Қонаев қаласында «Кроссфит» алаңы ашылды. Спорт алаңының ашылу рәсіміне қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.
«Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шара ұйымдастырылады. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көп. Аталған нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз», – деді қала әкімі өз сөзінде.
Аталған нысанда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокспен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Алаңның құрылысы 10 айға созылды.
Кроссфит алаңының ашылғанына тұрғындар дән риза. Олар мұнда спортпен тегін айналысады.
«Кешке балаларымызды алып шығып, қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалар жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар», – дейді Мақпал есімді тұрғын.
Салтанатты шарада стритбол, соккербол, кросфиттен жарыс өтті. Оған 130-ға жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ақерке Жұмағазықызы
Қонаев қаласы