Биыл 6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор екені анық. Осы орайда Алматы облысындағы партия өкілдіктері мен қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөнінде Халықтық штаб құрған болатын.
Бүгінде аталған штаб халықты атом электр стансасын салу жөніндегі прогрессивті идеяның айналасында топтастыру мақсатында өз жұмысын бастады. Алдымен облыстық Халықтық штаб өкілдері Қонаев қалалық аурухана ұжымымен кездесті. Кездесуде атом электр стансасының жобасы, оның техникалық сипаттамалары және қауіпсіздік шаралары талқыланды. Штаб мүшелері заманауи атом энергетикасы саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сай технологиялар туралы айтып, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде Халықтық штаб мүшелері Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанына тоқталып, жыл сайын күрделілене түсетін электр энергиясының тапшылығы бойынша дәйектер келтірді. Сондай-ақ көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі ресурстар таусылып жатқандықтан, тұрақты энергия көздеріне назар аударатын кез жеткендігін айтты. Кездесуде атом электр стансасының жобалау, салу және пайдалану кезеңдерінде сақталатын қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі баяндалды. Штаб өкілдері қазіргі заманғы реакторлардың пассивті қауіпсіздік жүйелері мен радиациялық бақылау әдістері туралы мәліметтер ұсынды. Референдумға қатысудың ел болашағы үшін маңыздылығы да ерекше атап өтілді.
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы