Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен «Энергетика секторын дамытуда атом энергиясын қолданудың әлемдік тәжірибесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті , деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.
Аталған іс-шараға Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және «Қазақстандық атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекші мамандары, ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Қатысушылар әлемдік аренадағы атом энергетикасының өзекті мәселелері мен даму келешегін талқылады. Талқылаудың негізгі тақырыптары атом стансаларының қауіпсіздігі, ядролық қалдықтарды басқару, бейбіт атом энергиясын пайдаланудың экономикалық орындылығы, сондай-ақ еліміздегі болашақ АЭС үшін кадрлар даярлау мәселелері болды. АЭС-ті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне және оның еліміздің энергетикалық секторын дамыту үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Жиында сөз алған Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев электр қуатына сұраныстың жылдан-жылға артып отырғанын, күннен, желден, судан алынатын қуат көзі сұранысты тұрақты қамтамасыз ете алмауы мүмкін екенін айтты. «Энергетика министрлігінің соңғы деректері бойынша елімізде электр энергиясының ең жоғары деңгейдегі тапшылығы әзірден байқалып отыр және бұл тапшылық жыл сайын өсе береді. Өйткені елде жаңа өндірістерді пайдалануға беру электр энергиясының көп мөлшерін талап етеді. Бұл тұрғыда атом электр стансасы «жасыл» энергия көзі саналады. Мамандардың бағалауы бойынша жыл сайын қуаты 1 000 МВт АЭС жұмысы парниктік газдар шығарындыларын 3-7 млн тоннаға азайтады. Сонымен қатар сарапшылардың бағалауынша, атом энергетикасы ғылымның, білімнің және технологияның дамуына ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Атом электр стансалары дәстүрлі жаңартылатын энергетикалық қондырғыларға (ең алдымен жел және күн) қарағанда физикалық кеңістікті едәуір аз алады. Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай шамамен 26 ГВт жаңа генерацияны енгізуді жоспарлап отыр. Елімізде салу ұсынылып отырған АЭС (1400 МВт-дан 2 блок) жаңа генерацияның жалпы көлемінің 9%-ын ғана құрайды. Сондықтан АЭС-тің 2 блогін салу болашақта электр энергиясының тапшылығын толығымен шешпейді. Демек еліміздің шеткі аймақтарында, мысалы, батыста және солтүстікте 2-3 атом электр стансасын салу қажет», деді спикер С.Сахиев.
Ал дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Астана IT университетінің Ғылым және инновация департаменті директоры, физикадан PhD Нұрхат Қуандықұлы Қазақстан электр энергиясының 76 пайызын көмір жағу арқылы қамтамасыз етіп отырғанын, бұл өткен ғасырдың амалы екенін жеткізді. Баяндамашылар түрлі деректер мен мысалдар арқылы АЭС-тің ауа райына қарамастан, үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін тұрақты энергия көзі екенін айтты. Сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларының төмендеуі, ұзақмерзімді экономикалық тиімділік сияқты бірқатар артықшылығы туралы сөз болды. Осыған қоса университеттегі талқылауда кадрларды даярлау және ядролық ғылымды дамыту мәселесінің де күн тәртібіне шыққаны, елімізде ядролық ғылым мен технологиялар саласындағы мамандарды даярлау орталығы құрылып жатқаны, аталған орталық кәсіби мамандардың тапшылығы және зертханалық базаның тозуы мәселелерін шешуге, сондай-ақ сыни білімді сақтауға бағытталғаны баяндалды.
alatauaraiy.kz