«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Білім сапасы және мәдениеттерді жақындастыру: білім қоғамдарын дамыту теориясы мен практикасы» атты ІІІ халықаралық жазғы мектеп қатысушыларына арналған семинар өтті. Оған қазақстандық мамандармен қатар Германия, Түркия елдерінен келген ғалымдар қатысты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы Еуразия елдерінің педагогтері үшін ұйымдастырған далалық семинарда музей-қорық директоры Гүлмира Мұхтарова сөз алып, «Алтын адам» табылған киелі жердің тарихына аз-кем тоқталып өтті.
Жаһандану жағдайында елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың бір кілті – мәдени байланыс. Сондықтан мемлекеттің білім беру жолында қоятын шарттарының бірі – мәдениетаралық диалог дағдыларын меңгерген тұлға қалыптастыру. Осы орайда педагог-мамандарға ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері В.Новоженов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары А.Қалижанова мен Т.Шелестова, Сарыарқа археологиялық институты құрылымындағы археология және этнография музейінің меңгерушісі М.Беделбаева сынды ғалымдар баяндама оқып, тарихи-археологиялық мұра ескерткіштері арқылы мәдени байланыс қалыптастыру мен мәдени білім берудегі цифрлық платформаларды тиімді пайдалану мәселелерін көтерді. Баяндамашылар тарапынан арнайы әдістемелік тренингтер жүргізілді. Сонымен қатар семинар барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экспозициялық залдары мен қазба нысандары таныстырылды. Іс-шара соңында III халықаралық жазғы мектеп нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, баяндамашылар мен қатысушыларға арнайы сертификат пен Алғыс хаттар табысталды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы