Әлемдік тәжірибеде қолдан ақша жасауға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығып тұрады. Бұл үрдіс біздің елде де өз жалғасын тауып келеді. Жаңа банкноталардың ақша айналымына шығуы ұлттық валютаны жоғары деңгейде қорғауға және қолдан жасауға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Ең алдымен, Ұлттық банк теңге банкноталары мен монеталарын шығаруға өкілетті екенін бірден ескерте кету керек. Ұлттық банкке жүктелген міндеттің бірі – айналымдағы қолма-қол ақша санын реттеу. Биыл 28 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі жаңа дизайнмен номиналы 10 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды. Қыркүйек айынан бастап жаппай қолданысқа берілді. Шынымен де банкноталарды жаңалаудың, ескісін айналымнан шығарудың өзіндік себебі бар. Банкнота дегеніміз – қағаз ақша. Олар да уақыт өте тозады. Заманауи технологиялар дәуірінде банкноталардың қорғаныш қабілетін жетілдіріп, әлемдік стандарттарға сай ету – маңызды іс. Ұлттық банк сол себепті оларды жаңартып отырады.
Қолданысқа енген номиналы
10 000 теңгелік банкноталар өзіндік дизайнмен жасалған. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайтында: «Банкнота дизайнын өзгерту – жалған ақша жасаудың алдын алу үшін қажет табиғи процесс. Себебі қорғаудың жаңа әдіс-тәсілдері пайда болып, банкнота жасауда жаңа технологиялар қолданысқа еніп жатыр», – деп көрсетілген.
Ақша дизайнының өзгеруінде түрлі себеп болуы мүмкін. Мұндай қадам жасауға мәдени, саяси және технологиялық факторлар әсер етеді. 2023 жылдың қараша айынан бастап Ұлттық банк «Сақ стилі» жаңа банкноталар сериясын айналымға біртіндеп шығара бастады. «Сақ стилі» сериясын шығарудағы негізгі мақсат – валютамыздың қорғалу дәрежесін көтеру ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени құндылығы мен тарихын дәріптеу.
Енді номиналы 10 000 теңгелік банкнотаның дизайны мен формасына тоқталсақ. Банкноталардың түсі – күлгін-көк. Бет жағында көкте қалықтап ұшқан құс пен «Өмір ағашының» бұтағы бейнеленген. Мұндай өрнек Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас киімінде бар. Табиғат пен көшпенділер нанымының ғажап байланысын көрсетеді. Сонымен қоса, адам рухының жаратылыс әлемімен шексіз тоғысатындығын білдіретін ою-өрнектер мен тау шыңындағы барыс әшекейленген. Банкнотаның екінші бетінде ою-өрнекпен безендірілген қалқан мен Қазақстанда мекен ететін барыс бейнеленген. Негізгі суреттің артында дөңгелек пішіндес қазақтың ою-өрнегі басылған. Бұл мына идеяларды білдіреді: «Қалқан» – құндылықтарды қорғау; ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы; ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірді суреттейді. Сондай-ақ банкнотаның сырт жағында артефакт, яғни аузында грифондары бар барыстың басы бейнеленген. Ортасында фон ретінде Іле Алатауы тауларының ландшафты көрініс тапқан.
Жаңа дизайндағы 10 000 теңгелік банкнота өзіндік қорғаныш элементтеріне ие. Онда рельефті қалыптастыратын арнайы алтын интаглио баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған. Банкнотаның беткі бетінің шетінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар. Олар – қолмен ұстағанда жақсы сезілетін, көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі. Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп бар. Оны жарыққа тосып қарағанда біртұтас болып анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде, көк және күлгін түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпілдеу әсері пайда болады. Сонымен қатар бет жағында «Барыс» артефактының көлемді бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан. Аударып қараған кезде тау шыңының және номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу және сәулелердің жан-жаққа шашырағаны байқалады. Банкнотаның екінші бетінде «Аузында грифондар бар барыстың басы» артефактінің көлемді бейнесі түрінде спарк қорғаныш элементі орналасқан. Көлбеу бұрышы өзгерген кезде спарк түсі алтыннан нефрит түсіне ауысады. Номиналы 10 000 теңгелік банкнотаның міне, осындай қорғаныш элементтері бар.
Ұлттық банк қызметкерлерінің айтуына қарағанда, 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 мың теңгелік ұлттық валюта банкноттары қазірге айналымда жүре береді. Ал екі жыл ішінде біртіндеп ауыстырылады. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2024 жылдың 28 маусымынан 2026 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықты қамтиды. Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 28 маусымнан бастап барлық банк пен «Қазпоштада» ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 28 маусымға дейін жаңа үлгіге айырбастауға мүмкіндік бар.
Ерзат АСЫЛ