Рахат ауылдық округіне Қайназар, Азат, Рахат және Өрікті ауылдары кіреді. Бұдан бөлек, 49 саяжайы тағы бар. Аудан орталығы Есік қаласымен іргелес жатқан округте бүгінде 40 мыңға жуық халық тұрады. Мұндағы негізгі мәселе білім ошақтарымен байланысты. Бұдан бөлек, тағы қандай түйткілдер бар? Мән-жайды Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Богусбаевтан сұрап білдік.
– Қайсар Нұрболатұлы, саяжайлардағы мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр? Балалардың алаңсыз өз ауылында білім алуына жағдай жасалды ма?
– Округтегі 7 мектепте 6932 бала оқиды. Азат ауылында екі мектеп бар. Оның бірі 2016 жылы қолданысқа берілсе, екіншісінің ғимараты 1923 жылы салынған. Қазіргі таңда аталған білім ошағына жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін 2 га жер бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Қайназар ауылында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Сондай-ақ осы ауылда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен білім ордасы салынады деп жоспарланып отыр. Ал саяжайларға келсек, биыл 1 қыркүйекте 900 орынды жаңа мектеп есігін ашты. Соның нәтижесінде тасымалмен оқитын бала саны 6 есе азайып, бүгінде Есіктегі В.Терешкова, Р.Тоқатаев мектептері мен Бөлек ауылына 339 бала тасымалмен оқиды. Ал былтырғы оқу жылында бұл сан 1800 болатын. Сондай-ақ Есік қаласының төңірегінде орналасқан саяжайлар аумағында тағы бір мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған білім ошағы қазан айында пайдалануға берілсе, саяжайдағы мектеп мәселесі шешімін табады.
– Әлеуметтік нысандардың бүгінгі жай-күйі қандай?
– Білім ошақтарынан бөлек, округте бір Мәдениет үйі бар. 1990 жылы ашылған, 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен. Денсаулық сақтау мекемесіне келсек, Өрікті және Рахат ауылындағы дәрігерлік амбулаториялар 1960 жылы тұрғын үй ретінде салынған ескі ғимаратта орналасқан. Сондықтан екі ауылға да жаңа амбулатория құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қаражат сұралып жатыр. Ал Азат ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2012 жылы пайдалануға берілген. Бұл ғимаратқа 2027 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
– Округ аумағынан өтетін республикалық, облыстық маңызы бар жолдар мен ішкі жолдардың сапасы туралы айта кетсеңіз?
– Округ аумағынан республикалық маңызы бар «Алматы – Талғар – Есік – Бәйдібек би» және «Алматы – Көкпек – Көктал» тас жолдары, сондай-ақ облыстық маңызы бар ҮАК (БАК) жолы өтеді. Ал Қайназар, Азат, Рахат және Өрікті ауылдарында барлығы 50 көше бар. Ішкі жолдар 66,4 шақырымды құрайды. Бұл көшелердің 70%-ы асфальтталған, 40%-ы жарықтандырылған. Қалған көшелерге асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстары алдымен ауызсу құбырларын тартып алғаннан кейін ретімен жалғасады.
Төрт ауылда да өткен ғасырдың ортасында салынған ауызсу құбырлары тозған. Рахат елдімекенінде су сапасын арттыру мақсатында құбырларды толық ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 70%-ға жуығы игерілді. Жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Өріктіде де дәл осындай жұмыстар қолға алынуда. Келешекте кезең-кезеңімен Қайназар және Азат ауылдарына да кезек жетеді. Рахаттағы ауызсу құбырлары толық тартылған 8 көшені асфальттау үшін 2025 жылға бюджеттік өтінім берілді. Өрікті ауылының орталық Жетісу көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Жаяу жүргіншілер жолы демекші, округ аумағындағы барлық елдімекендер республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Көлік нөпірі өте көп. Сондықтан мұнда да жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі тұр.
– Жергілікті атқарушы органдар саяжайлардың ішкі жұмыстарына араласпайтынынан хабардармыз. Десе де, сіз қозғаған су мәселесі саяжайларда да бар. Олар қалай шешімін тауып жатыр?
– Иә, саяжайдың ішкі жүйесінің барлығы толық саяжай кооперативінің меншігінде және төрағаның міндетінде. Ауызсуды «Есік су» мекемесі саяжайлардың шекарасына дейін алып келеді. Ары қарай су тарту, оны күтіп ұстау жұмысы – саяжайдың ішкі шаруасы. Ал суармалы суды саяжайларға «Гидросервис» ЖШС келісімшарт негізінде беріп отыр. Әр саяжайдың «Тұтыну кооперативі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әділет басқармасында тіркелген өз жарлықтары бар. Соған сүйеніп, саяжай төрағалары ондағы мүшелерімен бірлесіп, саяжайдың ішкі жұмыстарын толық қамтамасыз етеді. Аталған Заңның 8-бап 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұтыну кооперативінің қызметіне араласуға құқығы жоқ.
– Саяжай тұрғындары ауыл мәртебесін беруді сұрап, талай табалдырық тоздырып жүр. Бұл мәселе шешімін тауып жатыр ма?
– Округтегі 14 саяжайды Есік қаласының құрамына қосу үшін қаланың Бас жоспарына кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта облыс әкімдігінде аудандық жер қатынастары бөлімінің Есік қаласы мен Рахат ауылдық округінің шекарасын анықтау бойынша ұсынысы қаралуда.
– Округтегі және 49 саяжайдағы негізгі мәселелерді өзіңіз тізбелеп, оларды шешу жолдарын да атап өтсеңіз.
– Округ аумағында Есік қаласы маңында – 14, Талғар қаласы маңында орналасқан 17 және Қайназар ауылы маңында 18 саяжай бар. Онда 20 мыңға жуық халық тұрады. Барлық саяжай төрағаларымен тығыз байланыста жұмыс атқарамыз. Жиындар өткізіп, халық көтерген мәселелерді мүмкіндігінше заң аясында жедел шешуге күш саламыз. Талғар қаласы маңында Азат ауылымен шекаралас орналасқан саяжайлар қазіргі таңда электр жарығын, ауызсу, суармалы суды Талғар қаласынан алып отыр. Саяжай тұрғындарынан аталған саяжайларды Талғар қаласына қосу туралы ұсыныстар жиі түседі. Өз тарапымыздан заң аясында түскен өтініштерді жоғары тұрған органдарға жолдаймыз. Саяжайлардың мәселесін шешудің бірден-бір жолы – елдімекен статусын беру. Өйткені мұнда халық тек бау-бақша егу үшін жазғы маусымда емес, жыл он екі ай тұрады. Саяжайда елдімекен статусы болмағандықтан жолға, суға, жарықтандыруға, тағы басқа инфрақұрылымға қазынадан қаржы бөлінбейді.
Былтыр Талғар маңында орналасқан саяжайларда бірталай жұмыс атқарылды. 1200 метр жолға асфальт төселді, бағандар орнатылып, жарықтандыру шамдары қойылды. Сондай-ақ «ТұлпарЭкспрессА» ЖШС атсалысуымен №5 автобус жүріп, аялдама салынды. 2023 жылы 21 шілдеде Талғар өзенінің су деңгейі көтеріліп, Кеңдала ауылына өтетін қолдан жасалған көпірді су шайып кеткен. Осы орайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Талғар өзеніне темір конструкциядан көпір салу үшін облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді. Алайда өзен Талғар ауданы мен Еңбекшіқазақ ауданының шекарасында орналасқандықтан, ЖСҚ дайындау мәселесінде біраз қиындық туындап тұр.
– Халықтың наразылығын тудырған мұндағы мәселенің бірі – кірпіш зауыттары. Бұл сұрақ шешімін тапты ма?
– Елді алаңдатқан кірпіш зауыттары сот шешіміне сәйкес жұмыстарын толық тоқтатты.
– Округті дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– 2024 жылы жеке тұрғын үй салуға 24 га жер бөлініп, жер теліміне кезекте тұрған 103 азаматқа берілді. Соның ішінде 3 га жер «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орынды білім ошағын салуға және 2 га жер мектеп ұстаздарына үй салуға жоспарланған. Рахат ауылының тау бөктерінде халықтың мал жаюына 241 га және Қайназар мен Азат ауылы арасындағы тау бөктерінде 133 га жер теліміне құжаттар рәсімделіп, Рахат ауылдық округі әкімі аппаратының теңгеріміне алынды. Алдағы уақытта аталған жұмыс жалғасын табады. Сондай-ақ халық арасында бұқаралық спортты дәріптеу мақсатында 2023 жылы Қайназар ауылында және 2024 жылы Өрікті ауылында шағын футбол алаңы ашылды. Есік – Талғар бағытындағы қоғамдық көлік іске қосылғаны да тұрғындар үшін игі істің бірі болды. Әр 20 минут сайын жүріп тұратын автобустың жолақысы – 80 теңге. Бұл оқушыларға, студенттер мен ауыл тұрғындарына өте қолайлы. Сонымен қатар биыл Азат ауылындағы ішкі көшелерге 500 метр асфальт төселді. Азат, Қайназар ауылдары газдандырылған. Ал Рахат пен Өріктіде 2024 жылдың төртінші тоқсанында «Спец Строй Бренд» ЖШС-мен ортақысымды монтаждау жұмыстары, шкафты газ реттегіш пунктін орнату, престеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда интернет жылдамдығы да маңызды мәселенің бірі. Осы орайда Рахат ауылдық округіне қарасты елдімекендерде «Қазақ үй желілері» ЖШС GPON технологиясымен 700 Мбит/с-қа дейінгі жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауылдарды көркейтудің бір жолы – инвестиция тарту. Бүгінде Азат ауылында «DEPO +» компаниясы көкөніс қоймасын ашуға 200 млн теңге инвестиция бөліп, құрылысты қолға алды. Бұл да өз кезегінде округтегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге көмек болмақ. Жалпы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, ауылдың гүлденуі үшін жергілікті қауымдастық мүшелерімен тығыз байланыстамыз. Тұрғындар өте белсенді, қоғам өмірінен шет қалмай, қай істе де азаматтық танытып, ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салып отырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы