Мемлекеттік кірістер департаменті шетелден әкелінген автокөліктерді алғашқы тіркеу барысында мемлекеттік баж салығы төленбеген жайттарды анықтаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов пен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Олжас Отар мәлімдеді.
– Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша 2018-2021 жылдар аралығында 13,2 млрд теңге сомаға алым төлемей автокөлік құралдарын бастапқы тіркеудің 2 228 дерегі анықталды. Биылғы жылдың 5 қыркүйегіне дейін 505 салық төлеуші 700 млн-ға жуық қаржыны мемлекетке қайтарды. Оның ішінде 45 млн теңгесі мемлекеттік баж ретінде 228 салық төлеушіден, ал 653 млн теңге көлеміндегі төлемдер 277 салық төлеушіден өндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік баж төлемей VIP-нөмірлерді берудің 77 дерегі тіркеліп, оның көлемі 36,7 млн теңгені құрады, – деді Олжас Отар.
Келесі кезекте баяндама жасаған Еркебұлан Ахметов қазіргі уақытта әкімшілік полиция қызметтерді стандартты емес жолмен алған адамдардан алым мен баж сомаларын өндіріп алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп, бұл азаматтардың мәселелері бойынша сот процесі өтіп жатқанын айтты. «Осы уақытқа дейін полиция басқармасында төлемдерді тексеру мүмкіндігі болмады. Биыл Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік жарна түскен-түспегенін бақылайтын арнайы бағдарлама енгізілді. Баж төленбеген жағдайда автокөлік тіркеуге жіберілмейді», – деді спикер.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА