Штаб мүшелері заманауи атом энергетикасы саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сай технологиялар туралы түсініктеме беріп, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
“AMANAT” партиясының атсалысуымен құрылған Халықтық штабтың аймақтағы өкілдері өңірде халықпен кездесуді жалғастырып жатыр. Міне, сондай кездесудің бірі бүгін Қонаев қаласында өтті. Кездесуде атом электр станциясының жобасы, оның техникалық сипаттамалары және қауіпсіздік шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Штаб мүшелері заманауи атом энергетикасы саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сай технологиялар туралы түсініктеме беріп, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
«Біз атом электр стансасының заманауи технологиялары мен қауіпсіздік шараларын түсіндіру үшін осындай кездесулерді ұйымдастырамыз. Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және халықтың пікірі өте маңызды. Сондықтан барлықтарыңызды 6 қазанда өтетін республикалық референдумға қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамыз»,-деді Халықтық штаб мүшесі Ерлан Жакупов.
Кездесу барысында атом электр стансасының жобалау, салу және пайдалану кезеңдерінде сақталатын қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі баяндалды. Штаб өкілдері қазіргі заманғы реакторлардың пассивті қауіпсіздік жүйелері мен радиациялық бақылау әдістері туралы мәліметтерді ұсынып, қызметкерлердің қызығушылықтарын қанағаттандырды. Референдумға қатысудың ел болашағы үшін маңыздылығы да ерекше атап өтілді.