Сарапшылар мен ғалымдар атом энергетикасының тиімділігі туралы жиі айтып келеді. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Владимир Яшковтың айтуынша, атом энергетикасын дамыту – болашақта болатын энергия тапшылығын болдырмау үшін қажет.
– Алдымен Қазақстанның энергетика объектілеріне тоқталып өтелік. Бірінші көмір туралы айтар болсақ, Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға жетеді. Париждің шығарындылар жөніндегі келісіміне сәйкес, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алды. Сондықтан көмір энергетикасына инвесторлар болмайды. Дегенмен көмір өндірісі басым бағыттың бірі болып қала береді. Еліміздегі 24,5ГВт белгіленген қуаттылықтың 13,4ГВт көмір генерациясымен ұсынылған. Ол күкірт пен азот оксидтерінің, ауыр металдардың эмиссиясымен теріс фактор туғызады, сондай-ақ күлдің көп көлемде болу проблемасы, құрғақ климат және үнемі жел соғып тұруы аумақтың ластануына, экожүйе мен адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Екінші – газ. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде бірдебір газ кен орны толық игерілмеді. Қазақстанда газдың жеткілікті көлемі жоқ. Мысалы, Жамбыл МАЭС алты блокта екі-үш блокты режимде жұмыс істейді, себебі газ қымбат және жеткіліксіз. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігі төмен. Жел 30%-ға дейін, күн 15% ғана қуат көзі бола алады. Сондықтан ЖЭК негізгі генерация ретінде қарастырылмайды. Олар тек электр энергиясын сақтау құрылғыларымен қолданылады, – дейді ғалым Владимир Яшков. Ғалымның айтуынша, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті алғышарт бар. Еліміз қазірдің өзінде ядролық отынды дайындап жатыр. Ол – уран таблеткалары. Егер атом электр стансасын салу бойынша оң шешім қабылданса, Үлбі металлургия зауыты ядролық отынды әзірлеуге дайын.
alatauaraiy.kz