіп тұрғандықтан тұрғындар жұмыссыз емес, табыстары да жақсы.
– Алматы облысы – еліміздегі аграрлы аймақтардың бірі. Округтегі ауыл шаруашылығының жайы қалай?
– Дұрыс айтасыз, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де ауыл шаруашылығының алатын орны зор. Біздің округте 122 ауылшаруашылық құрылымдары бар. Олардың ең ірілері – «Зевенков», «Першанов» шаруа қожалықтары жүгері, күздік бидай, жем-шөпке арналған көпжылдық дәнді дақылдар егумен айналысады. Жалпы егіс көлемі 2355 гектарды құрайды.
Ауыл халқының табысын еселеуде мал мен құс санының артуы да маңызды. Қазір ауыл тұрғындарының меншігінде 320 бас ірі қара, 460 бас қой-ешкі, 46 бас жылқы, 6185 бас құс бар. Осы мал басын жайылыммен қамту үшін жер иелерімен 91,54 гектар жерге меморандумдар жасалды.
– Ауылдардың дамуын жұмыс орындарының көптігі, тұрғындардың табысы ғана емес, сонымен бірге көшелерге асфальт төсеу, жол белгілері, жарықтың болуы, бір сөзбен айтсақ абаттандыру, әсіресе, халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің деңгейі де айқындайтыны анық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біздің округте 28 көше бар. Оларға тас-құм қоспасын себу аумағы 147,99 мың шаршы метрді, қардан, мұздан, көктайғақтан тазарту 158,84 мың шаршы метрді құрайды. Барлық көшелер жөнделіп, жол белгілері, жарық орнатылып жатыр. Абаттандыру, апатты ағаштарды кесу жұмыстары дер кезінде жүргізіліп келеді. Округтегі елдімекендерде және «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» республикалық маңызы бар тас жолы бойында тұрмыстық күл-қоқыстан санитарлық тазалау және апатты күл-қоқыс үйінділерін жою, арық жүйесін тазарту жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Ал тұрғындарға медициналық, әлеуметтік қызмет көрсетуге келсек, округте дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Кіші Байсерке ауылында фельдшерлік пункт орналасқан. Өкінішке қарай, Жаңа Қуат ауылында амбулатория жоқ, тек жасақталған штат алғашқы-санитарлық, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Күндізгі амбулаториялық стационар бар. УДЗ кабинеті ашылды. Бұл мекемелер 17500 адамға, соның ішінде 7200 бала, 10300 ересек адамға қызмет көрсетеді. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы үшін Гүлдала ауылдық дәрігерлік амбулаториясында вакциналау кабинеті жұмыс істейді.
– Округтегі ауылдардың ауызсу, кәріз су, табиғи газбен қамтылу жағдайы қалай?
– Ауызсу – біздегі ең түйткілді мәселе болып тұр. Кіші Байсерке ауылы орталықтандырылған сумен қамтылмаған. Сондықтан бұл ауылдың тұрғындары су құбырын тартуды талап етуде. Осыған байланысты ауылды сумен қамту желісін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалды, жер телімі, мемлекеттік сараптаудың қорытындысы да бар. Өкінішке қарай, қаржы тым аз бөлінді, 1 млрд 300 млн теңгеден берілгені 132 935 теңге ғана. Сол себептен қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтап тұр.
Соңғы уақытта Кіші Байсерке ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу жобасы дайындалды, бұл – екінші кезең. Тапсырыс беруші – Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Қазіргі уақытта құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме – «АГС пласт» ЖШС, жоба құны – 1млрд 300 млн теңге. Сондай-ақ Гүлдала және Кіші Байсерке ауылдарының тұрғындары биыл жарық жиі өшіп қалатынына шағым білдірді, себебі бағаналар мен желілер тозған. Осыған орай Кіші Байсерке ауылында ӘЖ-10кВ және ӘЖ-0,4 кВ электр жеткізу желілерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. 553,5 млн теңгеге 9 трансформатор орнатылады. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме – «Бауыр» құрылыс компаниясы атқарып жатыр. Гүлдала ауылында да дәл осындай жоба басталды. Оның жалпы сомасы – 422,9 млн теңге. Бұл жерде 7 трансформатор орнатылады, оны да «Бауыр» компаниясы жүргізуде.
Ал кәріз желісі округтің орталығы саналатын Гүлдала ауылының өзінде жоқ. Әкімдік тарапынан жобалау-іздестіру жұмыстары үшін 53 млн теңгеге өтінім берілді, қазірше қаржыландыру болмай тұр. Бірақ бұл мәселені шешудің балама жолы бар, Алматы қаласының көршілес жатқан көлемі мың текше метрлік кәріз құбырына қосуға болады. Ол үшін тиісті мекемелер мен органдардың келісімі керек.
Газ мәселесіне келсек, Кіші Байсерке ауылына газ тарту желілері салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 млрд 360 млн теңге, содан 1 млрд 144 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс «JANA KZ QURYLYS» мекемесіне жүктелді. Бұйыртса, жыл соңына дейін ауылға толығымен газ беріледі.
– Жолдың жағдайы, көшелерді асфальттау жөнінде не айтасыз?
– Ауылдық округтегі жолдардың жалпы ұзындығы 73,3 шақырымды құрайды. Оның 35 шақырымына асфальт, 38,24 шақырым көшеге топырақ төселген. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 көшеге 575,5 млн теңгенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, демеушілердің көмегімен тағы 5 көше жөнделіп, топырақ, тас-құм төселді. Сонымен бірге Жайық және Қонаев көшелерінде екі көпір салынды. Төрт көшеде орташа жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленді, жол белгілері мен таңбалар қою бойынша 1 млн 725 мың теңгенің жұмысы атқарылды.
– Жоғарыда айтылғандардан басқа, ауылдық округ тұрғындары қандай мәселелердің шешілуін жиі көтереді?
– Әрине, тұрғындар тарапынан айтылып жатқан, шешілуі тиіс түйткілдер аз емес. Десек те, әуежай маңында орналасқан үйлерді заңдастыру, Жаңа Қуат ауылынан Алматы қаласы мен Гүлдала ауылына қатынайтын автобустың, Кіші Байсерке және Жаңа Қуат ауылдарында амбулаторияның, кабельді-желілік интернеттің, тұрғындарды хабарландыру жүйесінің жоқтығы, Гүлдалада Төле би көшесімен жүретін ауыр жүк көліктері балалар мен жасөспірімдердің өміріне қауіп төндіретіндігі, ауыл көшелерінде автобус аялдамаларының орны белгіленбеуі жиі көтеріледі. Бұлардың бәрі жергілікті атқарушы билік ретінде әкімдіктің жіті назарында.
Ең бастысы, бұл түйткілдерді шешуде біз жалғыз емеспіз. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде айтылып жатқан тілек-өтініштердің бәрін назарда ұстауға және тиісті мекемелерге сұрақ, өтінім беріп, оларды мүмкіндігінше рет-ретімен тұрғындармен бірге шешіп келеміз. Осылай әрқашан халықтың үніне құлақ асып, өзара түсіністікпен тізе қосып, бірге әрекет ететін болсақ, шешілмейтін мәселе жоқ деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы